Үшінші жүзжылдыққа қадам басқан қала

369

0

Үшінші жүзжылдыққа қадам басқан қала Төрімізден озғалы тұрған жылда еліміздегі тарихи қалалардың бірі, біздің сүйікті мекеніміз – Қызылорда қаласының іргетасы қаланғанына 200 жыл толды.

Ежелгі Ақмешіт – Ұлы Жібек жолындағы басты тірек пункті, бірнеше тайпалық одақтар мен қағанаттар, хандық пен алып империялардың орны. Екі ғасыр ішінде Қамысқала, Ақмешіт, Перовск, Қызылорда деген атау­ларға ие  болған. Кеңес Үкіметі ор­нағаннан кейінгі астана болуы да бай тарихының бір парағы.

Қазір Қызылорда тарихи және мәдени бет-бейнесі айқындалған, қайталанбас ұлт­тық колориті бар заманауи қала ретінде қалыптасып келеді. Елбасының «Қазақстанның тәу­ел­­сіздік жылдарындағы жетістік­терін бір ғана Қызылорда облысынан көруге болады» деген сөзі – мұндағы қарқынды тіршілікке берген бағасы.

Егін-терім аяқталып, ағайын­ның көңілі бірленген күздің орта тұсында Сыр жұртшылығы Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойын атап өтті. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев қызылордалықтарды құттықтап хат жолдады.

«Сыр сүлейлері» аллеясынан бастау алған мерекелік шаралар легі тұрғындарға ұлттық тағам түрлерінен дәм татқызған «Қауын-қарбыз», «Қымыз-шұбат» және «Бауырсақ» дәстүрлі фестивальдары, қол­өнер бұйымдарының көрмесі, ұлттық спорт түрлерінен сайыстар, ұлттық-этнографиялық концерт ұйымдастырылды. Сон­дай-ақ, Сырдарияның сол жа­ғалауындағы алғашқы нысан – «Рухани жаңғыру» орталығы мен қалалық музей ғимаратының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Орталық алаңда қазақ эстрадасы әншілерінің қатысуымен өткен гала-концертпен жалғасты. Аудандардың ауыл­шаруашылық өнімдері жәрмеңкесі, ат спортының сайыстары мен қазақша күрестен түрнир өтті. Қала күніне орай қайырымдылық акциялары, концерттер мен басқа да мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылды.

Кей дереккөздерде «Ақ­мешіт» бекінісінің 1817 жылы Сырдарияның сол жа­ғалауына салынып, бір жылдан кейін оң жағалауына көшірілгені көрсетілген. Тура екі ғасырдан соң, яғни 2017 жылы ежелгі бекіністің орнындағы Қызылорда қаласы Сырдарияның сол жағалауына қарай ойысып, алғашқы ғимараттардың іргесі қалана бастады. Ал 2018 жылы, яғни, 200 жылдан кейін  Сыр­дарияның сол жағалауына қоныс тепкен жаңа қала алғашқы қо­ныс­танушыларын қабылдады. Өткен жыл Қызылорданың тарихында осындай жарқын оқиғаларымен есте қалды.

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<