Шетелде жүр жалданып, талай қазақ баласы

859

0

Біз бұл тақырыпқа санаулы күн бұрын ғана тоқталып, «Кәрі құрлықты кезгендер немесе қазақ жастары қайда жүр?» деген мақала жариялаған едік. Осы жолы жырақта жүрген қазақ азаматтарының жағдайына, тіршілік тынысына тағы бір тереңдей зер салып көрдік.

Әлеуметтік желіні ашсаңыз жан-жақтан жұмыс іздегендерді кездестіруге болады. Екі қолға бір күрек таппағандар шетелге барып, нәпақа табуда. Кейінгі кезде Англия, Корея, АҚШ-қа қара жұмыс істеуге баратындар көбейді. Тіпті желіде ашықтан-ашық жарнамалар жасап, расымен айына миллиондап қаржы табуға болатынын айтады. Мәселен, өткенде бір қазақ жігіті Англияда егісті қарағадан қорығаны үшін сағатына 6 мың, күніне 72 мың теңге ақша табатыны туралы бейнежазба жариялады. Сол секілді Америкада жүк көлігін жүргізіп, айына 5 миллион табатын Ассоль Мұхамеджанова туралы баспасөз беттері жарыса жазды.

Расымен, неліктен шетелде жұмыс істегісі келетіндер көп? Олар неге құмартып отыр? Айына миллион теңге табыс табу оңай болғаны ма? Осы сұрақтар бізді қызықтырды.

Корея ашық қақпа емес

Шетелде жұмыс істеп жатқандардың парақшасына кіріп, біраз мәліметпен таныстық. Мәселен, Ақтау қаласының тумасы Перизат Тайманова жолдасымен бірге Корея Республикасында жұмыс істегеніне бір жыл болыпты. Екі баласын ата-анасына тапсырып, тәуекел етіп өзге мемлекетке жалдамалы жұмысшы болуға барған. Айтуынша, бұл елге келу үшін алдымен кедендегі тексерістен өту керек. Ол үшін, әрине, ағылшын тілін жетік білмесеңіз де, ауызекі тілде сөйлей алғаныңыз дұрыс. Ең алдымен шетелге шығатын паспортты рәсімдеп, кета толтыру міндеттеледі. Кета – Корея еліне кіруге берілетін рұқсат қағаз. Оны алу үшін біршама еңбектенуге тура келеді. Себебі, бір әріп немесе санды қате толтыру сіздің бұл елге кіру мүмкіндігіңізден айырады. Бұл рұқсат қағазды сауатты толтыру үшін, әрине, тіл білу керек немесе ақылы жазып беретіндердің көмегіне жүгінесіз. Одан кейін кедендегі тексерістен өту де үлкен маңызға ие. Ол жерде сізге ағылшын тілінде бір-екі сұрақ беріп, бұл елге қай мақсатпен келе жатқаныңызды, жалпы Корея мемлекеті туралы біліміңізді де сарапқа салады. Бір ескеретін жайт, кедендегі тексеріс кезінде жұмыс істеуге келгеніңіз туралы тіс жаруға болмайды. Сондықтан біршама қулыққа баруға тура келеді. Айталық, турист ретінде немесе емделуге келдім деген секілді негізгі себептер болуы керек. Оны нақты дәлелдейтін құжаттың болуы да маңызды. Айталық, егер турист ретінде келдім десеңіз, қайту билетіңізді, қай қонақүйге тоқталатыныңызды және алдын ала бронь жасап қойғаныңызды дәлелдеп шығасыз. Тексеріс кезінде сол қонақүйге қоңырау шалып сұрайтынын да есте ұстаған абзал. Өзге елге кірудің қаншалықты қиын екенін біле тұра, тәуекелге баратындар күн сайын артуда.

Шетелге кіргеннен кейін арнайы сайт немесе жарнама арқылы қоңырау шалып жұмыс іздеудің керегі жоқ. Зауыт не болмаса егін алқаптары, мейрамханаға барып жұмыс берушімен бетпе-бет сөйлесіп, алдын ала келісесіз. Себебі, жұмыс беруші көзбе-көз көрмей сізге сенім білдірмейді. Мұнда пәтер жалдау құны біздің елмен шамалас. Бір бөлме айына 100 мың, оған коммуналдық қызметтің 25 мың теңгесін қосыңыз. Күнделікті жейтін тамақ жұмыс орнында тегін беріледі. Ал кешкі тамағыңызды өзіңіздің қалауыңызбен үйде немесе асханалардан алуға болады.

