Сыр өңірінде қаламгер қыздар аса көп емес. Оның ішінде проза жанрында қалам тербеп жүрген Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі, облыс әкімінің «Тұран» сыйлығының иегері Несібелі Рахмет есімі қазақ әдебиетіне етене таныс. Жазушы биыл 70 жасқа толып отыр. Қалам иесінің әрбір шығармасында қарапайым өмірдің, адам баласына тән тұрмыс-тіршіліктің сан алуан қыры суреттеледі.
Қаламгер өмірінің бар мәнін шығармашылықтан тапқан жан. «Бір нәзік сезім», «Мен табынған құдірет», «Исламбек», «Құмырсқа тірлік», «Жиденің гүлі», «Нөлінші қатар», т.б кітаптары жарық көрген. Оның көркем әдебиетпен қатар, аймақтың журналистика саласында айқын қолтаңбасы бар. Сырдария аудандық «Сырдария», облыстық «Сыр бойы» газетінде, «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасында ұзақ жыл қызмет етіп, мерзімді ақпараттың мәнді де мағыналы болуына өз тарапынан мол үлес қосты.
Несібелі Төлтайқызы Сырдария ауданына қарасты Қараөзек елді мекенінде дүниеге келген. Сондықтан болса керек, жазушының әңгімелеріне ауыл тақырыбы көбірек арқау болған. Отбасы құндылығы дейтін ұғымға сай ағайын-туыс арасындағы өзара сыйластықты өмірмен терең байланыстыра бейнелеген шығармалары шынайылығымен тартымды. Әңгімелеріндегі «оқиға» ішінде кездесетін ойнақы әзілдері немесе ойлы да астарлы түйіні оқырманын әп-сәтте баурап алады.
Жазушының балалық шағынан сыр шертетін «Белсебет» деген әңгімесі бар. Иә, сол заманда белсебет деген көп баланың арманы болатын. Мысалы, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын Темірше Сарыбайдың да алғашқы өлеңдерінің бірі «Белсебет» деп аталады.
Иә, тұлымшағы желбіреген кішкентай қыз өзімен қатарлас құрбыларының белсебетіне қатты қызығатын. Арасында кезектесіп теуіп те жүрді. Ауылда көп көлік жоқ, ара-тұра ғана бірді-екілі мәшине өтеді. Ұзын жолдың бойына шығып белсебетпен зулағанда бейнебір бойына қанат біткендей әсерленетін. «Шіркін, өзімнің белсебетім болса ғой» деп. Әйтсе де бір күні сол үшін болған тартыстан едеуір жарақат алып, жүрегі қатты шайлығып қалған ол белсебет туралы балалық арманымен біржола қош айтысты. Әңгіме балаларға арналған. Қызықтырады әрі ойландырады.
«Қалаға келген Жуасбай» деген әңгімесінде аңғал мінез ауыл қазағының болмысын дәл бейнелеген. Күнделікті тіршілікке еніп жатқан толассыз жаңалықтар, заман талабына сай қызмет көрсете бастаған сандық технологияның сыр-сипаты қызықты жайттарға кезіктіреді. Әңгіме желісінде еріксіз езу тартып отырып, елдегі ағайынды еске түсіресіз.
Жазушы Несібелі апамыздың өзі де көңілінің қалтарысында еш кірбің жоқ, ақ көңіл, аңғалдығы басымдау, қазақы болмысты қарапайым жан. Сондықтан болса керек, көркем шығармаларындағы кейіпкерлері де соншалықты шынайы, жүрекке жақын.
Жазушының «Нөлінші қатар» деп аталатын әңгімесі бар. Тіпті бір кітабы осылай аталады. Әңгіменің тақырыбына қарап-ақ не туралы айтылатынын бағамдап отырған шығарсыз. Иә, дәл солай, бір кісі театрда өтетін үлкен шығармашылық кешке келеді. Отырайын десе, орын жоқ. Айтпақшы, орын жоқ емес, ортадағы ұзыннан ұзақ қатардағы ақ матамен қапталған орындар түгел бос тұр. Сол орынның біріне отырайын десе бір жас қыз жолатпайды. Негізінде ол кісі де сол орынға отыруға әбден лайықты адам. Кеудесі толған орден-медаль. Майдангер (кітапта аты-жөні жазылған). Таяғына сүйеніп әзер жүріп келген қария ентігін басып, алдындағы орындыққа отыра кеткісі келіп тұр. Бірақ «танымасын сыйламас» дегендей, әлгі жап-жас кезекші қыз алдындағы орынды қызғыштай қорып, ақсақалды маңайлатар емес.
– Ата, басқа орынға барыңыз. Бұл жерге қонақтар отырады.
– Қарағым-ау, мен де қонақпын. Бұл дүниеге бәріміз де қонақпыз.
– Жоқ, ата, мен қонақ емеспін. Тек осы рядқа жауап берем.
– Жауап берсең, берерсің, балам. Қария отыруға ыңғайланды.
– Ата, отыруға болмайды!
