Синтетикалық есірткі бүкіл әлемнің дертіне айналуда. Жалыны оттай шарпыған бұл дерт елімізде де белең алып барады. Жан-жақтан күрес жүргізіліп жатса да, тұтынушы мен тасымалдаушылар қатары азаймай тұр. Ең сорақысы – бұның құрығына жастар ілінуде. Интернеттің дамуы да оның таралуына әсер етуде. Себебі есірткінің еркін саудасы, жаңа түрлерінің тез пайда болуы, интернеттегі мәліметтердің ашықтығы, «синтетиканың» жалт-жұлт еткен жарнамасы оңай жолмен ақша тапқысы келген жастарды елітіп әкетуде.
Қазір екі күннің бірінде он жаңалықтың бірі осы синтетикалық есірткімен ұсталғандар турасында. Олардың қатарында жүкті келіншек те, бесік тербеткен ана да, елдің алдында жүрген танымал тұлғалар да бар. Мәселен жуырда ғана отандық киноларға түсіп, өзінің көрерменін жинап үлгерген актер интернет арқылы 4,5 мың доза синтетикалық есірткіні сатпақшы болған. Құқық қорғау органдары тінту барысында оның пәтерінен электронды таразы, арнайы жабдықтар мен жалпы салмағы 1,5 келіге жететін мефедрон мен «аlfa-PVP» синтетикалық есірткісін тәркіледі.
Ал өткен жылы Қостанайда синтетикалық есірткі таратумен айналысқан жергілікті колледждің екі студенті 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Өзге жастарға сабақ болсын десе керек, қылмыстық істерді қарайтын мамандандырылған соттың ашық отырысы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы өңірлік университетте көпшілік студенттердің алдында өткен. Осындай мысалдар жетіп-артылады. Сонда да тез байып, мол қаржыға ие болуды армандағандар тыйылар емес.
Үкімет қандай шара қолдануда?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында сөйлеген сөзінде:
«… Әр заманның өзіне тән сын-қатерлері бар. Жаһандану үрдісіне, жаңа технологияның дамуына және басқа да себептерге байланысты қоғамға қауіпті жаңа кеселдер пайда болды. Әсіресе, біз мынадай бес кеселмен бүкіл ел болып күресіп, біржола тосқауыл қоюымыз керек. Алдымен, есірткі саудасы, соның ішінде синтетикалық есірткі айналымы. Өкінішке қарай, бұл індет жаппай белең алып барады. Тек былтырдың өзінде есірткіге қатысты 7,5 мыңнан астам қылмыс анықталды. Заңсыз айналымнан 41 тонна есірткі алынды. Нашақорлық, әсіресе, балалар арасында тез таралып, жастарымыз уланып жатыр. Есірткімен күрес белсенді жүргізілмесе, ертең бәрі кеш болуы мүмкін. Қазір есірткі сатқан қылмыскер қатаң жазаға тартылады. Менің ұсынысым: есірткі заттарын өндіретін адамдардың жазасын барынша қатайту керек. Оны ең ауыр қылмыстарға теңестіру қажет. Парламентті бұл бастаманы қолдауға шақырамын», – деген болатын.
Ал сенатор Геннадий Шиповских жылдың басында есірткіге қарсы мекеме құруды ұсынды.
– Есірткі қаупіне белсенді қарсы тұру – мемлекет пен қоғамның ең маңызды міндеттерінің бірі. Елдегі есірткі саудасының өршуіне байланысты тікелей Қазақстан Республикасының Президентіне бағынышты арнайы есірткіге қарсы қызмет жүргізетін жеке-дара мекеме құру мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз.
Синтетикалық есірткіні сатуға қатысатын сайттардың жарнамалау фактілерінің жолын кесу жөніндегі жұмысты күшейтіп, жарнамалаушыларды қатаң жазалау қажет. Мектеп, колледждер мен жоғары оқу орындарында білімгерлерге есірткіні таратудың салдары туралы түсіндіру шараларын жандандыру қажет. Жастар, әсіресе студенттер арасындағы синтетикалық есірткіні тасымалдаушылар (закладчик) санының өсуіне байланысты нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеуді орынды деп санаймыз, – деді Геннадий Шиповских.
Премьер-министр Олжас Бектенов есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі арнаулы мемлекеттік органды құру бастамасын көтерген Сенатордың ұсынысына жазбаша жауап жария етті.
Оның айтуынша жаңа комитет құру мәселесі пысықталып жатыр. Есірткімен күрес және профилактикалық қызметті күшейту мақсатында жаңадан құрылатын ведомствоға қосымша функциялар беру жоспарлануда. Одан бөлек Мемлекет басшысының тапсырмасымен, Үкімет есірткіге қарсы қызметті жетілдіруге бағытталған кешенді жоспарды бекітті.
