Өздеріңізге белгілі, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 80 мың киікті ату мәселесі туралы пікір білдірді. «Табиғи ландшафтан 80 мың бас киікті алып қою, яғни өлтіру туралы ұсыныс енгізіліп отыр. Бірақ, басқа да тәсілдері бар шығар. Мамандармен ақылдасыңыздар. Ал бұл – ең шетін шара ғой. Мен бұл шараға да жүгінуіміз мүмкін екенін жоққа шығармаймын. Бірақ, бұл – шетін шара, қайталап айтам. Бұл мәселеге кәсіби тұрғыда келу керек», – деген Мемлекет басшысы киіктің қазақ ұғымында киелі жануар екенін де ескертті.
Ғалымдар пікірінше, киіктің атамекені – қазақ даласы. 95 проценті осында мекендейді. Негізінен оларды үш аймаққа, Орал, Үстірт және Бетпақдала популяциясына жатқызады. Кейінгісіне біздің облыс территориясы да кіреді.
Киік – өте сақ және үркек жануар. Біз олар жүретін аймақтың барлығына кедергі келтірудеміз. Киік жайылатын жерге мұнай өндірісі келді, қаншама техника жүруде, олардың ортасына осылай кедергі келтірдік. Екіншіден, Жезқазған барар соңғы салынған теміржолында киіктің ары-бері өтер өткелі салынбаған. Торғай, Ақтөбе, Қостанай жеріндегі көп киіктің біздің аймаққа өтпей сонда қалып жатыр. Жайылымы тарылған киіктің ауыл шаруашылығында егістікке түсуі осыдан.
Меніңше, Мемлекет басшысы тікелей назар аударып отырған дала жануарын қорғау бұрынғыдан да күшейту керек. Киіктің маусымдық қоныс аударуы мен жайылым ауыстыру кезіндегі жолдарындағы кедергілерді есепке алу керек. Ал 80 мың бас киікті жою дегеннен көрі оны халық игілігіне жұмсаған дұрыс. Еті адал, терісі киім, мүйізі дәрі-дәрмекке аса қажетті. Мұның бәрін сыбайластыққа бой алдырмай іске асырса, мемлекет қазынасын толтыруға бірден-бір сеп болары анық. 1990 жылдары киік етін арнайы дайындайтын орындар болды. Бұл әу бастан тәжірибеде бар нәрсе. Мемлекет тарапынан далада дәруменге бай емдік шөптердің түрлісін жеген киіктің терісі мен мүйізін пайдаға жаратып, ал етін саудаға шығарса, халықтың осал топтарына төмен бағамен ұсынса, бүгінгі қымбатшылықта бұның өзі жұртқа көп көмек болары сөзсіз.
Шакизат ТӨРЕБАЕВ,
облыстық орман шаруашылығы
және жануарлар дүниесі аумақтық
инспекциясының сала ардагері
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<