Соғыстан қайтқан солдаттар

428

0

Фото: автордан

Көрдің бе ұлын ананың,

Соғыстан қайтқан солдаттар.

Көрдің бе жарын арудың,

Соғыстан қайтқан солдаттар.

Көрдің бе оның көкесін,

Соғыстан қайтқан солдаттар…

Қазақтың әйгілі ақыны Сырбай Мәуленовтың екінші дүниежүзілік соғыс туралы ешқашан оңайлықпен жазыла қоймайтын, жан жарасын сыздатып тұратын атақты өлеңінде осындай жолдар бар еді-ау. Жазылғанына жетпіс жылдан асса да соғыс салған қайғы-қасіретті қалай айнытпай жеткізгеніне қайран қаласың?! Адамзатқа алапат апат ала келген, миллиондаған тағдыр иелерінің болашағын тас-талқан етіп, тұтас шаңырақтарды шайқалтқан соғыс зардабы ғасырдан ғасырға жалғаса беретіні анық.

Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Сыр өңірінің Жалағаш ауданына қарасты Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы үрдіске сай алдымен Жаңаталап, кейінірек Мақпалкөл, ал 2023 жылдан бастап «Темір Нарком» атанған Темірбек Жүргеновтың 125 жылдығына орай Т.Жүргенов ауылы атанған ауылда 1922 жылы дүниеге келген Жылқыбаев Кеңшіліктің де өз замандастары сияқты өмір өрнегі, екінші дүниежүзілік соғыстың жорық жолындағы жауынгерлік тарихы бар. Тұтас қоғамның тегершігі мүлдем басқа бағытқа бұрылып, өкімет ауысып, ақ пен қызыл атой салып ел ішінде әлі де тыныштық орнамай тұрған, жақын-жуық, ағайын-туысты түгендеу тұрмақ, әр отбасы өз шаңырағының амандығы үшін арпалысқан аласапыран уақыттар еді ол.

Көнкеөз қариялардың айтуынша, майдангердің әкесі Жылқыбай өз заманындағы ауқатты адамдардың бірі болыпты. Бұған қоса, ағайынның ауызбірлігін уысында ұстаған, ауыл арасының дау-дамайын сыртқа шығармай өз ішінде шеше білетін қазақы жөн-жосықтың білгірі болған екен. Көпке сөзі өтімді адамдар үкіметтің құрығына оңай ілінетін зобалаң жылдары әлдекімдердің көрсетуімен ұсталып, хабарсыз кетеді. Ал анасы Болтай дүйім елді тұралатқан ашаршылықта сырт жерден түйемен кіре тартып жүріп, кезекті сапарында қайтпай қалады. Кейіпкеріміз Кеңшілік Жылқыбаев ата-анадан екі ағайынды еді, бір өкініштісі ел басына күн туғанда қан майданға алдымен аттанған інісі Жақыпқа туған жердің топырағы бұйырмай, сүйегі жат жерде қалды.

Кеңшілік те бұғанасы қатып, буыны бекімеген бала шағында көрер жарығының, татар дәм-тұзының бұйырысына шығар, ел ішін жайлаған ашаршылықтың ақтаңдағынан Жалағаш ауданының Еңбекші ауылында тұрған Қатира апасы мен Базарбай жездесінің қолында болып, әупіріммен аман қалды. Қалың елге ортақ келген ол зұлматты тарқатып айтып отырудың өзі артық болар еді. Көкірек көзі ояу, заман ағымына ілесуге құлшына ұмтылған жігерлі жасөспірім, сол кездегі оң-солын ажыратуды алдарына мақсат еткен санаулы қатарластары сияқты ауыл деңгейіндегі орталау мектептен жетіжылдықты бітірген соң Қызылорда қаласындағы педучилщені тамамдады. Оқуын жалғастырмақ ниетте еді, тосыннан келген сұм соғыстың кесірінен армандары аяқсыз қалды. Ел іші теңселіп, ендігі келешектің қандай боларына алаңдаған, ана баласын аттандырып, жары қосағын шығарып салып, бауыр бауырымен қимай қоштасып жатқанда, Кеңшілік небәрі он тоғыз жасында өзі сұранып майданға аттанды. Бұрын-соңды елден жырақ шығып көрмеген қарапайым қазақтың баласы белгісіз тағдыр талайына да алаңдап әскери эшелонның ішінде екіұдай күйде батысты бетке алып кетіп бара жатты.

