Сот қызметіне қолжетімділік артты

1189

0

Бүгінгі қоғамды ақпараттық технологияларсыз елестету қиын. Бұл ғылыми прогресс адам баласының жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, тиімділік, жариялылық, ашықтық қағидатын да ала келді. 

Өркениетті технологияны пайдалану сот саласында да өзгеше рең берді, халықпен байланысудың бірізді жолын ашты. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты ақпараттық сервистерді дайындау барысында азаматтардың мүддесін ескере отырып, электронды технологиялардың халыққа қолайлы, ыңғайлы және қолжетімді болуына басымдық берді.

Сот жүйесіне заманауи технологияларды енгізу сот ісін жүргізуді біршама жеңілдетті. ІТ-технологияларды кеңінен пайдалану, ақпараттық жүйелерді біріктіру, ақпараттық технологияларды қолдану сот жұмысының ашықтығын қамтамасыз етуге септігін тигізіп отыр.

Бүгінде сотқа ақпараттық технологиялар арқылы талап-арыздар мен шағымдарды беру, құжаттардың көшірмелерін алу және іс материалдарымен танысу мүмкіндігін көздейтін электрондық сот төрелігі кеңінен қолданысқа ие болып отыр. Сот жүйесін ақпараттандыру бағытындағы жаңашылдықтар құжаттарды қабылдаудан бастап, шешімдерді, атқарушылық парақтарды, үзінді көшірмені берумен аяқтай отырып, сот төрелігін іске асырудың барлық кезеңдерін қамтиды.

Қазіргі уақытта сот саласында процеске қатысушыларды SMS-хабарлама және электронды пошта арқылы хабарландыру жүйесі, «Сот құжаттарымен танысу», «Сот істерін қарау кестелері», «Сот кабинеті», «Сотқа шақыру қағаздары» сервистері белсенді қызмет етеді.

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты еліміздегі төтенше жағдайға байланысты, азаматтарға барынша қолайлы жағдай жасап, құқықтарын онлайн режимінде қорғауға баса көңіл бөлуде. Өндірістегі істер «TrueConf», «WhatsApp» мобильді қосымшаларының көмегімен қаралып келеді.

«TrueConf» мобильді қосымшасын қолдану тәсілі өте қарапайым. Ол үшін «Playmarket» бағдарламасы арқылы аталған қосымшаны смартфонға жүктеп, сот отырысына қосылу үшін сот отырысының хатшысы берген сервер нөмірі, логин мен пароль болса жеткілікті.

Ал, «WhatsApp» мобильді қосымша халық арасында кеңінен қолданысқа ие болып табылатындықтан, сот отырыстарын қашықтықтан кедергісіз өткізуге септігін тигізуде.

Қорыта айтқанда, сот жүйесіне ақпараттық технологияларды енгізу қазіргі уақытта өзінің тиімділігін көрсетті. Азаматтардың уақыты үнемделіп, сот қызметіне қолжетімділік еселене түсті. Бұл адамдардың сот жүйесіне деген сенімін арттыруға ықпал ететіні сөзсіз.

Айман ҚУАТБАЙ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<