Ол нашақорларды емдеу және оңалту, нашақорлықтың алдын алу, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл, оның ішінде синтетикалық есірткіні контактісіз жасырып кету тәсілімен тарату және электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалану фактілерін анықтау жөніндегі іс-шараларды қамтиды.
Ал мамыр айының басында Мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда есірткі өндіргендерді өмір бойына бас бостандығынан айыруды мақұлдады.
Өткен аптада Сенат депутаттары да есірткі мен психотроптық заттардың, прекурсорлар мен күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымына қарсы күресті күшейтуге бағытталған заң жобасын мақұлдады.
Заң жобасын таныстырған сенатор Наурызбай Байқадамов бұл құжат «есірткі көмушілер» мен оларды қылмысқа итермелейтіндердің арасындағы қылмыстық жауапкершілікті ажырату үшін әзірленгенін еске салды.
– Қылмыстық кодекстің 297-бабында есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу қылмыстарының бірқатары үшін жаза мерзімдері 2 жылға, ал кейбірін 3 жылға төмендету арқылы өзгертіледі. Аталған қылмыстар үшін мүлiктi тәркiлеу жазасы сақталады. Қылмыстық кодекс жаңа 297-1-баппен толықтырылады, яғни есірткі бизнесін ұйымдастырушылар мен есірткі және есірткі тектестерді өндірушілердің жазасын бас бостандығынан айыру мерзімін өмір бойына дейін ұлғайту арқылы күшейтіледі,– деді депутат.
Ал 297-1-баптың қылмыстарын қызмет бабын пайдаланып жасаған лауазымды адамдарға мүлкін тәркілеу, он бес жылдан жиырма жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Сондай-ақ құрамында есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар бар дәрілік препараттарға рецепт бере алатын лауазымдар мен ұйымдар тізбесін айқындайтын мемлекеттік орган белгіленбек.
Айта кетейік, қыркүйек айының ортасында Ішкі істер министрлігі ішінде есірткі қылмысына қарсы күрес қызметінің Комитеті құрылды. Ендігі жерде бұл бағыттағы күрес одан сайын күшейе түсетіні анық. Бұған дейін елімізде заң қатаңдатылып, есірткі «жасырып кетушілерге» жаза мерзімі 10-15 жылға дейін созылған болатын. Одан бөлек есірткі өндірісінде қолданылатын химиялық жабдықтардың айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді.
Жалпы тізбектей берсек жасалып жатқан жұмыстар аз емес, бірақ әлі де болса есірткіге қарсы әлсіздік бар, еңсеру де жеткіліксіз болып тұр.
Қазақстан қалайша бірінші орында?
Есірткі адамның өмірін 3,7 жылға қысқартады екен. Мамыр айындағы дерекке сүйенсек, есірткі өндірісінің ауқымы жағынан Қазақстан Орталық Азия мемлекеттері арасында бірінші орында тұр. Бұл туралы сол уақытта Ішкі істер министрінің экс орынбасары Марат Қожаев мәлімдеген болатын.
Оның сөзінше, еліміз Орталық Азиядағы «синтетикалық есірткі» өндірісінің ошағына айналған.
– Соңғы 4 жылда «синтетиканың» заңсыз айналымы 10 есеге жуық артты, ал жойылған есірткі зертханаларының саны 27 есеге өсті. Есірткіге қатысты қатаң жазаға қарамастан біздің «синтетика» қазірдің өзінде Қырғызстан мен Өзбекстанның нарығын жаулап алды, – деді экс вице-министр.
Ал халықаралық World Population Review ұйымы жүргізген зерттеу бойынша Қазақстан 8-орында.
– Сарапшылардың зерттеуінше, есірткі қазақстандықтардың өмірін орта есеппен 3,7 жылға қысқартады. Рейтингке сәйкес, бірінші орында АҚШ тұр. Америкалықтардың шамамен 6 пайызы есірткі тұтынады, оның салдары тұрғындардың өмірін 6,7 жылға қысқартып отыр, – делінген зерттеуде.
Жалпы жыл басынан бері елде 3,5 мың есірткі қылмысы тіркелген. Ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше, синтетикалық есірткілердің таралуы артқан. Осыдан 5 жыл бұрын заңсыз айналымнан 10 келі тыйым салынған зат тәркіленсе, қазір 1 жылдың ішінде ол 1 тоннадан асқан.
Өңір, статистика…
Жыл басынан бері аймақта есірткіге қатысты 308 құқықбұзушылық анықталған. Оның ішінде 71 есірткі өсіру, 25 өткізу, 6 аса ірі мөлшерде сақтау, 1 есірткі тұтынуға көндіру, 18 есірткі жарнамалаудың жолы кесілді.
