Саураннан келген, қиындықты жеңген…

76

0

Жақында жүрдек отарбаға мініп, мың шақырым жол өткеріп, Қызылорда қаласына бірер күн қонақ болып, Алматыға оралдым. Нақтырақ айтсам, байырғы дос Сауранбек Тұрғанбайұлымен жолықтым. Туған жеріңнің, оның ішінде жақын ағайын, таныстардың амандығын білу бір сүйінтсе, етене досыңның келесі бір құтты қадамына, игі табысына куә болу және бір марқайтты. Сауран-Марина жаңа төрт бөлмелі пәтер алыпты.

Достық – адам жанының бір қуаты, мөлдір суаты. Мен осы жағынан да бай адам екендігіме шүкіршілік етемін. «Қатарың болмаса, қуанышқа барма». Қазақтың осы бір мақалы – қатал өмір шындығы. Нақ сол сияқты «Досың болса, думаннан қалма». Сауран, Нұрлан, Бекахмет, Бақтияр секілді достар аман болса, ғұмыр кеше бергің келетіні кәміл ғой.

1967 жылы Қызылорданың Н.Го­голь атындағы педагогикалық инс­ти­ту­ты (бү­гінгі Қорқыт атын­дағы университет) фи­лология фа­ку­ль­те­тінің қазақ тілі мен әде­биеті бөлімінің 2-курсын бітіріп, жел­тоқ­санның бі­рінші күні 3-курсты бастап, көне кор­пустағы 16-аудитория та­бал­ды­рығын аттағанбыз. Бір топ соқ­талдай сақа жігіт сау ете қалды. Ірілі-кішілі, әр­түрлі өңді. Әс­керден келгені, өмірдің ыстық-суығын бі­раз татқан сақа жі­гіттер екені бірден бі­лінеді. Екі жыл оқып есейдік, топ­тың қо­жасы да, биі де өзіміз деп жүргенде, бұл тосын да қызық жаңалық еді. Бұлар да бәлкім, бізді мойындамай, өздерін ересек са­нап, іштей жоғарыдан қарайды. Әри­не, көп ұзамай жатырқау жойылды, тығыз ара­ласып кеттік.

Жаңылыспасам, он жігіт: Сәрсен­бек Жү­нісов, Әби Тұрғанбаев, Елтай Еле­месов, Ис­лам Дүйсебаев, Сауран­бек Тұр­ғанбаев, Ерболат Жүсіп­ов, Бесбай Қуан­таев, Да­уылпаз Тышқан­баев, Төлеу Тілеу­ов, Ты­нымбай Спан­ов – он түрлі бітім-болмыс, он түрлі мінез-құлық, ұстаным, ұлағат.

Мен осылардың ішінде Сауран­мен, Ерболатпен жақын дос бола бас­тадым. Тас­қарамен институт бі­тір­геннен тізе жаз­бай жүрдік те, ол «Қа­ра­кеткен» теміржол станциясына ұс­таз болып аттанды да, сонда мектеп директоры болып көп жыл қызмет істеді. Содан көп жыл көріспедік те, зейнетке шығып, Қызылорда қала­сына қоныс аударғанда бір-ақ рет жүз­дестік. Ол да мекенжайын іздеп тап­қан Сауранның арқасы.

Ерболат Жүсіпов бауырмал, өмір­ден де, сөзден де құралақан емес, жан-жақты жі­гіт болып шықты. Ал­матыға келген са­йын соғып, басы­мыз қосылып, көңіл көте­ре­тін­біз. Өкі­ніш­ке қарай, тағдыр оны орта­мыз­дан ертерек алып кетті.

Ал Сауранмен әлі жұбымыз жа­зыл­май келеміз. Не жасыратыны бар, бізді қосқан – алдымен жаңақор­ған­дық екеніміз. Екіншіден, бірге оқы­ған­дықтан ресми аға-інілі болып қа­рым-қатынас жасамасақ та, оның ағалық, үлкендік қамқорлығы. Осындай жүрек жы­лулығын сезінгеннен кейін сый­ластығымыз артып, достығымыз ны­ғая түскенін өзіміз де бай­қамай қал­ған тәріздіміз.

