Шынайы дерек – тарихи шешімдер арқауы

496

0

Статистика – еліміздің тарихи да­муының барлық сатыларында түрлі деңгейдегі басқару­шылық шешімдерді қабылдауға мүмкіндік беретін шынайы деректерді ұсынып отырған ғылымның бір саласы.

Барлық мемлекеттердің өмірінде ресми ста­тистиканың рөлі өсуде. Кез келген салада уақы­тылы және объек­тивті ақпараттарсыз тиімді ше­шімдер қабылдау мүмкін емес.

Статистикалық органның негізгі міндеттерінің бірі – барлық пай­даланушыларды толық, шынайы және жедел статистикалық ақ­па­ратпен қамту.

Қазақстан статистика­сы­ның құрылу тарихының та­мыры те­реңде жатыр. Ал­ғашқы Қазақ мем­леке­ті – Қазақ хандығы туралы ста­тистикалық мәлімет­тер­ді рас­тайтын тарихи құ­жат­­тар бар. Шу мен Та­лас өзен­де­рінің бо­йын­да (қа­зіргі Жам­был облысының аума­ғында) ең алғаш құ­рыл­ғанда (1459 жыл) ондағы халық саны 200 мың адамды құраған болатын, ал XV ғасырдың соңына 1 миллион адамға жетті. Алайда, заманауи Қазақстанның ау­мағында тұрақты және орталықтандырылған статистикалық қызметтің пайда болуы XVIII ғасырдың екінші жартысына, яғни Қазақстанның Ресей империясының құрамына кіру кезеңімен тұспа-тұс келеді.

Қазақстан территориясында құрылған бірінші ресми мем­лекеттік статистикалық органға Түркістан губерниялық стат­комитеті (құрылу күні 22 қаңтар 1868 жыл) және оған бағынышты Сыр-Дария және Жетісу облыстық статистикалық бюросы жатады. Алайда 1920 жылға дейін Қазақстанда жоғарыда атал­ған және басқа да жергілікті статистикалық қызметтерді бірік­тіретін бірде-бір статистикалық орган болған жоқ. Ресей Советтік Фе­деративтік Социалистік Республика құрамында (1920 жыл­ғы 26 тамыз) Қазақ Автономиялық Советтік Социалистік Респуб­ликасы (КазССР) құрылуына байланысты, Қазақ АССР Үкіметі 1920 жылғы 8 қарашадағы «Казақ АССР-ндағы мемлекеттік статистика туралы ережесін» бекітіп, ҚазССР-дің Статистика басқармасы құрылды. Осылайша Қазақстанда бірыңғай орталық­тандырылған статистикалық орган 1920 жылдың 8 қарашасында құрылды және бұл күн Статистика күні деп жарияланды.

Статистиктер еліміздің тарихи дамуының барлық саты­ларында түрлі деңгейдегі басқарушылық шешімдерді қабылдауға мүмкіндік беретін шынайы деректерді ұсынып келеді. Бү­гінде олар жоғары дамыған экономикасы мен әлеуметтік инфра­құрылымы бар көп ұлтты мемлекет – Қазақстанның табысты дамуы үшін ақпараттық негізді қалыптастырып отыр.

Жаңа әдістер пен технологияларды ендіре отырып, халық­аралық стандарттар мен үздік шетелдік тәжірибелердің негізінде мемлекеттік статистиканы жетілдіру арқылы статистиканың жаңа дамыған жүйесіне қол жеткізілді.

