Шағын несие мен грант кәсіпкерлікке кең өріс ашты

400

0

Шағын несие мен грант кәсіпкерлікке кең өріс ашты Биыл кәсіпкерлік саласын қолдауға арнайы жол картасы әзірленіп, оған 34 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде 5 млрд теңге мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар шеңберінде шағын несие мен мемлекеттік гранттар беруге бағытталды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергенов хабарлады.

– Бөлінген қаражат есебінен «Нә­тижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағ­дар­ламасы аясында шағын не­сие­­лендіру үшін 3,5 млрд теңге, ал несиелерді кепілдендіру үшін 220,9 млн теңге бөлінді. Соны­мен қатар, “Микробизнес-Қызылорда” өңір­лік бағдарламасы шеңберінде об­лыс­тық бюджеттен 850 млн теңге бө­лі­ніп, нәтижесінде 182 кәсіп­кер­дің жобасы шағын несиелендіру үшін ма­құлданды. Бұдан бөлек, «Биз­нестің жол картасы – 2020» бағ­дарламасын іске асыру мақсатында 1 млрд 50 млн теңге бөлініп, шағын және ор­та бизнестің 216 субъектісіне қар­жылай қолдау көрсетілді, – деді ол.

Ал мемлекеттік гранттар конкур­сын өткізу үшін 31 млн теңге бөлініп, оның 21 млн теңгесі жас кәсіп­керлердің кәсібін жандан­дыру­ға бағытталған. Конкурсқа 473 шағын кәсіпкерлік субъектісінен өтінім түсіп, комиссия шешімімен 84 жоба қаржылай қолдауға ие болған. Соның 44-і жас кәсіпкерлердің үле­сінде. Жалпы жыл басынан бері өңірімізде тіркелген шағын және орта кәсіпкерліктің саны 1393-ке көбейді. Жұмыс істеп тұрған­дары­ның үлесі 86,2 процентті құрайды.

Аймақта туризм саласын да­мытуға да айрықша көңіл бөлінуде. Бұл ретте еліміздің туристік картасына облыстан “Қамыстыбас” демалыс аймағы, “Жаңақорған” шипажайы, “Байқоңыр” ойын-сауық туристік аймағы енгізілген.

– Осы үш туристік нысанды жандандырсақ, туризм саласын дамытуда ілгерілеушілік болатыны анық. Бүгінде “Байқоңыр” ойын-сауық туристік аймағын құру үшін Қармақшы ауданы аумағында “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” халықаралық автодәлізінің бойынан жер учаскесі анықталып, жобаның жер телімін рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде. Шілде айында облыс әкімдігі мен “К2АТ” корей компаниясы арасында меморандумға қол қойылған.  Соның негізінде инвес­тор бірінші кезеңде құрылыс нысанына 84 млн АҚШ доллары көлемінде инвес­тиция салуға ниетті. “Жаңақорған” шипажайының құрылысы жал­ғасуда. Жобаның құны 906,8 млн теңгені құрайды. Құрылыс-монтаж жұмыстарының 90 проценті аяқталды. Желтоқсан айында пайдалануға беріледі деген жоспар бар. Сонымен бірге “Қамыстыбас” демалыс аймағын дамытуды да қолға аламыз. Көл жағалауында 27 кәсіпкер қызмет жасайтын 104 демалыс үйі орналасқан. Өткен жылдың қорытындысы бойынша демалушылардың саны  89050-ге жетсе, биыл ол көрсеткіш 15 процентке артады деп күтілуде, – деді басқарма басшысы.        

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<