– Өткен жылы есірткі қылмысы бойынша 252 іс тіркелсе, биыл 308-ге жетіп, 56 фактіге артып отыр. Сондай-ақ заңсыз айналымға жіберілмеген 1 тонна 462 килограмм есірткі заты жойылды. Оның ішінде 324,9 гр синтетикалық есірткі тәркіленді. Былтыр бұл көрсеткіш 108,6 гр құраған. Сонымен қатар 3 фито-зертхана анықталып, олардың қызметі толықтай жойылды.
Жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде «меф» және «a-PVP» синтетикасын аса ірі мөлшерде тасымалдаудың 4 дерегі анықталып, Қызылорда, Ақмола және Ақтөбе облыстарының тұрғындары құрықталды. Департамент мамандары прокуратура мен «Amanat» партиясының өкілдерімен бірлесіп үздіксіз есірткімен күрес жұмыстарын жүргізуде. Нәтижесінде есірткі жарнамасы бар 60-тан астам граффити-жазулары жойылды, – дейді облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Темірхан Асқатұлы.
Полиция маманының айтуынша, есірткі қылмысының таралуына интернет желісінің әсері зор. Әсіресе, екі қолға бір күрек іздеген жұмыссыз жастар желідегі жарнамаларға сеніп, ұрынып қалуда.
– Қазіргі уақытта әлеуметтік желі сауда алаңына айналған. Жеңіл жолмен ақша тапқысы келген жастарымыз жалған жарнамаларға сеніп қалуда. Арам пиғылдарын жүзеге асырушылар да түрлі парақша, сайт арқылы сауда қыздырып жүр. Соған қарамастан біздің департамент әлеуметтік желіде мониторинг жүргізу барысында «Киберқадағалау» ақпараттық жүйесіне синтетикалық есірткіні жарнамалайтын 250 сайттың жұмысын тоқтатты. Айта кетсем, интернет арқылы есірткі сататындарға берілетін қылмыстық жауапкершілік аз емес. Оны жеткізіп, тасымалауды жұмыс деп қарастыратын жастар бұл жұмыстың қылмыс екенін терең ұғынса екен, – дейді Т. Асқатұлы.
Тәуелді болғанымды байқамай қалдым
Жалыны шарпыған бұл дертке қалай десек те жастар дендеп кіріп кетті. Ал қызық көріп тұтынғандар, кейін қалай тәуелді болып қалғанын аңғармай қалуда. Солардың бірі – қала тұрғыны Жансая (кейіпкердің өтініші бойынша атын өзгерттік). Оның айтуынша есірткіні тұтынуға өзінің жақын досы себепкер болған. Басында бас тартқан ол досының «бір рет көргеннен нашақор болып кетпейсің» деген сөзіне сеніп қалады. Бір жағынан біраз уақыттан бері араласатын досы жаман жолға түсіреді деген ой келмейді. Кейін бірте-бірте бұл әрекеттері жиі тұтынуға әкеп соқтырады.
– Мен алғаш есірткінің дәмін татқанда жасым 21-де болатын. Оған дейін есірткі қолданып көргенім жоқ. Басында тек қызығушылықпен пайдаландым. Одан соң онсыз тұра алмайтын дәрежеге жеттім. Ортам, мінезім өзгерді. Өмірдің мәнін жоғалттым. Не істеп жүргенімді өзім түсінбейтінмін. Менің ойымда бір ғана нәрсе болды, күнделікті ұнтақты пайдалану, соған ақша табу, –
дейді ол.
Оның ерсі қылықтарын байқаған ата-анасы үйге қамап та ұстаған. Орталықтарға апаруға, емдетуге ұмтылған. Бірақ ол оған біраз уақыт көнбейді.
– Ата-анам білгенде оларға қатты қиын болды. Ешнәрседен тарықтырмай өсірген қызының мұндай қылығын көру кімге де болса ауыр тиеді ғой. Үйге қамады, мен қашып кетіп жүрдім. Ақыр соңында құр сүлдем қалды. Ешнәрсеге зауқым жоқ. Түпсіз терең ойға кеттім. Бірақ осы шыңыраудан ата-анам шығарды. Солардың арқасында емдеу орталығына келіп, мамандардың көмегіне жүгініп барып есімді жидым, қателігімді түсіндім. Қандай жағдай болса да ата-анама керек екенмін. Солардың еңбегін ақтауым керек. Ендігі жерде бұл дүниені қайталамаймын, өзгелерге де сабақ болса екен, – дейді ол.
Ата-ананың, ағайын-туыс, бауырдың қолдауы болса мұндай тығырықтан шығуға болады. Бірақ, шырмауға маталып, құзға құлап жатқандар қаншама?! Бұл мәселеде отбасы ғана емес қоғам болып күресуіміз қажет. Кімге болса да болашақ қымбат…
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<