Департамент тарихында тәуелсіздік алғаннан кейін, алғаш рет 1999 жылы (халық санағының қорытынды мәліметі бойын­ша облыс халқының саны 624991 адамды құрады), екінші рет 2009 жылы (облыс халқының саны 678794 адам) және 2021 жылы (облыс халқы – 814931 адамды құрады) Қазақстан Респуб­ликасының Халық санағына қатысуы, сонымен қатар 2006 жылы Бірінші ауылшаруашылық санағын жүргізуі маңызды оқиға болды. Сонымен қатар, бес жылда бір рет жүргізілетін мульти-индикаторлық кластерлік зерттеулерге (МИКЗ) қатысты. ҚР Үкіметі және БҰҰ (ЮНИСЕФ) балалар қорының бірлескен бағдарламасы аясында жанұя денсаулығы, білім және бала тәр­биесі бойынша бірегей зерттеулер жүргізілді. ҚР Президенті жанындағы әйелдер және жанұялық – демографиялық саясат ісі бойынша ұлттық комиссиясының және ҚР Сыртқы істер министрлігінің халықаралық ынтымақтастық департаменті өкілдерінің қатысуымен «Тұрақты дамудың гендерлік мақсаты» конференциясы өтті.

Өздеріңізге белгілі, биылғы жылы еліміздің аграрлық сек­торының жай-күйі туралы өзекті деректерді алуға бағытталған ауқымды статистикалық зерттеу – Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы өткізілді.

Ауыл шаруашылығы санағы – бұл еліміздің аграрлық сек­то­рының құрылымы, ресурстары мен жай-күйі туралы өзекті әрі сенімді деректерді алуға мүмкіндік беретін ауқымды статис­тикалық байқау. Санақ деректері тиімді мемлекеттік саясат құру, ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдау, азық-түлік қауіп­сіздігін қамтамасыз ету және халықаралық міндеттемелерді орындау үшін қажет. Осы тұста, Сыр халқының санаққа қатысу белсенділігі жақсы байқалғанын атап өткім келеді.

Бүгінгі таңда, статистикалық ақпараттарды жинау және өң­деу барысында жаңа ақпараттық технологияларды кеңінен қол­данудамыз.

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында Қазақстан дамуы­ның негізгі бағыттарын айқындап берді. Онда Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін нығайту, цифрландыруды шындыққа ай­налдыру және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға деген ұмтылысты күшейту керектігі бойынша тапсырмалар берілді.

Өздеріңізге белгілі, қазіргі кезең – цифрлық технологиялар­дың, онлайн қызметтердің қарқынды даму заманы, «ақылды» шешімдерді ендіру уақыты. Қазіргі таңда онлайн жобаларды тиімді жүзеге асыру – басты мақсаттардың бірі.

Цифрландыру бағытындағы жұмыстар статистика саласы­ның эталондық стандарты аясында бағаланады. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының ең басты мақсаты – цифрлық технологияларды қолдану мен жетілдіру арқылы экономикалық бәсекеге қабілетті ету және халықтың өмір сүру сапасын жақсарту. Осы бағытта, респонденттерге қолайлы жағдай жасау мақсатында «Бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсету аймағы жаңартылып, электронды кезек терми­налы орнатылды, ақпараттық кеңес беру мен құжат қабылдау үдерісі оңтайландырылды. Жаңартылған «Бір терезе» аймағы Мемлекеттік статистиканың 105 жылдығына орай, сала ардагерлерінің қатысуымен салтанатты түрде ашылды.

Жалпы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында депар­тамент ғимаратында арнайы мұражай ашылды. Өткенін білмей, қазіргі мен болашағын бағалау мүмкін емес. Біз өткеннен тәжірибе алып, жастарға кәсіби сабақтастықты сақтау және тарихи жадыны дәріптеуді насихаттауға бағыт-бағдар беруге міндеттіміз.

Ұлттық статистика бюросының Мемлекеттік статистиканың 105 жылдығын өткізу жоспарына сәйкес, департамент тарапынан жылдың басынан бері бірқатар маңызды іс-шаралар өткізілді. Бүгінгі күнде ресми статистиканың дамуы мен гүлденуі ісінде мемлекеттік статистика органдарының барлық министрліктер мен ведомстволар, жергілікті атқару органдары, ғалымдар, респонденттермен және басқа да пайдаланушылармен өзара қарым-қатынас құруы өте маңызды іс екенін айта кеткім келеді.

Қайрат ӘБСҰЛТАНОВ,

ҚР Стратегиялық жоспарлау және

реформалар агенттігі

Ұлттық статистика бюросының

Қызылорда облысы

бойынша департамент басшысы