Тәрбие тетігі талбесіктен

1231

0

Фото: ашық дереккөз

Бұрын жастау кезімізде мән бермедік пе, әлде ол уақыт шынымен қазіргіден өзгеше болды ма, той-томалақ та, құдажолы-садақа да, басқа да кәделі салт-жоралғыларға байланысты басқосулар дәл бүгінгі күнгідей көп емес сияқты еді. Сияқты деп күлбілтелегенше, анық солай десем, маған ешкім мұның жалған дей қоймас. Өйткені, қазір сенбі, жексенбіні былай қойғанда, аптаның жұмыс күндеріндегі түскі үзілісті пайдаланып, тіпті мезгілсіз, кешкі уақыттың өзінде шақырған жерлерге баруға тура келіп қалады және шақыратындардың бәрі де – ағайын-туыс, құда-жекжат, көрші-көлем, қысқасы, сөзін жерге тастай алмайтын қимас жандар.

Үйде де, түзде де, БАҚ-та да, әлеуметтік желіде де «айлық аз, қылдай қымбатшылық, бір басымызға бірнеше несиеміз бар, тағысын тағылар» деп желдей есіп бұрқылдап-бұрқылдап аламыз да, «ойбуй, ертең пәленшенің 50 жасы, арғы күні анау кімнің 60 жасы, одан кейін түгеншенікінде тұсаукесер, одан кейін жұмалығы, қырқы, жүзі…» деп біресе қиқулап билеп, біресе көз жасын сығып ескі сүрлеуге түсіп жөнеле береміз. Қазағымыздың, қандастарымыздың көпшілігінде осындай жағдай десем, қателесе қоймаспын. Ешкімді де кінәлайын деп отырған жоқпын, бұл да өміріміздің бір бөлшегі екені рас, бірақ тойлағанның жөні осы екен деп арасын ұзатпай тойхананың есігін тоздыра берудің де, көңіл айтқанның жөні осы екен деп, ет жақыны болмаса, былайғы көпшіліктің қаралы шаңыраққа да қайта-қайта бара беруі әдепке де, қоғамдық пайдалы өмір салтын ұстанудың жазылған және жазылмаған ережесіне де сәйкес келмейтінін өтірік дей алмаспыз.

Дәл қазіргі уақытта бізге той қуғаннан гөрі, ой мен қой қуғанның, ұрпақ тәрбиесіне көбірек көңіл бөлудің пайдасы анағұрлым өзекті болғаны дұрыс еді. Тіпті қазағымыздың тойларының мән-мағынасыз, жүрек айнытарлық дарақылық сипат ала бастағаны соншалық, әлеуметтік желілерде соны мәртебе көреді. Ойсыз мақтанышпен салынған сүндет тойдағы баланы тойханаға атпен кіргізуі, байғұс жануардың кейбір өзінен өресі төмен жандардың қылығынан үркіп, аспанға секіріп омақаса құлауы, жарқыраған еденге тезек тастауы, тойханаға қымбат көлікпен кіруі, баланы таққа отырғызып, төбеге көтеріп, надандық дәуіріндегі фараондарға ұқсатып алып жүруі, жас жігіттердің әйел адамды төбелеріне көтеріп, таққа отырғызып, тойхана ішіндегі үлкен-кіші, бала-шағаның арасымен ән айтқызып алып өтуі, жындана жұлқынған жас пен кәрінің анайы биі, тағы басқа осы тектес оспадарлықты көргенде өзге ұлттың не ойлайтынын қайдам, тіпті өзіміз «әлемде тоғызыншы орын алатын территорияны қанын төгіп қорғап осы күнге жеткізген, Аңырақайда атой салған, жоңғардың желкесін үзіп, тұқымын тұздай құртқан, тағы басқа толып жатқан ерлік, даналық шежірелерінің иесі болған бабаларымыздың ұрпағы шынымен де осы біз бе?» деген ойдың еріксіз қылаң беретінін де жасыра алмайтын күйге жете бастаған сияқтымыз.

