Келер шақ – кемел ұрпақтың қолында

1293

0

1950 жылы 1 маусым Халықаралық балалар күні деп жарияланып, сол күннен бастап  мереке жыл сайын атап өтіледі. Бала – өмірдің жалғасы, ұлт ертеңі, сенімді болашағы.  Кіршіксіз пәк жүрек пен риясыз көңілдің бейнесін бейнелейтін балалардың бейбіт, ашық аспан астында махаббат пен жылулықты сезініп өмір сүруі – бүгінгі күннің басты мақсаты.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев ұзаған жылдың мәресінде өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасаудың  қажеттілігін атап өтті: «Әңгіме жалаң ұран мен мерекелік шаралар туралы емес. Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алыну керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы біздің жалпыұлттық міндетіміз», – деді. Осылайша, 2022 жыл «Балалар жылы» деп жарияланды. Балаға инвестиция салу – аймақ пен елдің табысты және тұрақты дамуының сенімді кепілі. Бүгінде Қазақстандағы балалардың саны 6 миллионнан асады. Олардың әрқайсысының ерекше қорғауға және көмек алуға құқығы бар. Ұйымдастырылып жатқан іс-шаралардың мақсаты – балалардың физикалық, зияткерлік, рухани дамуына ықпал ететін жағдайлар жасау арқылы олардың өмір сүру сапасын жақсарту, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету. Балалар жылына байланысты жоспарланған іс-шаралар 7 бөлім бойынша 50 тармақтан тұрады. Атап айтсам, «Жайлы мекен», «Bala Qorgay», «Bala_Time.kz», – деді ҚР Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиев.

Келер шағымыздың жарқын болуы бүгінгі күнімізбен байланысты. Кемелді жастар санының артуы үшін қазіргі бал бөбектердің іргетасы дұрыс қалануы қажет. Сондықтан, саналы тәрбие мен сапалы білім назардан тыс қалмауы керек. Болашақтың бек тірегі – балғын балалар. Біз сеніп жүрген бөбектеріміз сенімді ел  күткендей өтей алулары бүгінгі күндегі еңбектің нәтижесі болмақ.

Әлия ТӘЖІБАЙ,

Қорқыт ата атындағы

Қызылорда университетінің

1-курс студенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<