Келесі жылы құрылғанына 10 жыл толатын «Болашақ» Ғылыми-зерттеу институты 2023 жылды сәтті аяқтады. Құрамында әлеуметтік-саяси және құқықтық зерттеулер, әлеуметтік мәселелерді психологиялық және дефектологиялық зерттеу, «Кіші жастағы оқушыларға білім беру» ғылыми-педагогикалық және «Руханият» сынды 4 орталықтары бар ҒЗИ ынталы ғылыми-зерттеу жобаларымен айналысады және жүргізіліп жатқан зерттеулер негізінде түрлі іс-шаралар ұйымдастырады.
Қазіргі таңда ҒЗИ орталықтары Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығында тіркелген 5 ынталы жоба бойынша жұмыс жасап жатыр: «Ұлттық рухани жаңғыру: қоғамдық сана мен тарихи сананы жаңғырту», «Құқықтық мәдениетті арттыру және мемлекеттіліктің негіз қалаушы құндылықтарын құрметтеуді қалыптастыру», «ЖОО-дағы білім беру және тәрбие жұмыстарының психологиялық мәселелері», «Бастауыш сынып оқушыларының шығармашылық қабілеттерін дамыту», «Сыр бойының рухани мұрасы». Осы жылы аталмыш жобалар шеңберінде «Скопус» базасында индекстелетін журналдарда 4 мақала, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті Тізіміндегі журналдарда 9 мақала жарияланды.
«Кіші жастағы оқушыларға білім беру» ғылыми-педагогикалық орталығы «Мектепке дейінгі білім беру жүйесінде ойын технологияларын қолдану», әлеуметтік мәселелерді психологиялық және дефектологиялық зерттеу орталығы «Ерекше білімді қажет ететін балаларды бейімдеу процесіндегі мектеп пен отбасының ынтымақтастығы: инклюзивті білім беру мысалында» атты монографияларына авторлық куәлік алып, кітаптар баспадан жарық көрді. Бұл іргелі еңбектер Қызылорда «Болашақ» университетінің оқу процесінде кеңінен қолдана бастады.
ҒЗИ орталықтары осы жылы 17 ғылыми іс-шара өткізді. Шаралар ынталы жобалардың негізгі мәселелері төңірегінде ұйымдастырылды. «Социосфера» Ғылыми-баспа орталығы базасында «Қазіргі шарттардағы тәрбиенің мақсаттары, міндеттері мен құндылықтары» Халықаралық конференциясы оныншы рет ұйымдастырылды. 6 арнайы секцияларға бөлінген Халықаралық конференцияда 17 баяндама жасалды. Айта кетерлік жәйт, «Болашақ» ҒЗИ осы жылы «Социосфера» Ғылыми-баспа орталығымен 2024 жылы 8 Халықаралық конфереция өткізуге келісімге келді. Ғылыми-зерттеу институтының осы бастамасы негізінде төмендегідей Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар өтетін болды: Қоғамды ақпараттандыру: әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-мәдени және халықаралық аспектілер (15-16 қаңтарда өтеді); «Еуразия халықтары: тарихы, мәдениеті және әрекеттестік мәселелері» (5-6 сәуір); «Ақпараттық-коммуникациялық кеңістік және адам» (15-16 сәуір); «Мәдениет, өркениет, қоғам: зерттеу парадигмалары және әрекеттестік үрдістері» (28-29 сәуір); «Қазіргі шарттардағы тәрбиенің мақсаттары, міндеттері мен құндылықтары» (13-14 қазан); «Тұлға, қоғам, мемлекет, құқық: өзара қатынас және әрекеттестік мәселелері» (15-16 қазан); «Бәсекеге қабілетті маман даярлау заманауи білім берудің мақсаты ретінде» (20-21 қараша); «Экономика мен басқаруды дамытудың мәселелері мен перспективалары» (3-4 желтоқсан). Сонымен қатар, осы жылы «Молодой ученый» Халықаралық журналының 2 арнайы нөмірі жарық көрді. Журналдың бір арнайы нөмірі тұрақты түрде өтіп отыратын «Заманауи ғылым және инновациялар» конференциясына арналса, екінші нөмірде «Дефектология» және «Логопедия» білім беру бағдарламалары студенттерінің алғашқы логопедиялық ізденістері жарияланды.
«Болашақ» ҒЗИ директоры М.Ө. Насимовтың бастамасымен осы жылы «Ғылыми мақала жазудың ерекшеліктері» және «Web of Science» және «Scopus» ғылыми өлшеу деректер базалары көмегімен библиометриялық талдау жүргізу» тақырыптары бойынша вебинарлар өтті. Жалпы ҒЗИ белсенді түрде ұйымдастырып жүрген вебинарлар «Болашақ» университетінің профессор-оқытушылар құрамы арасында белсенді зерттеу қауымдастығын құруға ықпал етеді. Университет ұжымы әр вебинар сериясында талқыланған мәселелер төңірегінде ынтымақтасады және деректермен алмасады. Бұл әрекеттер зерттеу нәтижелерін талқылауды жеңілдетеді. Вебинарлар университеттегі ғылыми-зерттеу, технологиялық шеберлік және бірлескен зерттеулердегі озық мәдениетті дамытуда маңызды рөл атқарады.
Ғылыми-зерттеу институты жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыс орнатқан. Барлық атқарылған жұмыстар қоғаммен байланысты қалыптастыру және ақпаратты басқару мақсатында ақпараттық порталдарда жарияланып отырды. Осы жылы ҒЗИ орталықтары мүшелерінің 15 авторлық мақаласы және өткізілген шаралар бойынша 44 ақпарат ұсынылды. Жалпы, ғылыми-зерттеу институтының жергілікті БАҚ-пен ынтымақтастығы ашық және тиімді ғылыми коммуникацияға ұмтылысын көрсетеді. Бұл құнды зерттеулер жүргізу мақсатын ғана емес, алынған ғылыми нәтижелерді кеңірек қоғамға жетуі және пайда әкелуін көздейді.
Осы жылы Қызылорда «Болашақ» университетін Білім сапасын қамтамасыздандыру бойынша тәуелсіз агенттігі институционалдық аккредиттеуден өткізген болатын. IQAA Аккредиттеу кеңесі университеттің ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет субъектісі ретінде бес жыл мерзімге аккредиттелуін, ғылыми-өндірістік жобаларды жүзеге асыру үшін университетте «Болашақ» ҒЗИ қызмет атқаруын және ақпараттық басқаруда жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыс орнатуын жағымды тәжірибе ретінде көрсеткен. Осыдан 3 жыл бұрын ҒЗИ ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет субъектісі ретінде аккредиттелуге құжаттар дайындағанын және тұрақты түрде жергілікті БАҚ-та ақпараттар таратуын осы жағымды тәжірибеге қосқан үлесі деп түсінеміз.
Жалпы осы уақытқа дейін «Болашақ» Ғылыми-зерттеу институтының ынталы ғылыми жобаларға мән беруі қоғамда бар проблемаларға жауап іздеп қана қоймай, нәтижелерін оқу процесінде пайдалануында жатыр. Мұндай ескертпелі тәсіл пайда болатын тенденциялар мен мәселелерді алдын алу үшін қажет. Зерттеу қорытындыларына негізделген ғылыми шараларды ұйымдастыру нәтижелерді таратуға және қоғаммен өзара әрекеттесу ұмтылысын көрсетеді.
«Болашақ» Ғылыми-зерттеу институты
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<