Шибөрі аңын аулауға қатысты мемлекеттік көрсетілетін қызметтер

3989

0

Шибөрі және қасқыр аңдары үй жануарларына, сондай-ақ адамға шабуыл жасауы, жануарлар дүниесі арасында әртүрлі ауру қозыдруға әсер ететін жыртқыш аңдар болғандықтан, саны реттелетін аң түріне жатқызылған.

ҚР АШМ 05.12.2017 жылғы № 480 бұйрығымен бекітілген «Жануарлардың санын реттеу қағидаларына» және 30.04.2015 жылғы № 18-03/390 бұйрығымен бекітілген «Саны реттеуге жататын жануарлар түрлерін алып қоюға рұқсат беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына сәйкес, Қызылорда облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы тарапынан қасқыр және шибөрі аңдарының санын реттеу үшін рұқсат құжаттар беріледі.

Сонымен бірге, ҚР АШМ 27.02.2015 жылғы № 18-03/157 бұйрығымен бекітілген «Аң аулау қағидаларына» сәйкес, елдi мекендердiң жерлерiнде, сондай-ақ олармен iргелес аумақтарда аң аулау ережелерiне сәйкес аңшылық атыс қаруын қолдану қауiпсiздiгi қамтамасыз етiлетiн қашықтықта жүргізу қажет.

Қызылорда облыс көлемінде шибөрі аңдарының санын реттеу мақсатында, 2020 жылға арналған биологиялық негіздемеге сәйкес, 432 бас қасқыр және 9125 бас шибөрі аңдарының санын реттеуге лимит бөлінген.

Бөлінген лимит негізінде, Инспекция тарапынан бүгінгі күнге 906 жеке және заңды тұлғаларға 432 бас қасқыр толығымен және 2160 бас шибөрі аңдарын облыс көлемінде аулауға рұқсаттар берілді.

Қазіргі уақытта да шибөрі аңдарын аулау үшін Инспекциямен арнайы рұқсат құжаттары берілуде.

Ол үшін үй жағдайында интернет желісіне қосылған компьютер арқылы EGOV.kz сайтынан немесе ХҚКО (ЦОН) арқылы өтінішті жолдап, екі жұмыс күн ішінде шибөрі аңын аулауға рұқсат құжатын ала алады.

Шибөрі аңын аулауға өтініш жіберу үшін рұқсат құжатын пайдаланушының жеке басын анықтайтын құжат, аңшы куәлігі мен аңшы қаруына берілген рұқсат құжатының номерлері, берілген күні мен жарамдылық мерзімдері белгілі болуы керек.

Бұдан кейін, өтінішті толтыру барысында ауланатын аңның саны 3 дарақтан аспауы керек.

Өтініште жануарлардың санын реттеу учаскенің ауданы (аумағы) және шекарасы – өтініш жіберіліп отырған облыстың аумағында ауланатын аңның нақты ауданы көрсетілуі қажет.

Мысалға, егер Қарағанды облысының аумағынан жыртқыш аңдардың санын реттеу қажет болса, өтінішті қалыптастыру барысында Қарағанды облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясын таңдау қажет.

Өтініште рұқсат құжатын пайдалану мерзімін өтініш жіберілген жылдың соңына дейінгі мерзім көрсетілу керек.

Сонымен бірге, Инспекция тарапынан келесі негіздер бойынша өтінішке рұқсат құжатын беруден (мемлекеттік қызмет көрсетуден) бас тартылады:

1) көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін ұсынған құжаттардың және (немесе) олардағы деректердің (мәліметтердің) дұрыс еместігінің анықталуы;

2) көрсетілетін қызметті алушының және (немесе) мемлекеттік қызметті көрсету үшін қажетті, ұсынылған материалдардың, объектілердің, деректер мен мәліметтердің Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі;

3) көрсетілетін қызметті алушыға қатысты оның қызметіне немесе мемлекеттік көрсетілетін қызметті алуды талап ететін жекелеген қызмет түрлеріне тыйым салу туралы соттың заңды күшіне енген шешімінің (үкімінің) болуы;

4) көрсетілетін қызметті алушыға қатысты оның негізінде көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік көрсетілетін қызметті алумен байланысты арнайы құқығынан айрылған соттың заңды күшіне енген шешімінің болуы.

