Шер толқытқан шындық

238

0

Қазақстанды мекендейтін барша ұлт пен ұлыс тәуелсіздік ұғымын соншалықты қастерлейді. Кеңес дәуірінен қалған «Тілі басқа, тілегі бір» дейтін интернационалистік ұранды «Жаны басқа, жүрегі бір» деп өзімсіне түрлендірсек те сөкет көрінбейтіндей. Бір халықтың мейірімі жүз халықты ұйыстырған Қазақ еліндегідей ынтымақ үлгісіне ешбір мемлекет таласа алмайды. «Қазақстан – халықтар достығының лабораториясы» дейтін саяси аксиома шын мәнінде бейбіт қатар өмір сүру өлшеміне айналды.

Данагөй тұлғалардың көреген ұстанымы атам заманнан тыныштықты ту еткен әзиз халқымыздың табиғи болмысын тірек тұтқаны жат атаулыны бас шұлғыта мойындатты. Біздің ерлігіміз бөтенді жаулап алудан емес, жаулап алушыдан қорғанудан бастау алатынын, өрлігіміз таспен ұрғанды аспан ұратын кешірімшілдігімізбен астасып жататынын, баладай аңғал, даладай дарқан, данадай кемел қасиет қанымызда бүлкіл қағатынын ұғынған бүгінгі қатыгез әлем қаласын, мейлі қаламасын бағалауға мәжбүр! Себеп-салдар іздеп долбарлау қисынсыз: өйткені исі қазақ өзіне де, өзгеге де бауырмал! Сәлемі түзуге есігі де, құшағы да ашық!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының ұлттық құрылтай мінберіндегі руханият тазалығы хақындағы салқар самал ескен түбегейлі талабы дүние жүзіне қарапайым шындықты риясыз паш етті.

Біздің мінберімізге әлем бұрынғыдан да жіті құлақ түретін болды. Демек, жүзінен нұр, тілінен сыр төгілген халқымыздың біртұтас бейнесі әрқайсымыздың болмыс-бітімімізде ұлттық ұшқынның маздауымен біте қайнасып жатуы тиіс.

Патриоттық пафосқа толы бұл тұжырымды бүкіл Қазақстан халқы зердесіне берік ұялатты. Қазақилық өзге ұлт өкілдерінің ойлауынан да, сөйлеуінен де, емен-жарқын қарым-қатынасынан да менмұндалайтыны қандай жарасымды һәм шынайы!

Ниет жақсы, иншалла, тек ынтамыз бәсең тартпасын деңіз. Бозторғайдай шырылдаған тілімізді бұлбұлдай сайратып, қырандай қалықтатуға халықтық қозғау мен қолдауда үніміз шашыраңқы шықпаса екен. Баяғының жырауларына тән домбыра қағысы, әуез мақамын сағынып жүргеніміз тәрізді аға ұрпақ көкейінде сақталған көне дәуір күмбіріндей көрнекті сөз кейінгі буынға жұғысты болуына бір-бірімізбен санаспай атсалысқанымыз абзал. Үлкенді тыңдау азайып, есті сөз айту сұйылып бара жатқаны жасырын емес. Бүгінгінің ырзығын өткеннің тағылымымен үндестіретін салиқалы төрелік орнына отбасы, ошақ қасының қыжыртпасы белең алғаны бет қызартады.

«Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел!» деу үшін алдымен ауызекі тіл мазмұнын жұтаңдатпауымыз керек. Бабаларымыздан асқан дана жоқ. Олар жазбашадан бұрын-ақ ел мен жер тарихын санаға суреттеп сіңірді. Кестелі сөз қиял мен аңыз, ақиқат жымдасуынан бүр жарып, ауыз әдебиеті арнасында тоғысты. Ертегі мен батырлар, ғашықтық жырлары халқымызды ақынжанды етіп қалыптастырды. Аңыз әңгімелер шешендік бұлақ көзін ашты. Дала пәлсапасы мақал-мәтел, қанатты сөз құймасын сорғалатты.

