Сот – сот төрелігін жүргізумен қатар, анықталған заң бұзушылықтарға ықпал етудің тетігі

979

0

Ата Заңымызда белгіленгендей елімізде биліктің үш тармағы бар. Олар: заң шығарушы, атқарушы және сот билігі.

Сот билігінің алғашқы екеуінен айырмашылығы – сот құжаттарынан басқа жалпыға ортақ құқық ережесін қабылдамайды және атқарушылық-басқарушық функция жүктелмеген. Биліктің бұл тармағы – қоғамда туындап отыратын нақты істер мен дауларды шешеді. Ондай істер мен даулар заңда бекітілген іс жүргізушілік тәртіпте Конституция мен заңдарға бағына отырып шешіледі әрі сот төрелігін жүзеге асыру барысында судьялар тәуелсіз болады.

Соттар іс бойынша сот актісін Қазақстан Республикасының атынан қабылдайды және ол республиканың бүкіл аумағында орындауға жатады. Сонымен қатар сот қабылдаған шешімді жоғары тұрған сот инстанциясы өзгертуге, күшін жоюға құқылы.

Сот жүйесінің негізгі мақсаты Конституция мен жалпы заңдардың сақталуын қамтамасыз ету, азаматтардың, жеке және заңды тұлғалардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру.

Осы арқылы сот билігіне, біріншіден, құқық туралы барлық жанжалдар мен дауларды шешетін төрешінің, екіншіден, мемлекетте заңдылық режимінің орындалуы мен сақталуын қамтамасыз ететін органдардың рөлі берілген.

Бірінші рөлі бойынша.

Сотқа келіп түскен әрбір талап қоюлар, істер, материалдар бойынша нақты шешім қабылдау тек қана соттардың құзіретіне жатады. Істі шешу барысында заңға бағынады дәлелдемелерге сүйенеді. Алайда, соттардың тек қана бар дәлелемелерді зерттеп, шешім шығарып қана қояды деген түсінік қате.

Қазіргі таңда жобадан заңның нормасына айналған соттағы татуласу функциялары да жүктелген. Яғни, сот тек қана арбитрдың емес, медиатордың да рөлін атқарып отырады. Осы бағытта түрлі шаралар қабылданып, тиімді жемісін беріп отыр.

Әкімшілік әділеттің негізінде Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс қабылданып, өткен жылы барлық өңірде мамандандырылған әкімшілік соттары өз жұмыстарын бастады. Кодекс бойынша соттардың белсенді рөлі қағидаты енгізіліп, тараптарды татуластыруда ерекше қызмет атқарады және өз бастамасымен дәлелдемелерді жинақтай алады. Демек, уақыт өткен сайын соттардың рөлі де оған қойылатын талаптар да күрделеніп келеді деген сөз.

Екінші рөл бойынша.

Істерді қарау барысында заңдылық бұзылған жағдайлар анықталған кезде сот жеке ұйғарым шығаруға құқылы, ал егер бұзушылыққа мемлекеттік органдар, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілер тарапынан жол берілсе, сот жеке ұйғарым

шығарады және оны басқару функцияларын атқаратын тиісті ұйымдарға, лауазымды немесе өзге де тұлғаларға жібереді, олар өздері қолданған шаралар туралы бір ай мерзім ішінде хабарлауға міндетті.

Осы функцияларды іске асыра отырып, соттың мемлекеттік биліктің ажырамас бөлігі екендігін ұғынуға болады.

А.Сансызбаева

Қызылорда қалалық сотының судьясы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<