Ежелгі дәуірлерден бері Сыр елінің негізгі тіршілік көзі Сырдарияның суы екені белгілі. Жүздеген жылдар бойы диқан қауымы дариядан тартқан тіршілік нәрімен егінін егіп, тіршілігін жасап келеді. Ал арнайы су шаруашылықтарының құрылып, жұмыс істей бастағанына да ғасыр толып отыр екен. Биылдан бастап Үкімет қаулысымен 9 шілде «Су шаруашылығы қызметкерлерінің мерекесі» болып бекітілді. Сала қызметкерлерінің мерекесі алғашқы рет аталып отырған тұста облыстағы су шаруашылығының даму тарихына қысқаша тоқталып өткенді жөн көрдік.
Кеңес үкіметі орнасымен 1920 жылы Перовск уездік су округі,1923 жылы Ақмешіт су округі, 1924 жылы Қызылорда және Қазалы су округтары болып Түркістан Орта Азия федеративтік республикасының Сырдария облыстық су шаруашылық бөліміне бағынды. Оның құрамына: Әулие ата, Ақмешіт, Қазалы, Ташкент, Түркістан округтері кірді. Облыстық су шаруашылық бөліміне С.Курбатов, Ақмешіт су округіне Б.Максимов басшылық етті.
Ақмешіт су округіне төрт гидроучасток қарады. 1-ші учаскеге – Телікөл, Сорқұдық, Жөлек, Шиелі, Сұлутөбе, Қоғалы, 2-ші учаскеге –Ақарық, Кеңтүп, Сабалақ, Айнакөл, 3-ші учаскеге – Шаған, Қараөзек, Тереңөзек, Жалағаш, Байзақ, 4-ші учаскеге Көткеншек, Аламесек, Қышбөгет, Қостам, Қаракөл, Қуаңдария кірді.
Облыста барлық суармалы егіншілікке байланысты мәселелер облыстық суды пайдаланушылар съезінде қаралды. 1923 жылы облыстық жер комиссариаты округ гидротехниктерінің, Арық ақсақалдарының құқықтары мен міндеттерін – егіске су бөлу, тиімді пайдалану, су апаты мен судың тапшылығынан сақтандыру шараларының іске асуына бақылау тәртібін бекітті. Ақмешіт су округі бойынша 1924-1925 жылдары егістік көлемін кеңейтіп, суландыру жүйелерін тәртіпке келтіруге байланысты барлық су жолдарына бірінші рет күрделі инженерлік жобалау-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Су округтері 1931 жылға дейін облыста су шаруашылығының қалыптасып дамуына қызмет етті. 1931 жылы су округтері тарап, оның орнына Төменгі Сырдария су жүйелері басқармасы ашылған. Басқармаға Қызылорда, Тереңөзек, Қазалы, Аламесек, Қармақшы, Арал аудандары қарап, оған Тасыбеков басшылық етті.
Алғашқы рет егістік жерді шағын көлемде тегістеу жұмысы 1954 жылы «Суландырудың жаңа әдісіне көшу» деген атпен басталды. Осыған байланысты барлық жерде ММО (машинно-мелиоративный отряд) құрылып, 1957 жылға дейін мыңдаған гектар жер тегістеліп, гидротехникалық құрылыстар салынды. Қызылорда плотинасының құрылысы 1956 жылы бітіп, 1959 жылы облыстық су шаруашылығы басқармасына пайдалануға берілді. Плотина аяқталғаннан кейін Шіркейлі арнасына түзету, кеңейту жұмыстары жүргізіліп, 1962 жылы Қызылорда Сол жаға каналының бірінші кезегі – су өткізгіштігі секундына 140 текше метрге жеткізілді. Сырдария өзенінің бойындағы екінші ірі құрылыс – Қазалы су торабы 1963 жылы басталып, 1970 жылы пайдалануға берілді.
1960 жылдардан бастап су шаруашылығының өрлеу кезеңі басталды. Ірі гидротехникалық құрылыстар, суармалы егіншілік жерлерін инженерлік жүйеге келтіру жұмыстарын іске асыру барысында 1964 жылы «Риссовхозстрой» тресі ашылды. Қызылорда облыстық мелиорация және су шаруашылығы басқармасы жанынан уақыт талабына сай 1974 жылы «Қызылордаремводстрой» тресі ашылып, барлық аудандарды (ПМК) жылжымалы механикаландырылған колонналар, автобаза, өндірістік техникалық жабдықтау басқармасы (УПТК) осы трест қарамағында болды.
Су шаруашылығының құрылыстары бүкіл одақтың екпінді құрылыс объектісіне айналды. Жаңақорғанның Түгіскен, Шиелі, Қызылорданың, Сол жаға, Оң жаға және Қазалының егістік алқаптарын игеру, суландыру жүйелері мен қашыртқыларын инженерлік жүйеге келтіру ісі қолға алынды. Суландыру жүйелерін тәртіпке келтіру мақсатында бірінші рет Тереңөзек ауданында 1962 жылы 1000 гектар жер инженерлік жүйеге келтірілді.