Кітапхана сөрелерінде сірескен бұл ғажап құндылық парақталмағалы да ондаған жылдар бедерін салған шығар. Ауыз әдебиетінің жауһарлары ғылымға әлдеқашан сөлін сығып берген. Ендігі кезек – сөз асылының халықтық айналымда тұрақталуында. Осы қасиетті қайнардан сусындау отбасынан басталып, балабақша, мектеп, оқу орындарында сабақтастырыла тереңдетілсе, айтушының да, тыңдаушының да талғампаздық биігінен табылары хақ. Кітап оқу дәстүрінің ығысып, ағымдағы ақпаратқа сыдырта көз жүгірту кейінгі буынның сөз байлығын едәуір жұтаңдатты. Тақ-тұқ тілдесу, пікір қасаңдығы, жазбашадағы жаттандылық тіл тереңіне беттетпей, тайыз жағалауда тобығымыз бұлтыңдайды.

Тағы бір құлаққағыс ет ауыртпай шымшылайды. Меншік нысанына қарамастан, барлық лицей, колледж, институт, академияларда руханиятымызды ардақтау мақсатында Қазақстан тарихының құрамдас бөлігі ретінде тіл мен әдебиет, этнографиядан біріктірілген курс енгізілсе, кәнекей! Сөз жоқ, мұндай мүмкіндік ұлттық идеал темірқазығына айналар еді. Қайтарымы белгісіз кейбір қайталама басы артық пәндерден санаға сәуле шашар осындай толықтыру әлдеқайда пайдалы екені даусыз.

Ерекше толғантатын жайт, әзірге түлектерімізді Ұлттық бірыңғай тест сөйлетпей келеді. Лоторея ойыны тәрізді бұл тәсілдің басты кемшілігі де сонда. Дұрыс жауапты жаңылтпаш нұсқалармен бүркемелеу талапкерді шатастырғаннан басқа дәнеңе емес. Студенттеріміз орта арнаулы, жоғары оқу орындарында тағы да тест төрелігіне телміреді. Көз майын тауысып оқып-тоқығанын сарапшы алдында төгілтіп айтпағаннан кейін, басы бірікпеген білімнен не қайран?! Ылғи да үндеместік жетегіндеміз. Бетті алып салатын баяндау, саралап талдау жоқ жерде тіліміз тұсаулы болмай қайтеді?! Саусағымыз қаламнан гөрі компьютер клавиштеріне көбірек илігетіндей дағды қалыптасқаны да көңілге кіп алдырады. Ойлау, сөйлеу, жазу бірлігінсіз заманауи өркениет көшінде жалтақ қайталаушы деңгейінен әріге аса алмайтынымыз айдан анық.

Біз, негізінде, тілді халықпыз. Астарлы, бейнелі сөзді жанымыз қалап тұрады. Оңай болса, Абай жырлары әлдеқашан әлем игілігіне жаратылар еді ғой. Басты қиындық – аудармаға көнбейтін қырық қатпарлы ұлы ақын поэзиясының көркемдік табиғаты даналық бояуымен әрленгендігінде. Ерте ме, кеш пе, түптің түбінде қазақ әдебиеті, қазақ тілінің стильдік қуаты дүние жүзі оқырмандарын рухани шөліркеуден құтқарады. Пайдалы қазба, технологиялық артықшылық екінші қатарға ысырылып, адами құндылық төрге шыққанда, адамзаттық руханият мәртебесі асқақтайды. Сол кезде қазақ тілінің даналық тілі екендігі айдай әлемге мәшһүр болады.

Бұл – жалаң романтика емес, болашақтан күтер үкілі үмітіміз. Үздіксіз даму жолында ұрпағымызды тілімізді құлпыртар құтты қадамдарға бастауымыз керек. Оның кейбір алғышартына шама-шарқымызша жоғарыда сілтеме жасадық. Осы бастан тіл мәдениетіндегі селкеуліктерден батыл түрде арылу қажет. Мәдени менталитетті қалыптастыруда тілге ие болудың өзі оң нышан саналады.

