Еңбекпен өрілген өмір

1237

0

Аймақтың өркендеуіне өз үлесін қосып, аянбай еңбек еткен ардақты азаматтардың есімі ешқашан ұмытылмайды. Құрылыс саласының білікті де білімді маманы атанып, туған жердің сүйікті перзенті ретінде көпшілік алғысына бөленген Жағыпар Алтынбасов сондай жанның бірі еді.

Кейіпкеріміз Жағыпар Қуаңбайұлының жалынды жастық шағы да, кейінгі бүкіл өмірі де еңбекпен тығыз байланысты. Ол 1946 жылы Қармақшы ауданында дүниеге келді. Бар саналы өмірін осы қасиетті өлкенің өсіп-өркендеуіне арнады. Озық ойлы, зерделі жас 1963 жылы аудан орталығы – Жосалы кентіндегі №26 Ш.Уәлиханов атындағы мектепті «күміс» медальмен бітіріп, еңбек жолын аудандық сот хатшысы болып бастады.

Ол Отан алдындағы борышын Монғолия Республикасының Дархан қаласында өтеді. Бұл Кеңес үкметінің көмегімен 1961 жылы іргесі қаланған, Монғоляның солтүстігіндегі өнеркәсіптік қала. Жауынгерлік қызмет барысында да сондағы өнеркәсіп-энергетикалық кешенінің құрылысына атсалысып, еңбегі еленді. Осылайша, 1967 жылы ұлы Қазан мерекесінің 50-жылдығына орай КСРО-ның Монголиядағы елшілігінің Алғыс грамотасымен марапатталды.

Отан алдындағы әскери борышын өтеп келгеннен кейін, 1968-1973 жылдары Қарағанды политехникалық институтына түсті. Оның өнеркәсіп және азаматтық құрылыс факультетін бітіріп, «құрылыс инженері» мамандығын алды. Оқуда озат, қоғамдық жұмыста белсенді болған Жағыпар Алтынбасов білімді, парасатты жас ретінде көпшіліктің көзіне түсті.

Дипломды жас маман оқуын бітіре сала Жосалы механикалық зауытына монтаждаушы болып қабылданды. Еңбегінің арқасында ғана абыройлы болып, биік белестерді бағындырарын ерте түсініп аз уақыт ішінде аға инженер лауазымына көтерілді. Ізденімпаз, еңбекқор жас жігіт 1976 жылы Қармақшы аудандық ауыл шаруашылығы басқармасына ауыстырылды.

Оның қарым-қабілетін байқаған сол кездегі Қармақшы кеңшарының төрағасы Исағали Жұмағұлов білікті маманды аға прораб қызметіне қабылдапты.

– Жағыпар Қуаңбайұлымен 30 жыл бірге жұмыс істедім. Өзім содан бір жыл бұрын, 1975 жылы кеңшар төрағасы қызметіне кіріскен болатынмын. Ол кезде облыста барлығы 102 кеңшар бар еді. Солардың ішінде Қармақшы кеңшары даму көрсеткіштері бойынша ең төмен совхоздың бірі болды. Өндіріс пен құрылыс бойынша жоспары да өз дәрежесінде орындалмай жүрді. Жағыпарды шақырғандағы мақсатым – ауыл тірлігін алға жылжыту еді. Ол келген соң кеңшарды түлету бағытындағы қат-қабат тірліктер басталып кетті, – дейді Исағали ағамыз.

Байыптап қарасақ, туған жердің дамуына айрықша қызмет еткен азаматтар қанаттаса жүріп ауқымды жұмыс атқарыпты. Мысалы, 1976 жылы «Тышқан тамы» қой фермасы ашылған. Оған электр жүйесі тартылып, сегіз жылдық мектеп, дәрігерлік пункт, дүкен, пошта бөлмесі, монша, ұшақтар қонатын әуежай салынады. Су жүйесі тартылып, орталығы қызыл-сары гүлге оранып, жасыл желекке бөленеді. Тіпті, жүзу басейніне дейін болған. 1977 жылы 5 мың бас қойға арналған бордақылау алаңы салынады. Осы кезеңде Жағыпар Қуаңбайұлы кеңшарда бой көтерген әрбір құрылыстың басы-қасында жүрген.

Кеңшар директорының айтуынша, бірнеше жыл ішінде ауыл тірлігіне қайта жан бітіп, 1981 жылы 14 шақырымдақ ауыл көшелері тегіс асфальттаныпты. Саябақ бой көтеріп, онда жазғы кинотеатр, музыкалық орталық, би және ойын алаңдары, жүзу бассейні салынды. Сондай-ақ, ауыл отралығынан типтік жобадағы стадион, жөндеу шеберханасы, автогараж салынып, қолданысқа берілген.

Бұған қоса, 1984 жылы ауылда тұңғыш рет шаруашылық әдіспен қос қабатты совхоз кеңсесі, 25 орындық аурухана мен 20 орындық қонақ үй салынып, ел игілігіне берілді. Ал 1987 жылы 624 орындық үш қабатты мектеп, 1988 жылы типтік жобадағы 90 орындық балабақша бой көтерген.