1963 жылдардан бастап облыс бойынша жерді инженерлік жүйеге келтіру жұмыстары басталып, 1963-1978 жылдарда Қызылорда Сол жаға массиві 90 мың гектар, Оң жаға массивінен 7600 гектар жер инженерлік жүйеге келтірілді. Сонымен қатар Жаңақорғанда Түгіскен массивін игеру 1967 жылы басталып, 1978 жылдарға дейін 25687 гектар жер дайындалды.
1977 жылы Жаңақорған-Шиелі массиві бойынша 31498 гектар, Қазалы массиві бойынша 18681 гектар жер инженерлік жүйеге келтірілді. Осы күрделі жұмыстарды тәжірибелі, білікті инженер-гидротехниктер басқарды. Жоғарыда атқарылған жұмыстар нәтижесінде 1986 жылы облыстың жер көлемі 254 мың гектарға жетіп, оның ішінде инженерлік жүйеге келтірілген аумақ 173 мың гектарды құрады.
1974-1978 жылдары Сырдария өзенінің суы азайып, бұрын-соңды болмаған қуаңшылық орын алды. 1975 жылы қиындықтан шығу мақсатында барлық жұмыстарды жүйелі түрде ұйымдастыру іс-шаралары жасалып, Үкіметтен қосымша қаржы қаралып, облысқа насос қондырғылары әкелінді, қашыртқы сулары екінші рет егістікке пайдаланылды. Осы ел тағдырын шешетін күрделі жұмыстардың басында су мен жердің, табиғат пен суармалы егіншіліктің тілін білетін, қабілетті инженер-гидротехниктер – М.Ықсанов, Ш.Бәкіров, Ә.Тыныбаев, С.Сәрсенбаев, Б.Сәрсенов, Э.Гукасов, В.Гончаров, С.Арыстанбаев, В.Рябов, А.Дүйсеков, Е.Тыныштықбаев, Е.Құтыбаев, Е.Бозғұлов, Ә.Мақұлбеков, Ә.Жаппарханов сынды су шаруашылығының білікті мамандары жемісті еңбек етті.
Өңірдің шөлейтті және шөлді аймақта орналасуына байланысты, облыстың егіншілік саласы негізінен суармалы жүйеге бейімделген. Сондықтан, суармалы жерді тиімді пайдалану облыстағы ең маңызды мәселелердін бірі. Осының нәтижесінде 1980-1990 жылдары күріш 100-120 мың гектар көлемінде өсіріліп, орташа өнімі гектарына 49-52 центнер деңгейіне жетті.
1992 жылға дейін күріштікті, тағы да басқа дақылдарды су алуға дайындау, оның ішінде канал тазалау, гидротехникалық құрылыстарды жөндеу, жер тегістеу жұмыстары, яғни күріш егістігі жүйесіндегі жерді күрделі тегістеу және ішкі су жүйелерін жөндеу сияқты мелиоративтік жұмыстар жылма-жыл республикалық бюджет қаржысының есебінен жүргізіліп отырды.
Облыстық мелиорация және су шаруашылығы басқармасы, облыстық су ресурстары жөніндегі комитет төрағасы қызметін 1973-1992 жылдар аралығында Сабыр Арыстанбаев басқарды. Осы кезеңде бас инженер, төраға орынбасары қызметтерін С.Досболов, Ж.Байділдаев, Ә.Құтжанов, С.Жаппарханов, С.Сағымбаев секілді азаматтар атқарды.
1992-1999 жылдар аралығында облыстық су шаруашылығына қарасты 8 аудандық су шаруашылығы басқармасы, «Қызылордаремводстрой» тресі, 7 аудандағы жылжымалы мехколонна (ПМК), автобаза, аудандардағы автоколонна, УПТК қарады. 1995-1999 жылдары қайта құру кезеңінде аталған мекемелер таратылып, қарауындағы техникалар, мүліктер, т.б. заттар жұмысшы-қызметкерлерге айлық есебінен және аукционға қойып сатылды. Аудандық су жүйесі басқармалары 1992 жылдан бастап егістікке су жеткізіп беру қызметін атқарды. 1994-2002 жылдар аралығында облыс бойынша 125-140 мың гектар жерге егін орналастырылып, ауыл шаруашылығы құрылымдарына жыл сайын 2500-2600 млн текше метр су жеткізіліп берілді.
