Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев журналистерден сыбайлас жемқорлық қатерлерінен ескерту және алдын алу шаралары туралы көбірек жазуды сұрады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Менің сіздерге өтінішім бар. Қазір көптеген адамды қандай да бір нақты факт бойынша тұтқынға алып жатыр немесе қандай да бір орында ұсталды деген ақпарат бар. Бірақ менің айтарым, сіздер ескерту және алдын алу мәселелері туралы халықты көбірек құлақтандырсаңыздар. Қазір сыбайлас жемқролықтың болуын алдын алуға уақытымыздың көп бөлігін бөліп жатырмыз», – деді Шпекбаев.
Агенттік төрағасы басшылықтағы бірінші адамдардың қарамағындағылар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар қабылдамағаны үшін жеке жауапкершілігін арттыру мәселесін қарастырып отырғанын атап өтті. Бұл мәселе бойынша бірінші басшыларға қатысты нормативтік актілерге өзгерістер енгізу, сондай-ақ жауапкершілігін арттыруды күшейту көзделіп отырғанын айтты.
Шпекбаев осыған дейін орталық аппараттағы штат санының үштен бір бөлігін қысқарту арқылы қызметкерлердің жалақысын 60% дейін көбейткенін айтқан болатын. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметкерлерге еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі бойынша пилоттық жоба олардың жалақысын екі есеге дейін көбейтуге мүмкіндік бергенін атап өтті.
Сондай-ақ, Агенттік басшысы мемлекеттік қызметкерлерге баспана алуда, зейнетақы тағайындауда, балабақшадан орын алуда жеңілдіктер берілуі мүмкін екенін айта кетті. Президенттің бес бастамасына сәйкес ТҚЖБ мемлекеттік қызметкерлерге арналған «5-5-25» бағдарламасын әзірлеуі мүмкін.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<