Сегіз жыл сипатындағы серпін

3049

1

2013 жылдың қазан айында Қызылорда қаласының әкімі болып Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев тағайындалды. Бұған дейін қала әкімінің орынбасары, облыс әкімінің аппарат жетекшісі, Шиелі ауданының әкімі секілді лауазымды қызметтер атқарып, ел басқару ісінде белсенділігімен, іскерлігімен танылған үш мүшел жастағы жігерлі азаматтың қала басшылығына келуін халық жылы қабылдады, жақсы істердің ұйтқысы болатынына сенді. Қала басшысын алға жетелеп, асуы қиын қия белестерден жеңілдің үстінде, ауырдың астында жүргізіп өткізген де осы сенім еді.

«Арғымақтың құйрығы – әрі жі­бек, әрі қыл, азаматтың белгісі – әрі мырза, әрі құл» деген атам қазақ, жаңа басшы өзінің талапшылдығымен бірге талмай, тынымсыз жұмыс жасай алатын қарымын да таныта келді. Сөз­дің шыны, бүгінде облыс орта­лығын дәл сол кезеңмен са­лыс­тырып көрген кісі даладан қа­лаға кіргендей бір күйге енеді. Рас, заманның талабы да бар.  «Еліміздің тәуелсіздік жыл­дарындағы жетістігін бір ғана Қызылорда өңірінен көруге бо­лады» деген Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бедерлі сөзінен облысымызға жасалған республикалық деңгейдегі қам­қорлықтарды сезіне аламыз. Алай­да, барды ұқсатып, жоқты жасап, суықты жастанып, ыстық­ты жа­мылып жүріп еңбек ет­кен ер аза­маттың елге деген ықы­­ласы мен сүйіс­пеншілігі ар­қа­сында іске асып жатқан ірі мін­дет­терді көзі бардың көрмеуге хақы жоқ.

Қызылорда қаласының кел­беті күн санап ажарланып, алға озған ісімен күллі елге таны­лып отырған бүгінгі күні біз әуе­лі қарқынды жүріп жатқан құ­рылысты еске түсіреміз. Облыс­тағы құрылыстың 80 пайызы Қы­зылорда қаласына тиесілі. Кейінгі кезеңнің әр жылында Қызылордада 20-30 көпқа­батты тұрғын үй пайдалануға беріліп келеді. Мұндай көрсеткішті  бас­қа об­лыстан кездестіру қиын. Осын­ша жұ­мыс­тардағы орасан сал­мақтың бір бө­лігі қала бас­шы­сының иығына түсетіні бел­гілі.

Қала аумағында «Бәйтерек», «Ас­тана», «Арай-1», «Арай-2» «Арай-3», «Нұр Орда», сондай-ақ, Сырдарияның сол жағалауы секілді тұрғын ауданда­ры­ның атауы пайда болды. Қала тұр­­ғынының саны 300 мыңға жу­ық­тады. 2013-2020 жыл­дарда 676,6 мың шаршы метр­ді құрайтын 9164 пәтерлі 194 көпқабатты тұрғын үйдің пайда­лануға берілуі – осы қарқынды өсудің көрсеткіші. Ал, апатты жағдайдағы тұрғын үйлер мәсе­лесін шешу мақсатында осы жылдары 11 тұрғын үй қоныс­тандырылған. Жалпы, қызылор­далықтар әр мерекемен бірге қоныстой қуанышын тойлайды.

«Бітер істің басына – жақсы келер қасына» депті данышпан Абай. 2018 жылы Астана қала­сының елорда бо­луының 20 жылдығы мен Қызылорда қала­сының 200 жылдығы қатар келді. Осы мерейлі мезетте Нұрлыбек Нәлі­баевтың азаматтық тұлға­сы тағы бір танылды. Қала бас­шылығы елдің ме­рейін көте­ріп, жан дүниесімен бірге дүние мүлкін де жаңалайтын мерей­тойды жыл көлемінде атап өтуді жос­парлады.

