XXXIV халықаралық «Витебск-2025» эстрадалық ән орындаушылары байқауында Гран-при жүлдесі қазақстандық Алмагүл Батталиеваға бұйырды. Бұл туралы Қазақпарат агенттігі БЕЛТА-ға сілтеме жасап хабарлады.
Витебск қаласында өткен «Славян базары» халықаралық фестивалінің жас орындаушыларға арналған беделді байқауында қазақстандық әнші Алмагүл Батталиева жеңіске жетіп, Гран-при иегері атанды. Екі күнге созылған байқау қорытындысы бойынша ол 137 ұпай жинады. Финалда әнші жүрек тебірентерлік «Вечность» әнін орындап, көрермендердің қошеметіне және қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.
Бірінші орын беларусьтік Валерия Бернатовичке бұйырса, екінші орынды Армениядан Давид Киракосян мен Италиядан Доменико Барбера бөлісті. Ал үшінші орынды ресейлік Эрик Ахметов пен қырғызстандық Рыскелді Сарбеков иеленді.
Қандай ақшаны айырбастауға болмайды?
2021 жылғы 12 маусымнан бастап Қазақстанда 2006 жылы шығарылған банкноттарды айырбастаудың мерзімсіз кезеңі бар. Айналымнан шыққан 2006 жылғы үлгідегі банкноттарды Ұлттық банктің филиалдарында мерзімі бойынша қандай да бір шектеусіз айырбастауға болады.
Ұлттық банктің Tengrinews.kz-ке берген жауабына сүйенсек, мерейтойлық банкноттар заңды төлем құралы саналады, олар екінші деңгейдегі банктер, «Қазпошта» бөлімшелері, сондай-ақ, Ұлттық банк филиалдарында еш шектеусіз қабылданады және айырбасталады.
«2011-2017 жылдар аралығында шығарылған «Қазақ Елі» сериялы банкноттар белгіленген кезең ішінде айналыстан алынады. Осы кезең аяқталғаннан кейін барлық банк пен «Қазпошта» ескі үлгідегі банкноттарды 3 жыл ішінде жаңа үлгідегі банкноттарға айырбастайды, ал Ұлттық банк филиалдары ескі үлгідегі банкноттарды мерзімі бойынша шектеусіз қабылдайды. 2006 жылға дейін шығарылған барлық басқа банкнот айырбасталмайды және айналыстан алынған деп есептеледі» деп жазылған жауапта.
Қазақстандықтарда 90-жылдар үлгісіндегі теңге сақталса, бүгінде олардың ешқандай құны жоқ және олар айырбасталмайды.
Ұлттық банк мәліметінше, 2024 жылдың басынан бері қазақстандықтар 2006 жылғы 500 теңгені 17 миллион теңгеден аса сомаға 35 058 банкнотқа; 2006 жылғы 1000 теңгені 18 миллион теңгеден аса сомаға 18 248 банкнотқа айырбастаған.
Несие кейінге шегерілуі мүмкін
Қазақстанда халықтың кей топтарына несиесін кейінге шегеру мүмкіндігін беру қарастырылып жатыр. Әлеуметтік осал топтар мен төтенше жағдайдан зардап шеккендердің несиесіне қатысты өзгерістерді қамтитын жоба құжаты Ашық НҚА порталында жарияланды, – деп жазады Nur.kz.
«Микрокредит беру туралы шарттың талаптарына өзгерістерді қарау қағидаларын бекіту туралы» 2021 жылғы 16 шілдедегі №82 және «Банктік қарыз шартының талаптарына өзгерістерді қарау қағидаларын бекіту туралы» 2021 жылғы 16 шілдедегі №84 қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі басқармасы қаулысының жобасы мыналарды көздейді:
1) халықтың әлеуметтік осал топтары (ТЖА-мен) және ТЖ-дан зардап шеккендер үшін кейінге қалдыруды енгізу;
2) растайтын құжаттар болған кезде қарыз алушының (ХӘОТ немесе ТЖ-дан зардап шеккен адамның) табысы төмендеген кезде комиссиясыз кемінде үш ай мерзімін кейінге қалдыру міндетін белгілеу;
3) қарызды өтеу мүмкін еместігін тудырған өмірлік мән-жайдың сипатына қарай қарыз алушыдан құжаттарды сұрату тәртібін нақтылау және қосымша түріндегі осындай құжаттардың тізбесі қосылды» делінген хабарламада.
«СБ» ақпарат