Жазу үлгімізде жөнсіздіктер жетерлік. Туу туралы, жеке куәліктердегі қазақ есімдерінің орфография талабынан ауытқи жазылуы қаралай налытады. Әлеуметтік хал актілерін тіркеу қызметіндегілер ата-аналарға олар қалаған бала есімінің арнайы сөздіктердегі дұрыс нұсқасын көрсетіп, дыбысталу, жазылу заңдылығына көз жеткізген мақұл. Еңбек кітапшасындағы мән берілмей жүрген бұйрықтар мәтініне де жіті қарайтын кез жетті. Жарнамадағы жалпақшешейлік кеңседен де, көшеден де, газеттер мен теледидардан да атой салады. Жалпы, көрнекіліктен дөрекілік байқалған бойда, тапсырыс берушіге жедел түзету енгізуді талап ету қажет. Емле, тыныс белгісі ережелерін мансұқ ететін мәтіндерді қалай болса солай жариялауға жол бермей, кері қайтару әділетті. Кез келген сөзді бас әріппен жазу, леп белгілерін бірінің артынан бірін лыпылдату, сызықшаны ретті емес орынға ағаш жаңқасындай сыналай салу билбордтар мен бұқаралық ақпарат құралдарында дікеңдеп тұрғаны тіл тістетеді. Терминологияның жариялылығы жұртшылықтан алыс. Мәселен, ауыл шаруашылығындағы бірдейлендіру, сырғаландыру сөздерінің қаншалықты қонымды екеніне күмәніміз бар.

Дайын баспа өнімдерінің әрқилы сипатына ешкім бас ауыртпайтын сияқты. «Сатып ал да сыйлай бер» дейтін делдал нарық парқыңа пысқыратын емес. Баяғы Құрмет грамоталарының бүгінгі ізбасары «мадақтама» деген жиеншар атауды екінің бірі құптай қоймас. Әсілі, құрмет қағаздарының әрбір сала бойынша тұрақталған үлгісі болғаны абзал. Жалған ақша тәрізді жыпырлаған марапаттық баспа өнімдерін оңды-солды әзірлеуді тоқтату керек. Еңбекті, шеберлікті бағалайтын, жеңіс шыңына жетелейтін салтанатты сәт қарабайырлық жетегінде кетпесе екен.

Қазақ тілінің тазалығын қалыптастыруда тұрмыстық, кәсіби, қызметтік қолданыстарда  орысша сөзбен шұбарлаудан жедел арылу қажет. Интернеттегі шимай-шатпақ жазбалар, күпінің битіндей қаптаған қателер – ана тілімізді масқаралаудың ең тұрпайы көрінісі. Сағыздай созылған мекеме атауларының мән-мағынасыз қысқарған қойыртпақпен алмастырыла салуы белең алып барады. Меншікке, құрылымдық өзгерістерге байланысты мекеме, ұйым атаулары күрделеніп, бүтіндей бір сөйлемге ұласатындай ауыр тартуда. Соның салдарынан іс қағаздары, құжат айналымында, баспасөзде адам түсініп болмайтын кембағал қысқарған сөздер етек алды. Мөрдегі мәтінді өзгертуге болмайтыны тәрізді кез келген ақпаратта мекемелер атауы толық жазылуына басшыны да, қосшыны да көндіктіруіміз керек. Ресми қағаздар жүйесі, әр саладағы аударма және жаңа кәсіби атауларға дейін екшеуден өткені дұрыс.

Әлбетте, жаңа дәуірдегі еліміздің рухани келбеті шұрайлы тілмен шырайлана түспек. Ана тіліміз – жан дүниеміздің жаршысы. Әлбетте, шат сезіммен шертілген ақжарма сырымыз, мұрат-мақсатымыз көркем сөзбен әдіптеле бермек!

Ерте дәуірде Асан қайғы бабамыз «Таза, мінсіз асыл сөз, шер толқытса шығады…» дегендейін бүгінгі аласапыран заманда еріксіз тіл ұшына қайта оралады.

Жаңабай КЕМАЛ,  

Қазақстанның Құрметті журналисі.

Арал қаласы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<