Дәл осы тұста Сырдария өзе­нінің сол жағалауын игеру ар­қылы жаңа бой көтерген қа­ла­ның тұсауын кесу – туған қа­ла­мыздың мерейтойындағы ең негізгі шара және сүбелі сый болып саналды. Осы мерей­той­дың «Астана – биік төрім, Қы­зылорда – туған жерім» атты рес­публикалық ақындар айты­сымен басталуы көпшіліктің есін­де қалды. Қаламыздың 200 жыл­дығын мерекелеу жөніндегі іс-шаралар тіз­бесіне мәдени-танымдық тұрғыда өткі­зілетін шаралардың халықаралық, рес­­публикалық және облыстық дең­гейіне басымдық беріліп, ен­гізілді. Мерейтой құрметіне түркітілдес жас­тардың басын қосатын халықаралық жайдарман ойыны өтті. Жастардың ой тартысы ойы­нына – татар, ноғай, баш­құрт, шеркеш, қырғыз, өзбек, қытай, моңғол, әзербайжан, қарақалпақ елінің командалары қатысты.

Екі ғасыр куәсі болған сү­йікті қала­мыздың мәртебесін арт­тыру мақсатында түркітілдес ғалымдарының қатысуымен ха­лықаралық ғылыми-танымдық конфе­ренция ұйымдастырылды. Респуб­лика­лық деңгейдегі бір­неше шараның ішінде Батырхан Шөкенов атындағы «Отан ана» атты әншілер конкурсы, халық палуаны Қажымұқан Мұ­ңайт­пасұлын еске алуға ар­нал­ған қазақ күресінен өткен турнир және ат бәйгесі жұрт­шы­лық­тың рухын көтерді. «Ау­ылын кө­ріп, азаматын таны» деген, ме­рейтойға келген қонақтар Қы­­­зылорданың қонақжай­лы­лы­­ғына риза­шылық танытып, қала басшысының атына жылы ле­біздерін білдірді.

Айтса, айтқандай, осы мерейлі ме­зетте Нұрлыбек Нәлібаевтың азаматтық тұлғасы тағы бір та­нылды. Қала басшысы елдің жү­гін арқалап, мұңын жүрегінен өткізетін өз мамандығының май­­тал­ман­дарына «Қызылорда қаласының құр­метті азаматы» атағын берді. Нұрлыбек Машбек­ұлы адам еңбегін бағалап, оған құрметпен қарауды да үнемі жадына тұтып жүреді. Өзі қала басқарған осы кезге дейін ол осындай мәртебелі атақ­ты қа­ланың әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық да­муына ерекше атсалысқан 103 аза­матқа табыстапты.

Н.Нәлібаевтың өзі тікелей баста­ма­шы болған қолдаудың тағы бір игі шарасы – 2014 жыл­дан бастап дәс­түрлі түрде өт­кізіліп келе жатқан ака­демик Асқар Жұмаділдаев атындағы жас математиктер олимпиадасы. Әр жыл сайын ғылымға та­лапты 10 жас өрен 100 мың тең­ге кө­леміндегі сый­ақымен мара­пат­талып келсе, 2019 жылы жоба­ның қаржысы 1 млн 500 мыңнан 10 миллионға көбейді. Жүлде қоры 3 миллионға ұлғайып, бай­қау халықаралық деңгейге көте­рілді. 

«Өлі разы болмай, тірі ба­йымайды» дейді қазақ атамыз. Өмірден өткен тұлғаларды ұлық­тап, олардың еліне жасаған өне­гелі ісін ұрпақ жадында қал­­дыру да үлкен парыз болмақ. Осы тұрғыда 2013-2020 жылдар ара­лы­ғында 14 белгілі тұлғаның тұғырға қо­нып, ескерткіш-бюст мүсіндерінің ашыл­ға­нын да ай­тып өтейік. Олардың ішінде – Жанқожа батыр, Мұстафа Шоқай, Сүлеймен Есқараев, Әбділда Тәжібаев және облысымыздың дамуына еңбек сіңірген – Тәкей Есетов, Мұстахым Ықсанов, Нағи Ілиясов, Көмекбай Қаракөзов, Ыдырыс Қалиев секілді ел жақ­сылары бар. 