Ойымды осылай өрбіте отырып, Сау­ран досқа қатысты басты айтарым не? Ол менімен толық түсінісіп, бір-бірімізді та­нып, табысқаннан бері тәнті-разы етумен, таңдандырумен ке­леді. «Қап, әттеген-ай!» дегізген ке­зі жоқ, сәл де ренжіткен емес. Бұған бағып оны періште емес, ерлігі мен еркіндігі, ақылы мен амал-айласы жоқ адам екен деп қалмаңыз. Ол да ет пен сүйектен жаралған жан. Қажет кезінде күріш те, күнбағыстың майын да көтеріп алып сатты, алғыс-сауап алып қана қоймай, қателіктің де кермек дәмін татты. Бүгінгі күн тарихын оқып-үйреніп қана қоймай, таным-тағылымын бала кезінен өмірінде жіті пайдаланды. Менің мақаламның та­қы­­рыбының бір тармағын «Саураннан келген» деп қою себебім осыдан. Ол Ұлы Отан соғысы өршіп тұрған қиын-қыстау, 1944 жылдың 10 ақпанында «Ескі Сауран» ауы­лында өмірге ке­ліп, бір кездері атағы жер жарған Сау­ран қаласының демін-лебін се­зіп, түй­сініп өсті.

Керемет кент, Жібек жолының бо­йын­да орналасқан Қазақ хандығына орталық та болған Сауран іргедегі ұлы Сырдариядан аяқсу алумен бірге орналасқан жері ас­тын­дағы балдай, тұщы суды да ішкен дейді. Тіпті кә­різдер желісін тауып, бау-бақ­ша да баптаған деседі. Сауран осының сар­­қытындай алуан құдықтарға «құлап» түбінен шұңқыр қазып, ойнап же­тіледі. Қадым ғасырлар қойна­уынан қол үзбеген жігітті қазіргі күнде «Сау­раннан келген» жігіт десек жаңылыс­паспыз.

Енді мақалам тақырыбының екін­ші сы­ңарына көшейін. «Қиындықты жең­ген».

Сауран қиын да қатал балалық шақты бастан кешті. Асылы, бала­лық шақты, қай кезде, қай жерде өмір сүруді таңдап ала алмайсың. Алла­ның жаратуы, тағдырдың жазуы де­ген сол. Маңдайға екінші дүние­жү­зілік соғыс заманы тап келді. Бір әу­леттің бас көтерері, елдің есті де елеулі азаматы Тұрғанбек 1941 жы­лы майданға аттанды. Қанқұйлы жау­мен қайтпай шай­қасты. Соғыс қы­зып тұрған 1943 жыл. Оқ тиіп, қат­ты жараланды. Мүгедек болып елге орал­ды. Осындай ауыр жағдайда да Алла тағаланың шарапаты деуге болар, 1944 жылы жарық дүниеге ұл бала келіп, отбасындағы апалы-сіңлілі үш қыз соңынан әулет мұрагері ілесті. 1945 жылы соғыс зардабынан дерті асқы­нып, Тұрғанбек әке өмірден өтті.

Бір сүйінішті қуаныш, бір ауыр қай­ғы. Асыраушысынан, отағасынан айырылған ша­ңырақта атұстар перзенті тәй-тәй қа­дам басты. Үйелмелі-сү­йелмелі төрт бала­ны бағып-қағып жет­кізу жесір Қатша анаға қайдан оңай тисін. Колхозда күн-түн демей ең­бек етті. Одан үйге келе тұр­мысы түзулеу көршілерге қолғабыс жа­сады. Тапқан-таян­ғанын балаларының ау­­зына тосты. Алайда тойып тамақ ішу қайда? Жарым құрсақ ахуал – әке­лері орал­­маған, хабарсыз кет­кен көп үйлерге ортақ. Сау­раннан 3 жыл ке­йін 1947 жылы дү­ниеге келген біз де осы жоқшылық пен тап­шылықтың шет жағасын көрдік. Атала. Талқан. Жү­герінің наны. Бертін келе айран, сүт. Анда-санда күбіге пісірілетін ай­раннан алынған сары­майды тападан шыққан ыстық нанға жа­ғып немесе шылап жеу – мейрам.