Тарихтан белгілі болғандай, сол кезеңмен салыстырғанда азамат соғысынан кейінгі дүрбелеңнен және ашаршылық пен саяси элита арасында жүргізілген репресиядан көз ашпай келе жатқан, сонымен бірге бірнеше айлық Польша, Финляндиямен арадағы қақтығыстардан да абдырап қалған әлі де жас Кеңес Одағы үшін күн тәртібінде өте қысқа мерзім ішінде майдан тағдырында шешуші роль атқаратын кіші әскери қызметкерлер дайындау мәселесі өткір тұрған болатын. Білім деңгейі, денсаулығы, саяси сауаттылығымен бірге ұйымдастырушылық қабілеттері жан-жақты тексеруден өткен өзі сияқты өрімдей жастармен Кеңшілік Жылқыбаев 1941 жылдың қараша айынан бастап, Ресейдің Воронеж қаласындағы кіші командирлер, яғни офицерлер даярлайтын арнайы қысқа мерзімді курста әскери дайындықтан өтіп, лейтенант атағын алып шығады.

Ал 1942 жылдың наурыз айында майдан шебіне кіріп, алғашқы ауыр жарақатын да алып үлгерді. Дала госпитальіндегі бірнеше айлық емделуден кейін майданға қайта аттанды. 1943 жылы коммунистік партия қатарына қабылданды. 10.1942-09.1944 жылдары атқыштар бөлімшесінің командирі, 09.1944-04.1945 жылдары есептеу бөлімшесінің командирі, 04.1945-09.1945 жылдары МСР немесе мотоатқыштар бөлімшесінің командирі міндеттерін адал атқарды. Украинаны азат ету үшін болған ұрыстардың бірінде қолынан жарақат алған Кеңшілік емделіп шығып, жорық жолын одан ары жалғастырды.

Жау ұясының ордасы Берлинді алу операциясында Кеңшілік Жылқыбаев қала көшелеріндегі ажалмен бетпе-бет келген қиян-кескі шайқастың бел ортасындағы ұрысқа бастан аяқ қатысты. Бұл кезде МСР командирі, яғни міндетіне қандай сынақты сәтте де  қарамағындағы жауынгерлердің жауапкершілігі, ұрыс барысында өзі бас болып бөлімшені ұрысқа көтеру міндеті кіретін  мотоатқыштар есебінің бөлімше командирі болған аға лейтенант Кеңшілік Жылқыбаевтың жауынгерлері де Берлин көшелерін жаудан тазартуда көппен бірге жан аямай, қарша бораған жау оғының астында жүріп, өшпес ерліктің үлгісін көрсетті.

Берлин үшін болған шайқаста Кеңшілік өзімен бір майданда болған, өзінен екі жас кіші, қазақтың өрімдей жас жігіті, сол кездегі аға лейтенант Рахымжан Қошқарбаевтың рейхстагтың төбесіне Кеңес одағының туын тіккен тарихи сәтінің куәсі болғанын мақтан етеді. Бұдан өзге, жан алып, жан беріскен ұрыс жүріп жатқан Берлин көшелерінің біріндегі қалтарыста, қазақтың атақты әншісі, өзімен түйдей құрдас Роза Бағланованың айналада естіліп жатқан оқтың даусынан қаймықпай танкінің үстіне шығып, жауынгерлердің рухын көтеріп, жеңіске ынталандыру үшін салған әндерін тыңдап, тарихта бетбұрыс жасалып жатқан сондай сынақты сәттерде қазақ деген халықтың қандай екенін әлемге әйгілеп жатқан әрі жерлес, әрі қандас бауырларының даңқты ерліктеріне куә болғанын да, өзінің де солардың жанында болып, жеңісті жақындатуға үлес қосқанын мақтаныш етеді.

Алапат соғысқа бастан-аяқ қатысып, Ұлы жеңісті Берлинде қарсы алған Кеңшілік Жылқыбаев әскер қатарында 1947 жылға дейін болды. Осы уақыт аралығындағы қираған қалаларды қалпына келтіру кезеңінде өзінің көкірек көзі ашық сауаттылығының арқасында Кеңшілік писарь, яғни іс қағаздарын ретке келтіру қызметін атқарып, әскери құжаттарды түгендеу арқылы жоғары басшылықтың алғысын иеленді.