– Сол нысандардың барлығының құрылысында Жағыпардың қолтаңбасы бар. Осындай жұмыстардың нәтижесінде бұрын үнемі шығынмен келе жатқан шаруашылық 1977 жылдан бастап біртіндеп пайдаға шықты. Шаруашылықтың осындай табыстары үнемі бағаланып, марапатталып отырды. 1978-1980 жылдары облыстың озат шаруашылығы атанып, «Құрмет тақтасына» жазылды. 1981 жылдан бастап Республиканың озат шаруашылығы, 1982 жылдан СОКП Орталық Комитетінің, КСРО-ның, ВЦСПС, ВЛКСМ-нің ауыспалы «Қызыл Туы» мен Құрмет грамотасын 7 рет жеңіп алды. Облыс басшылары совхоздың осындай жетістіктерін облыстың барлық шаруашылықтарына паш етіп, озат тәжірибе мектебіне айналдырды. Шаруашылықтың құрылыс салу тәжірибесі де облысқа үлгі болды, – дейді Исағали Жұмағұлов.

Сол уақытары шаруашылық өз күшімен жылда құрылыс салатын. Жыл сайын 2 миллиондай кірпіш шығаратын кеңшардың айтулы жетістіктерінің бірі – облыс кеңшарлары арасында алғашқы кірпіш цехы болған. Болгар технологиясы негізінде салынған бұл күрделі құрылыс та – Жағыпардың тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Сондай-ақ, 1940 жылы ауылдағы Алмағанбет Ысқақов есімді азаматтың басшылығымен салынған жел диірменнің жаңғыруына да атсалысқан. Колхоз дәуірі мен Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тұрмыс тауқыметін тартқан елдің қиындықты жеңуіне сеп болған, араға уақыт салып, тозығы жеткен жел диірменді кейінгі ұрпаққа мұра ретінде Жағыпар Қуаңбайұлы 1980 жылы қайта жаңғыртудан өткізген екен.

Сала ардагері, Қызылорда қаласының және Қармақшы ауданының Құрметті азаматы Сержан Наметша Жағыпар Қуаңбайұлын өмірде еңбексіз өнбек жоғын терең түсінген, қызметке қызығып, атаққа таласып көрмеген жан деп еске алады.

– Мен 1982 жылы Қармақшы аудандық партия комитетіне қызметке келдім. Құрылыс саласына жауапты болғандықтан Жағыпармен қоян-қолтық жұмыстар жүргіздік. Ол өз позициясы, пікірі, ойы бар адам еді. Білікті маман, құрылыстың ұйымдастырушысы ретінде ғана емес, азамат ретінде де ортасына сыйлы болды. Ол уақытта құрылыста жұмыстың басты көрсеткіші жоспарды орындау болатын. Жағыпар оны артығымен орындайтын. Бөлінген қаржыны игеруде талан-таражға жол бермей, адал жұмыс істеді. Күнделікті өмірде де қонақжай, қарапайым еді. Ізденетгіш, әдеби кітаптарды да көп оқитын. Өзі орысшаға жетік, қазақылығы да мол азамат үлкен басшылық дәрежеде көп биікті бағындырар еді. Бірақ өзі мансапқа, атаққа қызықпады, – дейді Сержан Наметша.

Жағыпар Қуаңбайұлы 1987 жылға дейін Қармақшы кеңшарында аға прораб болып қызмет атқарды. Одан беріде 1995 жылға дейін кәсіподақ комитетінің, атқару комитетінің төрағасы, кеңшар директорының орынбасары, Қармақшы ауылының әкімі лауазымдарында қызмет етті.

1995-2012 жылдары «Петро Казахстан Құмкөл Ресорсиз» акционерлік қоғамының мұнай дайындау және айдау цехының операторы болды. Мұнай саласында қызмет атқарған жылдары Құмкөл кенішінің өнеркәсіптік игерілуіне және дамуына сіңірген елеулі еңбегі үшін «Құмкөл мұнай кен орнына 30 жыл» естелік мерейтойлық төсбелгімен және «Қазақстан мұнайына 120 жыл» мерекелік медалімен, бірнеше алғыс хаттармен марапатталды.

Ғибратты ғұмыр иесі Жағыпар Қуаңбайұлы отбасында да аяулы жар, үлгілі әке бола білді. Жұбайы Бағдат өмірдің баға жетпес құндылығы – балаға, ұрпақ тәрбиесіне бар ғұмырын арнаған жан болды. Әулеттің алтын қазығы атанған аяулы ана 2018 жылы дүниеден озды. Ерлі-зайыпты екеуі бір ұл, төрт қыз тәрбиелеп өсірді. Ұрпақтың әрбір тірлігінің түзу болуы да берілген тәрбие қазығының мықтылығына байланысты болса керек.

Көзі тірісінде балаларын еңбекке баули жүріп, маңдай термен келетін абыройдың биігін насихаттап өткен жандардың балалары бүгінде түрлі салада еліне қызмет етуде. Немерелері Камила Қ.Сәтбаев атындағы политехникалық институтының түлегі, Толқын Қазақстан-Британ техникалық университетінің, Толғанай Назарбаев Университетінің, Әлішер Венгрияда Будапешт қаласының Обуда университетінің студенттері, Нұрислам, Еркеназ, Мейіржан, Асқар және Бениамин мектепте оқу озаттары.

Қарапайымдылық пен адамгершілікті өмірінің басты ұстанымы еткен Жағыпар Қуаңбайұлы өткен жылы дүниеден өтті. Қай кезде болмасын туған өлкесін түлетуге қызмет еткен тұлғалы азаматтың өмір жолы оның адами болмысының биіктігін көрсетсе керек. Ел сенім артқан ерлердің өнегелі ісі – бүгінгі жас ұрпаққа, өрімдей өрендерге үлкен ғибрат.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<