Осыған байланысты, шибөрі аңдарының елді мекен тұрғындарының денсаулығына зиян келтіруін болдырмау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және шибөрі аңдарының санын азайту мақсатында, шибөрі аңын аулауға арналған рұқсат негізінде аңшы азаматтарға шибөрі аңдарын аулауға болады.

Киік аңы бойынша

Қызылорда облысының аумағында сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сонымен қатар, ҚР Қызыл кітабына енген аң-құстардың көптеген түрлері кездеседі.

Оның ішінде ерекше қорғауға алынған киік аңдары бойынша бірқатар тоқталып өтсем.

Қазақ елінде киік аңдарын ақбөкен деп те атайды. Олар жұптұяқталыр отрядының бөкендер туысына жататын, тұлғасы ірі, қойға ұқсас, дөңес тұмсықты, күйіс қайтаратын түз жануары.

Жаз айларында түсі сарғыштау, қыста түсі ақшылданып отырады. Ақбөкендер шөл, шөлейтті және далалық аймақтарда тіршілік етуге бейімделген.

Текелерінің дене тұрқы 126-150 см, салмағы 37-49 кг, ал ешкілерінің дене тұрқы 109-127 см, салмағы 22-37 кг болады. Текесінің мүйізі қайқылау келеді, ал ешкісінде мүйіз болмайды.

Жылына бір рет мамыр айының екінші онкүндігінде жаппай төлдейді. Бұл уақыттарда күн райы салқындап, жауын-шашын көбейіп, оны қазақта «Құралайдың салқыны» деп атайды.

Ақбөкен аңдары көбіне егізден, ал кейде үшеуден төлдеуіне байланысты, өсімтал болып келеді.

Қазақстан аумағында бетпақдала, орал және үстірт популяциялары таралған. Оның ішінде, Қызылорда, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Ақмола облыстарының аумағында бетпақдала популяциясы таралған.

Қызылорда облысының аумағы киік аңдарының негізгі қоныс аудару жолдары болып табылады.

Ғылыми ұйымдармен жүргізілген санақ жұмыстарының 2019 жылғы қорытындысымен Бетбақдала популяциясы – 111 500 басты, Орал популяциясы – 217000 басты, Үстірт популяциясы – 5900 басты, барлығы – 334 400 басты құраған. 2018 жылмен салыстырғанда 55 пайызға көбейген.

Киік аңының саны күрт азайып кетуіне байланысты, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 25 шілдедегі №969 қаулысына сәйкес, киік аңдарын 2020 жылға дейін аулауға тыйым салынған.

Бұдан кейін, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетімен 2020 жылдың ақпан айында2015 жылғы 24 шілдедегі № 190 бұйрығына өзгерістер енгізіліп, ғылыми ұйымдар тарапынан биологиялық негіздеме әзірленіп, ғылыми мақсаттарда пайдаланудан басқа, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында киіктерді, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға 2023 жылға дейін тыйым салу мерзімі енгізілген.

Киік аңының көбею уақытында және басқа да жануарлар дүниесін қорғау, табиғат заңдылығын сақтау мақсатында, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің, Ішкі істер министрінің және ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 2020 жылғы ақпан айындағы бірлескен бұйрығына сәйкес, кең ауқымды «Киік» акциясын өткізу іс-шара жоспары (бұдан әрі – жоспар) бекітілген.

Бекітілген жоспарға сәйкес, Инспекцияның, аудандық, қалалық полиция бөлімдерінің, орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемелерінің, «Охотзоопром»ӨБ» филиалының, аңшылық шаруашылығы қызметкерлерінен құралған мобильдік топтар құрылып, киік аңдарының миграциялық жолдарында қорғау шараларын күшейту мақсатында, жедел топ қызметкерлері, автокөлік құралдарымен және тиісті жабдықтармен қамтамасыз етіліп, облыс көлемінде бірлесіп қорғау жұмыстары жүргізілуде.

Олжабек  Холов,

облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<