Біз айтып отырған жылдарда қала­мызда бірнеше мәдениет мекеме­ле­рімен бірге 11 спорт ор­талығы мен кешені бой кө­терген.

«Ипподром»,  «Бокс орталы­ғы», «Қайнар-бұлақ» спорт­тық-са­уықтыру орталығы, «Мерей аре­на» футбол ала­ңы, «Арай» футбол манежі, «Керемет», «Ер­сұлтан» сауықтыру кешендері, басқа да нысандар бүгінде қала халқының салауатты өмір салтын қалыптастыруға қызмет көрсетіп келеді. Сонымен бірге балаларға арналған бірнеше ойын алаңы мен қала көлеміндегі жалпы білім беру мекемелеріне 40 үс­тел теннисі орнатылған.

Қызылорда қаласына сырт­тан келушілердің ең бірінші көз тоқтатып байқайтыны келбет және тазалық екені даусыз. Сая­бақтар мен субұрқақтар сәнін ерекше кіші архитектуралық пі­шіндер онан сайын сұлулайды. Бұл экспозициялар қазақтың көш­пелі тұрмысын, қолөнерін жә­не дала падишасы тұлпарлар бейнесін сомдаған.

Қайта жаңғырған «Сыр-Ана» мону­менті, «Дәрігерлер» аллея­сы мен «Ден­саулық» саябағы, тағы да осындай кө­рікті орындар көңіл жайлап, көз қуан­тады. Жа­сыратыны жоқ, көп жыл құм суырып, күн жеп тұрған «Арай» мөлтек ауданындағы қуғын-сүр­гін құр­бандарына арналған ме­мориалды ескерткіш қала бас­шылығына Н.Нәлібаев келген жылдары қайта жаң­ғыртудан өтіп, адам танымастай өзгерді. Бо­йына рух құйылып, қасбеті айбаттанып еңселенді.

Жаңа басшы қала келбе­тін әрлен­діруді, тазалық табал­дырықтан деген­дей, кіреберіс жолдар арқылы айшық­тады. «Ши­елі – Қызылорда», «Тереңөзек – Қызылорда» және әуежай бағыт­тары­нан қала қақпаларын соқты. 

Бүгінде «Қызылорда – Шым­кент» автожолының қалаға кіру ба­ғытында және қала мен Қор­қыт ата әуежайына дейінгі жол бойында тамшылатып суару ар­қылы көктеп шыққан «Жасыл белдеу» жайқалып тұр. Қала кө­шелеріндегі, қоғамдық көлік аял­дамаларындағы белгілі тұл­ға­лардың портреттері мен ай­шықты сөздері, электронды жар­нама құрылғылары еріксіз назар аудартады.

2018 жылы қалалық жазғы парктен – ана мен бала бөлмесі, полиция бекеті, медтірек, анық­тама бюросы, басқа да көпшілікке қажетті орындар ашылды. Көп жылдан бері жұмыс жасамай қал­ған аттракциондар қайта іске қосылып, батуттар орнатылды. «Сыр батырлары» ескерткішінің жамылғысы жаңаланып, сахна жөнделді. Паркке келушілерге арналған автотұрақ салынды. 

Қызылорданы «қауіпсіз қа­ла­ға ай­налдыру» шаралары жү­зе­ге асы­рылды. Қала көшеле­рінің күре­тамыр­лары – Абай даңғылы бойынан, Қазыбек би көшесінен жаяу жүргін­шілерге арналған аспалы көпір құры­лысы салынды.