Сол уақыттағы тапа нан қандай дәмді еді. Айран, сүт қандай тәтті еді?!

Шүберек сөмкеге тапқан қағаз-қала­мыңды салып, қыркүйекте көй­лек-дамбал­шаң, жалаңаяқ топырақ еден­ді, жұпыны мек­теп табалдырығын ат­та­ғанбыз.

Әкесі жарақат алып майданнан аман оралған, жұмыс істейтін біздің күйіміз осын­дай болғанда жалғыз анасы қолына қа­раған жас бала Сау­ранның жағдайы қан­дай болғанын тек елестетіп аңғара аларың анық.

Қоңыр күз ортасынан ауып, күн суыта бастаған.

Шүберек көйлек-дам­балмен жүр­ген бала тоңады. Неше түр­лі ермек, қа­тар балалармен ойнау да сал­қындық ыз­ғарын баса алмайды. Бір күні кешке үйге кіргендегі жағдай 6 жасар Сауранның мәңгі есінде қал­ды.

Бірден байқағаны – анасы оң жақтағы сандықтың жанында жабыр­қап, мұңға батып отыр екен. Көз ша­расы мөлтілдеп жасқа толып кетіпті. Мұны көрген баланың кеудесі өксікке толып тұншыға тұрып қалды. Арқа сүйер анасының мына халін көру бі­реу жүрек тұсынан ауыр соққы жа­сағандай болды.

– Жан балам-ай, жаурап қалдың ба?

– Жоқ, ана, тоңбадым, – деді бұл. Онсыз да қамкөңіл шешенің көңілін түсіре бермеуі керек қой.

– Жарайсың, ұлым! – деді анасы. – Кешір мені, аза­матым! Мен сенің алдыңда кінәлімін, бірақ сенің балаң үшін жасадым. Сөйтті де сандықты ашып жіберіп, ішінде жатқан әкенің әскери шинелін шығарды. Қайшымен оң қапталын ұзыннан қиып, шалбар піше бастады.

Қалың матадан тігілген шалбар екі са­нын қажап, қызартып жіберсе де рахат­та­нып кигені Сау­ранның әлі есінде.

Мұндай сәттер, жас бала, жеткіншек оқушы Сауран бас­тан өт­кер­ген оқиғалар жадынан шық­пайды. Ұмы­тылмайтын да шығар. Жалпы, жоқ-жұқа­на­лыққа толы ба­ла­лық шақ көбінесе адамды шың­дап, қайсарлық пен қажыр­лылыққа бау­луы – тіршілік заңдылығы.

