Сириядан оралған қызылордалық: «Әйел, бала деместен аяусыз өлтіретін»

1735

0

Өткен жылы Елбасы – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қазақстандықтар «Жусан» операциясы арқылы қақтығыс аймақтарынан елге оралды.

    Қақтығыс аймағындағы адами қасиеттерге жат тіршілікті көрген олар псевдосалафиттік уағызшыларды тыңдап, деструктивті идеология бойынша діни сенім қалыптастырған. Бүгінгі күнге дейін олармен теологиялық, психологиялық жұмыстар жүргізіліп келеді.

Отанына оралғандардың бірімен бірімен сөйлескенімізде ол: «Қазақстан мемлекетін кәпір санап, шариғи мемлекетті аңсап, жолдасыммен бірге шет ел асып кеттім. Жолдасым екеуміз ата-анамызға өтірік айттық. «Шағын бизнес ашып, жұмыс істейміз» дедік. Ал негізгі ойымыз – Сирияға бару. Онда әмірлердің әділетсіздігін көрдім. Барлық жағдайы жасалған. Азық-түлікпен толық қамтылған. Ал біз аштықта өмір сүрдік. Жанымыздағы адамдардың балалары көз алдымызда соның салдарынан көз жұмып жатты. Тіпті, бір жұтым суды табудың өзі қиын еді. Ефрат өзенінен су алуға барамыз. Онда әйел, бала деместен аямай өлтіретін. Ер азаматтар соғыста болады. Біз тек үйде отырдық. Елге қайту жолын қарастырдым. Туған жерге оралуға көптеген қаржы керек болса да, үміт үзбедім. Шын мәнінде шариғи мемлекет болса, бізді мәжбүрлеп ұстамай қайтаратын еді. Жолдасым Қазақстанға қайтуға мүмкіндік туса, «бірінші балаларым мен сені жіберемін» деп жиі айтатын. Соғыс аймағында жарылыс болып, өзі өмірден өтті. Әрбір түнде «ертең оянбай қалуым мүмкін ғой» деген қорқынышпен көз ілетінмін. Аллаға шүкір, біздің жасаған қателігімізге қарамастан Қазақстан қол ұшын созды. Басқа ұлт өкілдері «Бізде де Қазақстан азаматтығы болғанда ғой» деп қызыға қарады. Өз мемлекетімнің қадірін кеш білгеніме өкінем. Шалыс басып, соқыр сенімнің жетегіне еріп кетсем де, халқымыз қабақ шытпай қарсы алды. Қолдан келгенше көмегін беріп жатыр. Бейбіт еліме қайта оралғаныма қуаныштымын. Перзенттерімнің балалық шағы тыныштық пен бейбітшілікте өткенін қалаймын. Қиын сәтте тек жаныңда ата-анаң мен бауырларың демеу болатынын түсіндім», – деп, көз жасына ерік берді. 

Сириядан оралған қыз-келіншектер бейбіт қоғамға бейімделіп келеді. «Шанс» бейімдеу орталығы қаракөздеріміз бен балаларына ана тілін меңгеруді үйретіп, психологиялық, медициналық көмек берді. Олардың балалары ойын-сауық орталықтарына барып, еркін серуендеп, бақытты балалық шақтарын жалғастыруда.

Жергілікті атқарушы мекемелер тарапынан балалар мектепке орналасып, білім алуға қажетті оқу құралдарымен қамтамасыз етілуде. Олар қара жамылғысын ашық түсті киімге ауыстырған. Мешіттердегі іс-шараларға жиі қатысып тұрады. Балаларды қоғамға бейімдеу мақсатында барлық жағдай жасалған. Осы тұрғыда азаматшалар Қызылорда қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі тарапынан үш айлық тігін курсын бітірді. Мемлекет тарапынан жеке кәсіп ашу үшін қайтарымсыз грант негізінде қаржылай көмек көрсетілді. Карантиндік режимге байланысты, жеке кәсібін бастаған жоқ. Бөлімнің ықпалымен аталған азаматшалар азық-түлікпен қамтамасыз етіліп келеді.

Қақтығыс аймағында атылған оқ пен бомбадан көз ашпаған сол тұрғындар осылайша жаңа өмір бастауға, ал балалар бейбіт өмір сүруге мүмкіндік алды. Шалыс басып, соқыр сенімнің жетегінде кеткен оларға мемлекет көмегін аяп жатқан жоқ. «Адасқанның айыбы жоқ қайтып үйірін тапқан соң» демекші, жасаған қателігін түсінген олар елімізге деген құрметі ерекше екенін айтады.

Ақерке САҚТАҒАНОВА,

облыстық ішкі саясат басқармасы

дін мәселелерін зерттеу орталығының теологы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<