Сонымен бұл елге келгендер қандай жұмыстар істеп нәпақа табады? Зауыттың алдында жұмыс сұрап кезекке тұратындар көп. Оны жұмыс беруші өзі таңдап алады. Егер олардың берген тапсырмасын тез әрі жылдам үйреніп алсаңыз, келесі күні сізді тағы да шақыртады. Солай белсенді әрі шапшаң қимылмен, тіл табыса алатын қабілетіңізбен көзге түссеңіз, онда сізді өздері іздеп табады. Бұл елде 18 жастан жоғары өзбек, қырғыз, болгар, тәжік, қазақ азаматтары жетерлік екен. Барлығының мақсаты – пәтерге жететін ақшаны аз уақытта тауып, елге оралу. Енді бірі бірнеше жылға алған несиесін тезірек төлеп құтылу үшін келгендерін айтуда.

– Біз екі баламызды ата-анамызға тастап келдік. Мұнда кеденнен өту оңай емес. Егер кетаны дұрыс толтырмасаңыз, онда сізді кері қайтарып жібереді. Сондықтан біз тәуекелге бара алмадық. Бұл құжатты корей азаматына толтырып беруін өтіндік. Жұмысты шет жағындағы қалалардан іздеген жөн. Себебі, орталығында тексеріс жиі болады. Егер сіздің жұмыс істеп жүрген жеріңізден ұстап алса, онда кері қайтарып жібереді. Біраз тексеріске алып, бұл елге кіруге 10 жылға дейін тыйым салуы да мүмкін. Бұл мемлекетке келгенімізге бір жылдан асып барады. Келген күннің ертесіне зауытқа жұмысқа орналасып кеттім. Өйткені, мұнда жұмыс өте көп. Әйел адамдар 25-45 мың аралығында, ал ер адамдар 25-60 мың аралығында күнделікті табыс табу мүмкіндігіне ие. Мен бұл елге келіп табыс табыңыздар деп жарнама жасағым келмейді. Оны әркімнің өзі шешеді. Бір айтарым, келерде өзіңізге сенімді болып, кеденнен өтер кезде сыр білдірмей, қойған сұрақтарына асықпай жауап бергеніңіз дұрыс. Психологиялық тұрғыда өздеріңізді жан-жақты дайындаңыздар. Тіл білу – ең маңызды дүние, – дейді кейіпкеріміз.

«Солдат секілді бұйырған жерде жүреміз»

Мұндай қара жұмыс Англияда да жетерлік. Екі елдегі жұмыс көзі мен пәтерақы, өзге де мәселелерді салыстырмалы түрде қарастырып көрелік. Ұлыбританияда ауыл шаруашылығы жақсы дамыған. Сол себепті жылыжайлар мен егін алқаптарында қара жұмысқа жегілетін тек сырттан келгендер екен. Жергілікті жердің азаматтары мұндай ауыр жұмысты істемейтін көрінеді. Екі елде де ақша күнделікті қолыңызға беріледі. Кореяда жиі рейд болып тұрады. Бірақ заңсыз жұмысқа тұру мүмкіндігі жоғары. Ал Англияда тексеріс мүлде болмайды. Десе де, заңсыз жұмысқа тұру өте қиын. Сондықтан көп адамдар агенттік арқылы жұмысқа орналасады. Заңсыз болсаңыз, салық төлейсіз. Мәселен, осы елде жылыжайда жұмыс істейтін Ақбөпе Сансызбаева сағатына 10.42 фунт табатынын, мұны 8-10 сағатқа көбейткенде біздің теңгемен 60 мыңның шамасында болатынын айтады.