Той-томалақтың көптігі өз алдына, Құдай сақтасын, өлім-жітім де тым жиілеп кеткендей. Мұны айтатын жалғыз мен емес, бас қосылатын жерлердегі көпшіліктің әңгімесі осы тектес. Айтқым келгені, өзге ұлттан ондайды байқамаппын, бірақ көп жағдайда біздің қазақтың менталитетінде үлкендер жүрген жерде міндетті түрде бала-шаға, жасөспірімдер жүреді. Болашақта біз салған сүрлеумен солар жүреді, бізден естігенін айтады, көргенін жасайды, жақсы өнеге қалдырып жатсақ нұр үстіне нұр. Ал біздер, қазіргі ересектер Құдай сақтасын, ата-бабаларымыз аманаттаған ұлағатты ұлы жолдан ауытқып бара жатқан болсақ ше? Тіпті артық болса да айтайын, дәл бүгінгі күні ұрпақ тәрбиесінен гөрі, ата-ананың, яғни үлкендердің тәрбиесі проблемаға айналып бара жатқандай ма деп қаламын. «Бір жылдығыңды ойласаң егін ек, жүз жылдығыңды ойласаң ағаш ек, мәңгілігіңді ойласаң ұрпақ тәрбиеле» деп бекер айтылмаған шығар ғой. Ендеше, ұрпақ тәрбиесі талбесіктен бастау алғаны жөн емес пе?

Біраз жыл бұрын телеарнадан Қазақстандағы жапон елшілігінің қатардағы қызметкері, жапон қызы туралы деректі фильм көрдім. Қазақстанға келгеніне үш-ақ жыл болған әлгі қыз қазақ тілінде сәл ғана акцентпен керемет жетік сөйлеп отырды. Көшеде келе жатқанда жергілікті ұлт өкілдері – қазақтардың өзін қазақ екен деп қалып, сұрақ қойғанына ерекше ықыласпен жауап қайтарды. Өзі де қазақтармен етене сөйлесе қазақ тілін меңгеріп кеткенін мақтанышпен жеткізді. Журналистің сұрағына жауап бере отырып қазақтың тойларына да қатысқанын, тойға не себепті жүздеген адамның шақырылатынын, той дастарханына осыншама аста-төктағамның қойылатынын, тойдың шектен шыға шулы болатынын, үлкендер жүрген жерде не себепті балалар жүретінін түсінбейтінін, ал өз елінде отбасылық тойларда 30-40, әрі кетсе 50 адамнан аспайтынын айтты.

Әлем бойынша өркениеті, мәдениеті, өнеркәсібі дамыған алдыңғы қатарлы елдердің бірі жапон елінің ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән беретінін де тілге тиек етті. Ұлттық рухы да жоғары, білім жүйесі де алдыңғы қатарлы бұл ел ұрпақ тәрбиесіне мұқият көңіл бөледі екен. Білім саласына соңғы 150 жылдың ішінде бірнеше рет терең реформа жүргізілген, ол реформаның негізгі мақсаты – өзге мемлекеттердің озық білім жүйесін пайдалану, бірақ жапон рухы мен ойлау, сөйлеу қабілетінің ауытқуына жол бермеу. Аталған идеология күні бүгінге дейін Жапонияның білім беру жүйесінің бірден-бір даму стратегиясына айналумен келеді екен. Жапон халқының басты тұлғасы императордың жарлығында «сәбиден бастап үлкендерге дейін алдымен өздерінің рухын және моральдық бастауларын сақтауға тәрбиеленуі керек, ал, содан кейін олар өз қабілеттеріне қарай әртүрлі пәндерді меңгеруіне болады» деп көрсетілген дейді жапон қызы. Бүгінгі жапон мектебі – жапондық ұлттық рухтың өсуіне ықпал ететін, өз тәрбиеленушілерінің бойында ең алдымен ұлтқа тиесілі моральдық нормалардың болуын қалыптастырып, ұлттық мінез-құлықтың негізін дамытып отыратын мектеп. Жапон қызының осы айтқандарын кезінде қойын дәптерге түртіп қойғанмын. Өз басым біздегі кемшін түсіп келе жатқан ұрпақ тәрбиесіне ұлттық тәрбие жетпей жатыр деп ма деп ойлаймын.

