Соңғы автобус

1356

0

Бір досым бар еді. Оны әкесін қарттар үйіне өткізгелі сыйламайтын болдым. Бетпе-бет келсем, қарттар үйінде жәудіреген жанарымен терезеге үңілген әкесінің бейнесін көремін. Көз алдымнан кеткен емес. Тіпті өмірінің соңғы сәттерін ағайынның ­ортасында өткізгісі келген оны баласы емес, туыс­тары алып кетті. Туған баласынан тіпті бір уыс топырақ та бұйырмады. Қынжылдым. Солай… Тағдыр әділетсіз деп жатамыз, бірақ соны жасайтын да өзіміз.

Аялдамада баласы мен анасы ұрсысып тұр. Анасы ақыл айтады. Бала болса, сауық кешіне бармағаны үшін ашулы. Түкке тұрмайтын дүние ғой. Солай емес пе?! Сонадайда аузынан түтін будақтап, қолына шоқты шылымын қысқан адам – осы баланың әкесі. Баласы мен жарына тіпті де көңіл аудармайды. Соңғы автобусты күтіп тұр. Ақырын аяңдап, баланың қасына бардым.

– Сенікі дұрыс емес.

– Сен кімсің маған ақыл айтатын?

– …

Сәл үнсіздіктен соң иығына қолымды қойып тұрып:

– Сен өзің ойлап қарашы, – дедім. – Сауық кешінің қызығы бір-екі күн айтылар, қалар. Бірақ, анаңның тілін алмағаның өзіңе мәңгілік таңба болып қалады. Жүрек түкпірінде жазылмас жара пайда болады. Сен қанша тырыссаң да оны жазу қолыңнан келмейді.

Бала үнсіз қалды. Әкесінің аузы ішімдіктен құрғамайтын. Анасы мектепте техникалық қызметкер. Былайша айтқанда, еден жуады. Жол түсіп, үйіне соға қалсаң, қара су мен қара наннан өзге дастарқанға қояры жоқ. Әлгі әйел бірақ үнемі күліп жүреді. Мен соған таңғаламын.

Арада бір апта өткенде сол үйдің баласы менен кешірім өтінді. Ал мен анасынан кешірім сұрау керегін айттым. Ол үнсіз. Жанарынан жас тамып тұрып, анасынан айырылып қалғанын айтты. Ойланып қалдым.

Әкеден ерте қалған соң ба өмірімдегі барым да, нарым да анам деген көзқарасты көбіне алға қоямын. Ал ананың балаға деген сезімі ерекше екеніне ешкім күмән келтірмес.

***

«Универсам» маңында қа­йыр тілеген келімсектерді көп кезіктіреміз. Студент жастардың көп жүретін жері ғой. Үнемі бір әйелді байқаймын. Өзі кар­тонның, баласы қалың көпшіктің үстінде отырады. Денсаулығына  алаңдайтынмын. Кейде ана мен бала тақырыбы қозғалса, сол әйел еске түседі. Бүгін тағы өттім әлгі тұстан. Кісі аяғы арылмайтын жер ғой, жұрт өтіп барады. Бірақ әлгі әйелдің орны бос тұр…

Мен оны баласының ден­саулығына қарайлап, қолынан бар келгенін жасайтыны үшін құрметтейтінмін. Иә, өткен сайын бақыр тиындардың бірне­шеуін тастап кететінмін.

***

Махаббат әлі студент. Медбике мамандығында оқиды. Тәжірибеден өтуге елорданың ең мықты ауруханасына келген. Анасының жүрегіне ота жасады. Дәрігерлер ота бөлмесінен анасын реанимацияға шығарғанда кеудесіндегі қан ізін өзі сүрткен еді. Анасының кеудесіне көзінің жасы да тамды. Ол тұрмысқа шығарда жігіт ұсыныс айтты.

– Мен өзіме жар іздемеймін. Анама келін іздеймін. Жақсы келін бола алсаң, жақсы жар болғаның, – деді.