Иә, осы кезде оның үстінен қарайтын тағы бір кезекші қарияны қолтығынан сүйеп «Сізді бір жайлы орынға отырғызайын» деп әрі қарай жетектеп әкетті. Қарт майдангер кезекшінің жетегінде қалт-құлт басып кете барды…
Әңгіменің шырқау шегі осы. Әрі қарай бірдеңе айтпақ түгілі, ойлаудың өзі көңілге үрей ұялатады. Қарттық кімнің басына келмес дейсің? Дәл осылай кейінгілердің түртпегіне ұшырап жүру кім-кімге де жеңіл бола қоймас…
Шындығында, бүгінгі күні адамдар арасындағы жылылықтың жоғала бастағанының бір белгісі болар, жасанды интеллект өмірімізге енді. Сұрағыңа жауап алғың келе ме, сұхбаттасқың келе ме, жоқ, әлде сырласқың келе ме, ЖИ жаныңнан табылады. Ол шіркінге не айтсаң, соны лезде орындап береді. Қандай ақпарат қажет, көзбен көріп, қолмен ұстағандай алдыңа тосады. Тіпті өлең жазып, ән де шығара береді екен. Демек енді бұрынғыдай, алып-ұшып, сезім құшып, арманға беріліп, айналаңнан мейірім мен жылылық күтудің «дәурені» өтіп бара жатқан сияқты…
Иә, Мемлекет басшысы кітап оқитын ұлтқа айналу қағидатын алдымызға қойды. Өйткені кітап (газет-журнал) оқу арқылы адамның ішкі мәдениеті қалыптасады. Білім көкжиегі кеңейеді. Ал рухани таным-түсінігі мол адам көлденең кездескен «кедергілерге», қазіргіше айтқанда, ақпараттық шабуылдарға бой бермейді. Осы ретте ауыл тақырыбын арқау етіп, шынайы өмір келбетін суреттейтін Несібелі Рахмет шығармаларының орны бөлек екенін атап өткім келеді.
Ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстанның құрметті жазушысы, ҚР Мәдениет саласының үздігі Қаршыға Есімсейітова қанаттас, қаламдас құрбысы Несібелі Рахметпен облыстық телеарнада ұзақ жыл бірге қызмет атқарды. Сондықтан жазушының шығармашылығын да, шынайы болмысын да көбірек білуі керек.
– Несібелі Рахметова жайлы көп айтуға болады. Оның студенттік кезеңдері, журналистік еңбек жолы, шығармашылығы, адами болмысы жайлы біраз білетін сияқтымын. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде менен бір курс жоғары оқыды. Оның болмысы, табиғаты үнемі ой үстінде, әлдебір тылсым күштің жетегінде, оңаша сәттердегі қиял-ғажайыптың ортасында жүретіндей көрінетін маған.
Оқуды жақсы тәмамдап, Сыр еліне келіп, алғашында облыстық газетте, кейіннен телеарнада қызмет жасады. Мен онымен 2000-жылдардан, яғни, «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасында қызмет жасай бастаған кезеңнен бері жақын танып, араластым. Телеарнаның қым-қуыт тірлігінің арасында жүріп өзінің табиғатынан берілген мінезімен «Жаңалықтар» қызметінің жедел де шапшаң қимылды қажет ететін тұстарында асығыстыққа жол бермей, сабырмен, ыждағаттылықпен «жедел шабуыл» редакциясының жетекшілік қызметін мінсіз атқара білді. Редакцияға жаңадан оқу бітіріп келген жастарды журналистік шеберлік мектебінен өткізді. Көрерменді бейжай қалдырмайтын өткір де ұтымды сюжеттер дайындаумен қатар, сол мәселенің жауапкершілігін де көтере білуге үйретті. Қаншама шәкірт тәрбиелеп, кейін республиканың жетекші арналарында Несібелі Рахметованың ұстаханасынан шыққан таланттар шоғыры қалыптасты. Мықты журналист, талапшыл ұстаз болумен қатар, ол – ең бастысы, шығармашылық иесі. Қаламынан проза жанрының талғампаз оқырманға ой салатын небір көркем туындылар ақ қағазға төгіліп, бірнеше кітабы жарық көрді.
Оның кітаптары оқырман іздеп жүріп оқитын өміршең дүниеге айналды. Ойлы шығармалары өмір сүріп отырған қоғамның түйткілді тұстарын дөп басып, кейде ойландырып, енді бірде езуге күлкі үйіріп, жаныңды жадырататын тұстары басым. «Құмырсқа тірлік» деген кітабындағы шағын әңгімелері тұтас бүгінгі қоғамның барометрі десек болғандай. Әдебиетсүйер қауымның ортасында жақсы пікір қалыптастырған «Нөлінші қатар» атты әңгімесі – өзге жұрт байқай бермейтін тіршілік майданындағы өмір шындығы.
Сыр еліндегі бір шоғыр қаламгерлер арасында өзіндік орны бар прозаик Несібелі Рахмет ғұмырының жетінші белесіне осындай абыройлы еңбегімен көтеріліп келеді, – дейді Қазақстан Жазушылар одағының облыстағы өкілі Қаршыға Құрмашқызы.
Иә, жазушы Несібелі Рахметті көптен ерекшелеп тұратын – оның қарапайым болмысы. Жалт-жұлт еткен науқаншыл іс-шараларда көп көріне бермейді. Есесіне, өндіріп жазады. Атақ, мансапқа ұмтылмады. Десек те елдің ақпарат саласына сіңірген елеулі еңбегі бағаланып, «Қазақстанның Құрметті журналисі» атағы берілді. Облыс әкімінің мәдениет, әдебиет және өнер саласының майталмандарына берілетін «Тұран» сыйлығын иеленді. Өзі туып-өскен Сырдария ауданының Құрметті азаматы атанды.
Қандай бір қызмет атқару барысында межелі жасқа жеткен адам зейнетке шығады. Ал қаламгер үшін ондай ұғым жоқ. Ой-қиялы тәрізді еңбек жолы да шетсіз-шексіз. Сондықтан ғұмыр бойы қауырсын қаламын жанына серік еткен Несібелі Рахмет апаймыздың да шығармашылығының толассыз жалғаса беруіне тілек қосамыз.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»