Англияға жұмысқа келу үшін біздің елдің азаматтарына арналған 6 сайт бар. Сол сайттарға өтінімдерді, яғни резюмені дұрыс толтырып, жауабын кем дегенде 6 ай күтуіңізге тура келеді. Agropraktika, Agri –Hr, AG Recruitment, Fruitfuljobs, uk_work сайттары арқылы өтінім беруге болады. Осы секілді Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінің азаматтарына арналған бөлек сайттар жұмыс істейді.

– Биылғы ауа райының қолайсыздығына байланысты құлпынай мен таңқурай өте аз болды. Мен мұнда алғаш келгенде құлпынай жинадым. Жолдан шаршап келдің деп, екі күн демалуға рұқсат берді. Бірінші күні жұмысқа ерте шығамыз. Жататын жеріміз сол жылыжайдың жанында орналасқан. Мұнда қазақтың қыз-келіншектері, азаматтары жетерлік. Барлығымыз бір отбасындай болып кеттік. Жұмыс оңай емес. Жылыжай егелері жұмысшыларды көп алып қойған. Биылғы өнім аз болып, айына 1 миллионнан астам қаржы табамыз деп келгендердің үміті ақталмай жатыр. Оның үстіне мұнда пәтерақы мен тамақ жағы қымбаттау. Кейде айлап, апталап жұмыс болмай қалатын кездер болады. Соған дайын болу керек. Алдын ала қорыңызда ақша болған дұрыс. Өзге елге келіп, жұмыс істеймін десеңіз, «жеті өлшеп, бір кесіп» дегенді естен шығармай, жан-жақты дайындықпен, қандай қиындыққа да төтеп беретіндей шыдамдылықпен келген жөн. Қазір біз солдаттан кем емеспіз. Бір-екі минутта тамақты асап жеуді, түн жарымында ұйқыдан оянып, басқа егін алқабына кете береміз. Жұмыс беруші қай жерде болу керек десе, сол айтылған уақытта жетуге тырысамыз. Ақша табу оңай емес, – дейді Ақбөпе.

Әрбір үшінші адам жоғары білімді

Иә, расымен де өзге елге барып, танымайтын мемлекеттің тыныс-тіршілігінен бейхабар адам үшін үрей болары анық. Бірақ, жат елде табыс табуға тәуекел етіп, тіл үйреніп, баспана алу үшін баратындардың ісін расымен ерлікке теңеуге болады. Таңғы төртте тұрып, ерте жұмысты бастап, кеш батқанға дейін бір жерде тапжылмай жұмыс істеуге төзім керек. Нан табудың соңында жүрген қаракөз қазақтың қыз-жігіттері көп.  Мәселен, өткен жылы Қазақстанның 8 мыңға жуық азаматы жұмыс істеу мақсатында ел асқан. Олардың басым бөлігі 18-35 жас аралығында. Шетелге кеткен әр үшінші адам – жоғары білімді, әр төртіншісі – орта білімді. Ал статистикалық деректерге сүйенсек, елімізде мыңға жуық бос жұмыс орны бар. Оның ішінде есепші, күзетші, инкассатор, дүкен сатушысы, автомобиль жүргізушісі, тағы басқалар. Мамандардың айтуынша, 15 жыл ішінде елден 4,3 мың маман сыртқа кеткен. Олардың көпшілігі – техникалық кәсіпті меңгергендер.

Бізде расымен еңбек лайықты бағалана ма? Әлгіндей жұмыстар елімізде сағатына емес, күніне 3000-4000 теңге шамасында төленеді. Бірақ соның өзін күнделікті бермей, созбалап жүретіндер де жоқ емес. «Кісі ақысы, маңдай тері кепкенше» демей ме? Егер таң азаннан қара кешке дейін еңбек ететіндердің жұмысы жоғары бағаланып, уақытылы төленсе, ел кезіп несі бар? Қара жұмысшылар түгілі, қос дипломы барлар да екі қолға бір күрек таппай сенделіп жүр. Несін жасырамыз, бұл мәселенің астарында үлкен әлеуметтік проблема тұр. Жастар, жас отбасылар үшін баспана, пайызы жер жаратын несие, тағы басқа тұрмыстық түйткіл талайды табанынан тоздырып жіберді. Бұл – енді қазіргі қоғамның шынайы бет-бейнесі.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<