Жеңімпаз жауынгер 1947 жылы аман-есен елге оралды. Сол жылы соғыс пен бейнеттен көз ашпай еңсесі түскен елді, үлкенді де, кішіні де қуантып, Мақпалкөл аулында ашылған төртжылдық мектепке мұғалім болып қабылданды. Озық ойлы, шешен тілді, білімді азаматқа бала жанының бағбаны болу қиындық келтірген жоқ. Жас болса да өмірдің ыстық-суығында ысылып, шар болаттай шыңдалған Кеңшілік Жылқыбаев басшылықтың назарына шалынып, 1953 жылдан 1960 жылға дейін колхоздың партия ұйымының хатшысы, 1963 жылға дейін колхоз төрағасының орынбасары қызметінде болды. 1963 жылдан Қазақстанда колхоз, совхоздардың орталықтандырылып, қайта жасақталғаны белгілі. Сол кезеңнің, сол қоғамның адалдығының көрсеткіші, коммунист ретінде, басшылық қайда бағыттаса да бас тартпай, құрылыс саласының басшысы, бригадир, ауыл шаруашылығында түрлі қызмет атқарды.

Осылайша, Отан үшін от кешкен жеңімпаз жауынгер соғыстан кейінгі тұралаған тұрмысты түзеуге, ел-халықтың еңсесін көтеруге де аянбай атсалысты. 1982 жылы Жаңаталап кеңшарынан зейнет демалысына шыққан соң да ауылдық ардагерлер кеңесін басқарып, өмір тәжірибесін ауылдағы ағайынның ауызбірлігін нығайтуға жұмсады.

Соғыс және еңбек ардагері Кеңшілік Жылқыбаев жұбайы Қазына Жабағиевамен бірге төрт бала тәрбиелеп өсірді. Үлкен ұлы Жомартбек Мақпалкөл аулындағы қарашаңырақты ұстап отырса, Сырдария ауданы, Аманкелді аулында тұратын қызы Жаннат Жылқыбаева жары Жарқынбекпен бірге сегіз бала тәрбиелеп өсірген Батыр ана. Ал,Жұматбек, Жахатбек есімді екі ұлы тағдырдың жазуымен бозбала шағында өмірден өтті.

Ел басына түскен сындарлы сынақтарда алғы шептен көрініп, халық шаруашылығын қалпына келтіруге қомақты үлес қосқан соғыс және еңбек ардагері Кеңшілік Жылқыбаев 2006 жылы 84 жасында өмірден өтті. Майдандағы көрсеткен ерлігі үшін екінші дәрежелі Отан соғысы орденімен, жауынгерлік ерлігі үшін, Германияны жеңгені үшін медальдарымен, Ұлы жеңістің 30, 40, 50, 55, 60 жылдығы медальдарымен,Украина президенті Леонид Кучманың «Украинаны азат еткені үшін» медальімен марапатталса, бейбіт өмірдегі алған марапаттары өз алдына бір төбе.

«Майдангерлердің ерлігін есте сақтау, оларды құрмет тұту – бүгінгі ұрпақтың қасиетті парызы. Болашақ буын аталарының даңқты жолын ұмытпай, Отан үшін от кешкен ерлердің есімін келешекке жеткізуге міндетті. Қорыта айтқанда, бұл қоғамымыздағы тыныштық пен келісімнің, татулық пен тұрақтылықтың, ел өркендеуінің басты кепілі болмақ.

«Бүгінде аймағымызда Ұлы Жеңістің қадірін ұрпақ санасында қалдыру мақсатында көптеген игі шаралар атқарылуда. Соғыс және еңбек ардагері, майдангер әкеміз Кеңшілік Жылқыбаевты еске алу шаралары өткізіліп, туған ауылынан есіміне көше атауы берілсе деген тілегім бар», – дейді осы тұрғыда тиісті органдарға бірнеше мәрте ұсыныс беріп, ұсынысы аяқсыз қалған майдангердің қызы Жаннат Жылқыбаева.

«Жүйелі сөз жүйесін табады» дейді халық нақылы. Отан үшін кеудесін оққа тосып, бүгінгі ұрпақтың бейбіт болашағы үшін қанын төккен жеңімпаз жауынгерлерге мемлекет басшысының өзі тарихи тұлға деген статус беріп жатқанда, Ұлы жеңістің 80 жылдығы қарсаңында майдангер өмір кешкен ауылдың бір көшесіне есімін беру туралы мақұл сөзге тиісті басшылар да, ауылдастар да мәрттік танытып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.

Әлімжан ӘЛКЕБАЙҰЛЫ,

журналист

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<