Мемлекет басшысы кеше сондай-ақ, Халықаралық электр байланысы одағының бас хатшысы Дорин Богдан-Мартинді қабылдады.
Кездесуде Қазақстан мен Халықаралық электр байланысы одағы арасында цифрлық және телекоммуникациялық технологиялар бағытындағы ынтымақтастық перспективасы талқыланды. Президент бас хатшыны Халықаралық электр байланысы одағының 160 жылдығымен құттықтады. Сонымен қатар заманауи цифрлық экожүйе мен дамыған инфрақұрылым қалыптастыру мәселесіне айрықша мән беріліп, Қазақстанның OneWeb, Starlink, Amazon Kuiper және Shanghai Spacecom Satellite Technology сияқты төмен орбиталы жер серіктері жүйесі жобаларына белсенді түрде қатысатынын атап өтті.
Бас хатшы Дорин Богдан-Мартин еліміздің цифрлық индустрияны дамытуға және жасанды интеллект технологияларын енгізуге бағытталған күш-жігеріне жоғары баға бере отырып Халықаралық электр байланысы одағының Қазақстанмен серіктестікті одан әрі тереңдетуге және бірлескен бастамаларды кеңейтуге дайын екенін жеткізді.





