Интернеттің пайдасы мен зияны

3138

0

Фото: ашық дереккөзден

Қазіргі кезде адамдардың 90 пайызы әлеуметтік желіге тәуелді. Мәселен, Instagram, Tiktok, Facebook, BK, желілері арқылы күнделікті тірлігін бөлісіп әртүрлі видео, фотоларын жүктейді. Көп адамдар, әсіресе интернет қолданушылары оның адамзаттың ең үлкен жетістігі екендігімен келіседі. Әйтсе де жасөспірім балаларға телефонның зияны жетерлік.

Ең әуелі денсаулығына және психологиясына қатты әсер етеді. Ол қалтқысыз ақпарат көзі болуымен қатар, адамдарға қажет біліммен сусындауға, қиюы келмес мәселелердің шешімін табуға көмектеседі. Жан-жақты, білімді, көзқарасымыз кең болып, көптеген қызықты дүниелерді үйренуімізге әсері мол. Бір сөзбен айтқанда, пайдасы мол екендігі даусыз. Алайда, оның зияны да аз емес.

Ең бірінші зияны – тәуелділік. Бұл жайдан жай айтылған сөз емес. Интернет қолданушыларының 10 пайызы оған тәуелді екендігі ғылыммен дәлелденген. Тіпті, бірқатары үй, тағам, су іспетті өмірлік маңызды дүние деп есептейді. Сондықтан Оңтүстік Корея, Қытай және Тайваньда интернетке тәуелділікті ұлттық деңгейдегі мәселе ретінде қарастырады. Десе де, оның зияны тек мұнымен шектелмейді. Компьютер мониторының алдында ұзақ уақыт отырудың өзі көзіміздің көруіне теріс әсер етсе, дұрыс қалыпта отырмағанның салдарынан қимыл-тірек аппаратымызға зиян келеді. Телефонға тәуелділіктен келетін денсаулыққа зияны орасан зор. Атап өтсек, көздің көруін әлсірете түседі. Сонымен қатар, омыртқаның қисаюы, жүйке жүйесінің бұзылуы сияқты денсаулыққа тікелей зардабын тигізеді.

Адам психикасына кері әсер ететін ақпараттарды да интернеттің зиянды жағын қоса аламыз. Нақты айтқанда, тәрбиемізге жат, әдебімізге сай келмейтін әрекеттер толып жүр. Сонымен қатар, интернет арқылы алаяқтар жеке тұлға жайлы мәліметке қол жеткізіп, оны өз мақсатына қолдануы мүмкін. Сонымен қатар, әлемдік тор арқылы компьютер жүйесіне зақым келтіріп, зиянын тигізетін вирустар тарайды. Оған қоса, интернеттің тағы бір артықшылығы – мемлекеттер мен құрлықтар арасындағы шекараны жойып, адамдарға араларындағы қашықтыққа қарамастан бір-бірімен араласуға, сөйлесуге мүмкіндік беруінде. Тіпті, әлеуметтік желі арқылы әлемнің екі бұрышындағы адамдар достасып, махаббатқа ұласып, жұптарын да тауып жатады. Алайда оның қаншалықты тұрақты екеніне ешкім кепіл бола алмайды.

Балалар мен жасөспірімдерді әлеуметтік желіден бөлек түрлі іс-шаралар мен жаздық демалыстарды ұйымдастыру арқылы таным түсініктерін кеңейте аламыз. Өмірге деген қызығушылықтарын оятып денсаулықтарына келер залалды азайта түсеміз. Мысалы, ауыл балалары далада ойнайды, ата-анасына көмектесіп, үй шаруасымен айналысады. Осының өзі интернетке тәуелділіктен арылуға аз да болса септігін тигізеді. Ал қалада тұратын балалар үшін спорттық және шығармашылық үйірмелерге қатысудың пайдасы зор. Әсіресе, ата-ананың баласына көбірек көңіл бөліп, әңгімеге тартып, ортақ тақырыптарды бірге талқылап отырса, бала жауапкершілікке үйренеді.

Интернетке тәуелділіктен арылудың тағы бір жолы – кітап оқу. «Келешекте компьютерде отыратындарды кітап оқитындар басқарады» деген оқымыстылардың сөзі бар. Осы сөзде терең мән бар. Сондықтан артық білімді кітаптан алуға ұмтылуымыз керек деп ойлаймын.

Жанерке Муса,

Қорқыт ата атындағы

Қызылорда университеті студенті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<