– Мен ананың қадірін білемін, – деді Махаббат.

Қыздың жанарынан бір тамшы жас сырғып барады… 

***

Балалар үйінде тәрбиеленген Әсет деген досым бар. Ата-анасын қанша іздесе де, таба алмаған… Сонан соң  Қара­ған­дыдағы милиция мек­тебінде оқыды. Білім алды. Қазір беделді қызметкер. Осыдан біраз уақыт бұрын кездейсоқ жолығып қалдық. Шайханада отырып ата-анасын тапқанын айтты. Олар жайлы айтқан сайын жүзі жайнап сала береді.

– Мен оларды тауып алдым. Сенесің бе, милиция мектебінде жай әншейін оқымаппын, – деді жүзі бал-бұл жайнаған ол.

Бірақ ата-анасы көше кезген қаңғыбас екен. Олармен алысып жүріп, тіпті ішімдікті де тас­татыпты. Қолына алып, үйіне тұрақтатқан. Келіншегі екеуі оларды қалыпты өмірге дағдыландырған.

Осыны естігенде әкесін қарттар үйіне өткізіп жіберген досымның өзін ақтағаны есіме түсті. «Келіншегім екеуі сөзге келіп қала береді, сосын жасы келген кісі, алғаным қаланың қызы ғой» деген еді. Әсеттің өмірлік жарына риза болдым.

***

Автовокзал аумағында жеңіл жүрісті әйелдер көп жүретін. Келімді-кетімді кісілер сол аумақта олардың қызметін тұтынады. Солардың ішінде дү­кенші келіншекті танимын. Күнұзақ баласын аулада қы­дыртып жүріп, кешкілік жұ­мысқа кіріседі. Аты – дүкенші, заты – …

– Балаң кішкентай. Қазір сенің жұмысың туралы білмейді. Ертең ер жеткенде осындай лас жолмен ақша тауып, асырағаныңды білсе, рақмет айтар деп ойлайсың ба? – деймін қынжылып.

– Балам ауру екенін білесің. Қазір оған көмек көрсетпесем, ауруын асқындырып одан айырылып қаламын. Оған көмектесе алмай өзімді өзім жек көргеннен дені сау болып ер жетіп, балам мені жек көрсін, – деді көзінің жасын сығып.

Айтарға сөз таппадым.

***

Жақын досым қарт анасын ауылына жалғыз қалдырып, өмір­лік жарым деп бір шүйке­бастың соңынан кетті. Ана байғұс бақыт тілеп қала берді. Бір кездері дәл осындай жағдай жақын бауырымның да басында болған.

Сұрай қалсаң, «Анаммен басы піспеді, енді қайтем?» деген бір-ақ жауап. Тіпті «баласы керек болса келеді де» дейді.

Жүрегің тілініп кетердей. Бірақ тағдыр деп тағы айналып өтеміз. Алайда сол тағдырды жасайтын өзіміз екенін тағы ұмытамыз.

***

Қарашаның қара суығы желтоқсан болса да кеткен жоқ. Қызылордалықтар қарды ізде­мейтін де сияқтымыз. Шылымымды тістеген күйі алысқа көз тастадым. Қасымдағы орын­дықта әкелі-балалы екеу отыр. Бұл жолы әлгі әйел жоқ.

Соңғы автобус та келді. Қарттар үйінің аялдамасына тоқтағаны сол еді, ішінен тая­ғына сүйенген қарт аналар мен ақсақалдар түсті. Зейнетақы берер уақыт келген екен ғой дедім ішімнен. Өздерін осында өткізіп кеткен балалары мен немерелеріне ақшасын беріп келе жатқанын бірден ұғасың. Сонда деймін-ау, тым құрыса осында көліктерімен жеткізіп тастауға да құлықсыз болғаны ма?!

Телефон шыр етті. Анам екен.

– Балам, қашан келесің? Кешкі асқа үлгересің бе?

– Иә, апа, қазір жетемін.

Аян СПАНДИЯР 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<