Қала әкімінің ерекше мән берген жұмыстарының бірі – ин­женерлік инфрақұрылым. 2013-2020 жылдарда жылу, ау­ыз­су, кәрізсу желілері жыл са­йын жаңаланып, көппәтерлі тұр­ғын үйлердің тұрқы түзелді. Бір ғана өткен жылдың өзінде 37 көпқабатты тұрғын үй жөн­деуден өткізілді. Кемиек кө­ше­лер келбеті келісті, 840 ша­­қы­­рымды құрайтын 1177 кө­­шеге жөндеу жүргізіліп, 181 ша­­қы­рымды құрайтын 105 көшеге жаяу жүргінші жол­да­ры төселді. Қаланың шеткі аймағы саналатын «Әл Фараби» аумағы қала орталығының дең­гейімен теңесті, батпақ бас­қан көшелері асфальтталып, са­ма­ладай жарқырады. Түнгі жа­рық­тандыру жұмыстары 159 ша­қырым құрайтын 145 көшеге жасалынды.

Сөз ішінде айтып өткені­міз­дей, осындай игіліктердің ха­лық қажетін өтеуі, ең ал­дымен, тазалыққа қатысты бол­мақ. Қала басшының ең үлкен жұ­мыстарының бірі – «Қы­зыл­орда тазалығы» мекемесінің құ­рылуы. Бұрын ізі болғанмен, ісі мардымсыз мекеме «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Пре­зиденті атындағы паркі» мен «Тұрғын үй Қызылорда» серік­тестігін қосу жолымен қайта ұй­ымдастырылды.

Әр күні дауыл мен жауынға қа­рамай, сарғыш күрте киген кісілердің көше тазалығы жұ­мысында жүргенін байқаймыз. Қазір «Қызылорда таза­лығында» штаттық кестемен осындай 628 адам, оған қоса қоғамдық жұ­мыспен қамту орталығынан кел­ген 242 қоғамдық жұмысшы бар екен. Сондай-ақ, қаладағы 240 көше мен 58 скверь-аллеяларды қоқыстардан тазартып, көгал­дандыру, абаттандыру және кө­шелерге су себу, қар күреу жұмыстарын атқаратын жүзден аса арнайы техника жұмыс істейді.

Жаңа үлгідегі «Автобус пар­кі­нің» ашылып, қала жолау­шылары тасы­ма­лының тың ты­­ныс алуы да қала бас­шы­лы­ғына Н.Нәлібаевтың келуі­мен бай­ланысты. Жаңа автобус паркінің жалпы аумағы 5 гек­тарды құрайды және 200 авто­бусқа шақталған. Авто­парктің ерек­­шелігі – қала көлемінде қыз­мет көр­­сететін үлкен сы­йым­дылықтағы ав­то­бустарға ар­налған тұрақтар, жанар­май бекеті, көлік жуу алаңы және авто­бустардың үздіксіз жұмыс іс­те­уі­не басқа да жағдайлар жасалған. Қо­ғамдық көліктердің техникалық және санитарлық жағдайы елдің сұранысына сай болу үшін облыстық бюджеттен 2 млрд теңгеден астам қаржы қарас­тырылған.

Қызылордада ел игілігі үшін жасалып жатқан жұмыстар мұ­нымен бітпейді.

Қала облыс экономикасының бар­лық саласындағы серпінді істердің ал­дыңғы шебінен көрі­ніп, өңірдің қалған аумақта­ры­ның дамуына жаңашыл бас­тамаларымен үлгі көрсетті.

Ел мүддесі үшін қызмет етіп отырған әрбір сала жұмы­сының ауызбіршілігін сақтап, оларға қолдау көрсете білген басшылықтың іскерлігіне орай қала қазынасы да молайып келеді.

2013-2020 жылы ауыл ша­руа­шылығы өнімінің жалпы кө­лемі 44 млрд 33 млн теңгені құраса, 2020 жылы ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 8,5 млрд теңгені құрады. 8722 гектар жерге ауылшаруашылық да­қыл­дары орналастырылды. Оның ішінде, «Сыр маржаны» дақылы 4050 гектарға егіліп, әр гек­тарынан 52,2 центнерден өнім алынды. Берекелі күзде ел қам­басына 21160 тонна «Сыр салысы» құйылды. Қалалық шаруа қожа­лықтары – Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Украина, Ауғанстан, Түркіменстан мемле­кет­те­ріне 31 мың тоннаға жуық күріш экс­порттады.