Бала кездегі жоқшылық оны жа­сыт­паған, қиындық мойытпаған. Сон­дықтан да ол Құдай берген ақыл мен қайратты, ыс­тық жүрек жы­луын жете мол жұмсап, ере­сек өмір табал­дырығын аттай сала адал да нәтижелі еңбек етуге кірісті. Айт­пақшы, ол мұн­дай қайырлы, құтты қада­мын сту­денттік, әскери борышын өтеген жылдары-ақ бастап үлгерген. Бәлкім, мек­теп қабырғасында жүргенде-ақ, көзі­міз көрмегеннен кейін ештеңе айта ал­май­мыз. Ал институтта зер­де­лі білім жи­ғаны өз алдына, спорт са­ласында үлкен нәтижелерге жетті. Ірі, самдағай емес, ша­ғын денелі. Бі­рақ қаршығадай қуатты, шы­­мыр. Мен екі жыл бойы өз жеңіл сал­ма­­ғында күресіп, қарсы­ласының жауы­рынын жерге тигізіп жүр­ге­­ніне куәмін. Еркін, әдемі кү­рес­ті. Жағдайына қарай әдіс-тәсіл­дерді шебер қолданды. Тіпті жанта­ласып алысып жүрмегендей, ойнап, қаласа қарсыласын ша­лып құ­латады, астына түсіп қалады-ау деп қауіп­тенгеніңде бұлт етіп, ана­ны аударып тастағаны, олай-бұ­лай қақпақылдағанын байқайсың. Мен оның арпалысқанынан гөрі же­ңіл, ер­кін, сұлу күрескеніне разы бола­тын­мын. Спорт шебері атанды. Облыс жеңімпазы болғанын айтпағанда, рес­публикалық жарыстарда талай рет топ жарғанынан хабардармын. Сол 1962-1969 жылдары ірі, ересен күш­ті палуан­дардың айқасын көріп, олар­дың кейде қопал, оп-оңай қапы кететіндіктерін байқа­ған­дықтан, Сау­ранның кілең сұлу күресіп, қапы жі­бермей жеңетіндігіне таңданып, тәнті болғанымды айтқым келеді.

Біз оқу бітірген жылдар – елдің әлі де білікті спорт мамандарына зәру кезі. Мық­ты палуан Сауран Тұрғанбаев жұмысқа орналасуда кедергі көрген жоқ. Қызылорда қаласы іргесіндегі Сырдария ауданының орталығы Тас­бөгетке барды да, аудандық дене тәр­биесі және спорт комитетінің бас­тығы қызметіне жайғасты. Туабітті пы­сық, іскер жігіт бұл саланы жедел мең­геріп, дөңгелентіп әкетті. Табыстарға жетіп, көзге түсе бастаған жігітті аупарт­ком бас­шылығы танып, сыйлай бастады. Аудан­дық комсомол комитетінің ұйымдастыру бөлімі меңгерушілігіне бекітілді. Одан кейін аудандық тұр­мыс қажетін өтеу ком­бинатының бас­тығы. Өзін-өзі қамтамасыз ететін, Үкімет көмектеспейтін, бөлектеу са­ла екен. Талмай тер төгуге, ұйым­дас­ты­руға тура келді.

Халқымыз «Жас келсе – іске!» деп айт­қандай, Сауран қай жұмысты қолға ал­са да өрге бастырып, ұжы­мына аудан зия­лыларына, билікке та­нымал, сыйлы аза­маттар қатарына қо­сылды. Мұндай жігітке енді бойдақ жүру жараспайды. Соны сезген үл­кенді-кішілі замандастары, қатар-құр­дастары «Үйленуің керек» деп қолқа сала бастады. Бір күні пәтерде бірге тұратын Әмірхан Байжанов деген жолдас жігіт: «Сауран, аудандық оқу бөлімінде Марина деген бір қыз жұмыс істейді. Есепші. Барып кө­рейік» деді. «Мақұл». Содан екеуі ба­рып Маринаны көрді. Араға көп уақыт өтпей келіп, оны кино көруге ша­қырды. Марина құрбысын ертіп шығып, Әмірхан төртеуі жаңа фильмді көрді. Сауран танысқан ақ­құба қызының ажарлы ғана емес, ақылды екенін де байқады. Содан танысу білісуге, табысуға ұласты.

Танысқалы бері мен Маринаның са­бырлы, саспайтын-таспайтын бірқалыпты мінезіне тәнтімін. Бұлқан-талқан ашулан­бақ түгілі, дауыс көтеріп, қатты сөйлегенін көрмеппін.

Маринаға үйленген соң, Сауранның малы екеу болып, Жаңақорғаннан жайлы қоныс тапты. Осы аудандағы кәсіптік-тех­никалық училище директорының орын­ба­сары, Марина аудандық оқу бөлімінің бас есепшісі қызметіне кірісті. Жалғыз ұлының жас кезінде көп бейнет көріп, уайым шеккен Қатша ананың көңілі жайланды, қазаны майланды, төбелерінде бақыт құсы айналды. Алтын асықтай тұңғыш Сәуле қыз, шекесі торсықтай Бауыржан, Нұркен ұлдар өмірге келді.