Жапондықтарды жайына қалдырып екінші бір айтқым келгені, осыдан отыз жылдай бұрын мынадай бір дерек оқыдым. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) зерттеу дерегіне сүйенсек, әр адам баласының денсаулығының 50 пайыз жауапкершілігі оның өзіне, яғни салауатты өмір салтын ұстануына тікелей байланысты екен. Шағын тізімін жасайтын болсақ, дұрыс тамақтануға мән беру, зиянды әдеттерден, ішімдік, темекі, наша, зинақорлық, толып жатқан күмәнді сусындардан, адамды аздыратын құмар ойындардан аулақ болу, жылы жүру, ой және дене еңбегімен қатар айналысу, қолдан келгенше жүйкеңді жұқартпау. Қысқасы – өз елінің ең қымбат қазынасы мен басты байлығы болуы тиіс әр адамның, ең алдымен, өз-өзіне жанашырлық танытуы. Ал 20 пайыз денсаулықтың түйткілі тұқым қуалайтын ауруларға тікелей тәуелді. Ендігі 20 пайыз денсаулық экологияның еншісінде екен, яғни әлгі адам өмірін ойыншыққа айналдырып, қу құлқынның қамынан басқаға қырын қарап айналаны улап жүрген миттал, ситталдар. Арал, Байқоңырымыз бар, тағысын тағылар, айтпақшы ұмытып барады екенмін ғой, экологияға, денсаулыққа бөлінген қаражатты тиесілі тұсқа жұмсамай, өңешінен өткізіп жіберіп жүрген жемқорлардың да осы 20 пайызда үлесі бар екенін жоққа шығара алмаспыз. Денсаулықтың қалған он пайызына дәрігерлер жауапты дейді ДДСҰ. Ақылға салып ойланып қараған адамға бұл деректермен келісуге болатын сияқты, әсіресе салауатты өмір салтын ұстануға байланысты. Өйткені, әр адам баласы ең алдымен өзіне жаны ашымаса, кейінгі ұрпағына жаны ашымаса, жер бетінде өмір кешуде мән-мағына қала ма?

Бұған қоса, әлеуметтік желіде мынадай деректі байқап қалдым. Америкалық ғалымдар осыдан 150 жылдың арғы жағында өмір сүрген көше қаңғыбасы және маскүнем болған Макс Джек деген пенденің ұрпақтары саналатын 840 адамды зерттепті. Сонда жүз жыл ішінде олардың арасынан 63 қарақшы, тонаушы, 50 жезөкше, 7 кісі өлтіруші, 300 қайыршы, мезгілсіз ажал құшқан 200 адам, туа бітті ақыл-есі кем 200 адам шығыпты. Тек 20-сы ғана қалыпты өмір сүріпті.

Ал америкалық қоғам белсендісі, танымал педагог Джонатан Эдвардтың отбасынан тараған 1394 адамды зерттегенде, оның ұрпақтарынан жүз жыл ішінде 13 жоғары оқу орнының ректоры, 100 пастор, яғни дін қызметкері, 75 әскери генерал, 60 ақын-жазушы, журналист, мемлекеттік қызметкер, 180 заңгер, 80 элита мүшелері, яғни қоғамды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отыратын әр саладағы ақсүйек қауымы, 3 сенатор және 1 АҚШ президенті шығыпты. Бір ғана баланың нашар тәрбиесі мен тегі келесі ұрпаққа қалай әсер ететіні туралы жоғарыда келтірілген сандар түсінік беретін шығар.

Жаңа заманның озық технологиялары, жаһандану үрдісі қанатын кеңге жайып, тамырын тереңге жіберіп, халқымыз ұлттық құндылықтарынан қол үзіңкіреген тұста, ердің құнын екі-ақ ауыз сөзбен шешкен ата-бабаларымыздың ұлағатты ұстанымының, насихаттарының, шешендік сөздерінің қадір-қасиетін жан-тәніңмен ұққандай болады екенсің. Осыған қарап-ақ олардың ұрпағының талбесіктен тәлім алып, ұясынан ұшып шыққанға дейінгі тәрбиесіне аса ықтиятты болғанын аңғарамыз. Қазіргі таңертеңнен қара кешке дейін телефонның тетігін түрткілеуден жалықпайтын жас ұрпақтың бойынан сыпайылық, инабаттылық, мейрімділік қасиеттерінің азайып бара жатқанын көріп, бұлардың болашағы не болады деген суық ойдың сумаңдап қоя беретінін де жасыра алмаймыз.

Ұрпағымыздың келешегі кемел, ертеңі еңселі болуына, алдына қойған арман-мақсатына алаңсыз қол жеткізуіне мүдделі болсақ, ұлттық тәлім-тәрбиенің тұнып тұрған асылдары мен інжу-маржанын бойына сіңірумен бірге әр ата-ана тал бесіктің жан-жақты тазалығына асқан жауапкершілікпен көңіл бөліп, одан кейінгі сатылы білім ордаларындағы тәрбиесіне де ұстаздармен бірге атсалысса, ертеңгі ел жанашыры, ел қорғаны, ұлт ұстыны болатын азаматтарымыздың да қатары қалыңдай түсеріне күмәніміз қалмас еді.

Әлімжан ҚИЯС,

Әйтеке би кенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<