Сонымен бірге соңғы сегіз жылда зауыт, цех, фабрика, сау­да үйі, қонақ үй, клиника секілді кәсіпкерлік нысандар іске қо­сылып, мыңдаған адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Облыста нақты жұмыс істеп тұрған кәсіп­кер­лік субъек­тілерінің 48,8 про­центі Қызыл­орда қа­ласының үлесінде.

Осындай келелі істер бұқа­ралық ақпарат құралдарында кең қамтылып отырды. Олардың тікелей қаладағы қарбалас жұ­мысқа баға беріп, айшықты ша­раларды ашып көрсетуі ха­лық­тың бірлігін арттырып, еңбек ырғағына елеулі серпін бергені анық.

Мәселен, «Тoppress.kz» ақпа­рат пор­талы, «Saigez.kz» сайты секілді ақпа­рат көздері рес­пуб­ликамыздағы облыс­тардың орталық қалалары бойынша са­ралау жүргізіп, қала әкімдерінің рейтингін жасап келеді. Олар­дың есебі қала әкімдерінің жү­йелі жұмыстары, ақпараттық бел­сенділігі, перспективасы жә­не олардың жұмысы туралы не­гативтер мен оң бағыттағы мақалаларды бағалаудың негізгі критерийі ретінде қаралады. Осылайша «үздік бестік», «орта бестік» және «аутсайдер бестік» деген бағалаулар береді. Өзі басшылық жасаған сегіз жылда Қызылорда қа­ласының әкімі Н.Нәлібаев бірнеше рет үздік үштіктен көрінді.

Коронавирус дертінің тара­луы ха­лықтың әлеуметтік жағ­дайын ғана емес, денсаулығын да әлсіретті. Осы сын­дарлы сәт­те атқамінер азаматтар алғы шептен көрінді. Қала басшылығы жұмыс кестесін қайта жасап, күндіз-түні ел ішінде болды. Қала орталығындағы медициналық ұйымдарға жасанды ты­ныс алу аппараттары мен оттегі кон­цен­траторлары жетіспей жатты.  Дәл осы кезде қауқарлы құрылыс компа­нияларын біріктіруге қа­ла әкімінің өзі бас болды. Сол ауыз­бірліктің арқасында 40 млн теңге жиналып, халық ден­сау­­лығына қажетті медициналық құрыл­ғылар  алынды.

Сонымен бірге халық үніне құлақ асқан қала әкімі қоғамдық көліктегі жол жүру ақысын қым­баттатпай бұрынғы тарифті сақ­тау туралы шешім шығарды. Әлеуметтік желі арқылы тарал­ған осы хабарға ақжолтай алғыс білдірген адам саны өте көп болды.

Жігерлі басшының сегіз жыл ішіндегі қала өміріне бер­ген серпіні, әрине, аз сөзге сыя қой­майды. Ең бастысы, қы­зыл­ор­далықтар Нұрлыбек Машбек­ұлы­­ның туған қаламыздың кө­ріктене тү­суіне қосқан еңбегі мен бастамашыл болған игілікті істеріне риза.

Халық сенім артып, бас­шы­лық тіз­гінін ұстаған әрбір азамат өзінің туған жеріне Толағайдай тау көтеріп әкеліп, бақ-берекесін еселесем екен деп ар­мандайды. Нұрлыбек Машбекұлы осын­дай арман арқалаған перзент екенін әу бастан-ақ аңғартқан. Оны үнемі ат үстінен, іс басынан көр­геніміз де сон­дықтан болар.

Жалпы, қай кезде болсын, Нұрлыбек Машбекұлының аты­на жылы лебіз, жақсы сөз жол­данатынына куәміз.

Біз де туған қаламыздың жайнап-жасаруына күш-жігерін сарп етіп, қоғам мүддесі үшін қолынан келген істен аянба­ған атпал азаматқа алғыс білді­рушілер қатарындамыз.

Ендігі Қазақстан Республи­касы Пре­мьер-Министрі кеңсесі­нің өңірлік даму бөлімінің мең­герушісі қызметіне сәттілік ті­лейміз.

Дүйсенбек Аяшұлы,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<