Жаңа заман тумысынан шалымды, іскер, жаңашыл Сауранбектің көңіліне ой салды, келешек бетін ерте аңғаруға мүм­кіндік берді. Тауар тапшылығы белең алып, жұрт дағдара бастады. Түрлі техникасы жеткілікті училищеде орынбасар Сауран самосвал көлігін мініп, «Тәуекел!» деп Өзбекстанға тартып кетті. Жаңақорғанда қат төрт бөшке күнбағыс майын әкелді. Сатты. Жұрт жарты сағатта-ақ талап әкетті. Сауран бай атандырған жеке кәсіпкерлігі осылай басталып еді.

Екінші жолы 6 бөшке, әрі қарай 20 бөшке. Қазақстанды шарлап жалғасқан, қиындыққа толы, қызығы да жоқ емес, анасының талай рет ұйқысын да қашырған арман-үмітті де жүзеге асырған сапарлар.

Мәселе – істің көзін табуда. Қай жерге не керек, қайда нені апару керек. Бұған қоса шаршап-шалдықпай сата білу керек. Қысқасы, адал сауда жасау – өнер, қабілет. Теңге молайған соң облыс орталығы Қызылордаға көшті. Баспана сатып алды, Елеу Көшербаев көшесінен жер алып, екі қабатты, келісті үй салды. Жекеменшік азық-түлік дүкенінің басы – орталық алаң­мен іргелес көшедегі «Сәуле» дүкені. Оған екінші, үшінші дүкен ілесті. Еңселі алғашқы жер үй де жаңа үй, пәтерлермен толықты. Алғаш Марина екеуі бас болып тұтынушылармен тіл табысып, мәдениетті сауда жасаудың үлгісін өздері көрсетсе, кейін іздерін Бауыржан ұл мен сол ша­ңырақтағы Айнұр келін басты.

Бұлар бірді екі, мыңды миллион ете­міз деп жанталасып дүние қуған жоқ. Бей­неттің зейнетін де көрген дұрыс.

Досым Сауран Тұрғанбаев асыл арман мақсаты терең білім алып, өз қабілет-қарымын, кісілігін мойындатты. Жақсы жалақылы жұмысқа тұрып қана қоймай, өз отбасы мүшелерінен артылып, адамдарға жоғары жалақылы жұмыс берді.

Қатша анасының көңілін көншітіп, көп жұртты жарылқады. Маринадай жар сүйіп, Сәуле қызын, Бауыржан, Нұркен ұлдарды өмірге әкеліп, әзіз әке атанды. Енді он бір немере, екі шөберенің атасы.

Бұған қоса Сауран достың тағы бір таңданарлық қасиеті бар. Ол мақтағанға қарсы, Абай айтқан бес жаман іс: өтірік, өсекке мүлдем араз, бекер мал шашуды да қаламайды. Жұмсамаған ақыл, адал еңбекпен табылған ақшаны берекесіз шашу – обал. Мүшел жасты мойындағанымен, туған күнді тойлауды жөнсіз деп ұғады. «70 жасымды тойлап, туған-туысты айтпағанда алыс-жақындағы дос-жолдастарды әуреге салуым жөн бе» деп ғұмыр белесін атаудан бас тартқаны бар. Сөйтіп жүргенде сек­сені де өтіп кетіпті. Бұл да – оның қара­па­йымдылығы, сабырлығы ғана емес, аза­маттығы.

Байқайсыз ба, Сауран дос туралы жаза берсек, қаламым ақ қағаз бетінде жорғалай жөнеледі. Өйткені оның ашылмаған сыры, айтылмаған қыры әлі де көп. Оларды танып-білуді кейінге қалдырайық.

Бақыт САРБАЛАЕВ