Сол кезде облысымызда 265,4 мың гектар суармалы жердің 172,5 мың гектары инженерлік жүйеге келтірілді және олар 5 суармалы алқапта орналасты. Суармалы жерде 2300 шақырым магистральдық каналдар, 900 шақырым шаруашылық қашыртқылар, олардың бойында 544 гидротехникалық құрылыстар, «Бесарық», «Жиделі» су қоймалары орналасты. Ішкі шаруашылықтарда 11900 шақырым су жүйелері, 10200 шақырым қашыртқылар, олардың бойында 24000 шақырым гидротехникалық құрылыстар болды. Облыстағы суармалы жердің 50 мың гектардан астамы түрлі себептермен айналымнан шығып қалды.
Облыста ҚР мен Халықаралық қайта құру және Даму Банкімен бірлескен «Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру» жобасының 1-кезеңі аясында 1998-2000 жылдары ішкі шаруашылық объектілерінде жалпы құны 305 млн теңгеге күрделі тегістеу және қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.
Өзен бойындағы бөгеттерді қалпына келтіру, оны нығайту жұмыстарына техника жұмылдырылып, жұмыс ұйымдастырылып елді қауіп-қатерден аман алып қалу шаралары жүзеге асырылды. Алайда, қыс айларында елді мекендерді су тасқынынан қорғау мақсатында Сырдария өзенінен саға алатын барлық каналдар жыл сайын ашылып, ескі арналардың бұрынғы іздерін тазарту жұмыстары жүргізілді. Қыс айында егістікке су беретін каналдар ішінде мұз қатып, көктемде еріген кезінде еңістері (откос) құлап, мүжіліп, гидротехникалық құрылыстардың шеттеріне мұз соғып майыстыратын, металл конструкциялары жарамсыз күйге жетіп қайта жөнделетін, көптеген гидротехникалық құрылыстар апаттық деңгейге дейін жетті.
Су шаруашылығының 1995-2000 жылдары өте ауыр жағдайына байланысты облыс әкімі Б.Сапарбаев 1999 жылы Үкіметке, Ауыл шаруашылығы министрлігіне, Су ресурстары комитетіне ұсыныс жасады. Осыған орай ҚР Үкіметі 1999 жылы Республикалық мемлекеттік «Қызылордасушаруашылығы» кәсіпорнын облыстық коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын етіп құру жөнінде қаулы қабылданды. 2000 жылы облыс әкімінің шешімімен «Қызылордасушаруашылығы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны құрылды. Ең басты мәселе 1995-2000 жылдар аралығындағы қайта құру кезеңіндегі ауыр жағдайдағы қиыншылықтарды жеңе отырып, облыстық су шаруашылығы мекемесін мемлекеттік меншік иелігінде сақтап қалуы болды. ҚОКМК құрылымына 8 аудандық еншілес кәсіпорындары, Қызылорда, Қазалы су тораптары және Жаңадария каналдар жүйесі енді.
Облыстық су ресурстары жөніндегі комитет төрағасы және облыстық коммуналдық мемлекеттік «Қызылордасушаруашылығы» кәсіпорнын Әбдіманап Құтжанов басқарған аралықта бас инженер, төрағаның бірінші орынбасары қызметін Ә.Әбдіуайтов, Ж.Байділдаев, Ж.Бегеш, М.Ахметов, Ә.Қарлыханов, С.Исабеков, Е.Өтегенов атқарды.
2003 жылы облыстық су шаруашылығы мекемесі директоры қызметіне Сұлтанбек Тәуіпбаев келіп, ол жұмысшы-қызметкерлердің жалақысын, компьютерлендіру, жобалау-іздестіру тобы жұмысын жақсарту, су жеткізіп беру қызметіне субсидияны реттеу, су жеткізу тарифін әрбір аудан бойынша емес облыста бір тариф ету мәселелерін шешумен айналысты. Облыстық кәсіпорынға жаңадан кеңсе салынып, 2005 жылы пайдалануға берілді. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы 2003-2010 жылдар аралығында «Қызылордасушаруашылығы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының бағдарлама әкімшілігі болып қызмет жасады.
Мемлекеттік қолдау арқасында су шаруашылығы саласының, олардың қаржы-экономикалық жағдайының тұрақталуы байқалды. Сырдария өзені бойындағы ірі су шаруашылығы саласындағы нысандарға жөндеу, тазалау жұмыстары жүріп және жаңа нысандар салына бастады. Бұл жұмыстар «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Аралды сақтап қалу (бұдан әрі қарай САРАТС) бағдарламасы аясында жүргізілді. САРАТС жобасының І-кезеңінде «Әйтек» су торабы жүйесінің кешенін салу және жақсарту, облыста ұзындығы 49,9 шақырым қорғаныс бөгеттерін тұрғызу, Қызылорда және Қазалы су тораптарын жаңғырту, Солтүстік Арал теңізіне «Көкарал» бөгетін салу жұмыстары атқарылып, «Шардара» су қоймасы жөнделді.
ҚР Су кодексін жүзеге асыру мақсатында Арал-Сырдария бассейніндегі Бассейндік кеңес құру келісімі қабылданып, оған қатысты жұмыстар атқарылуда. 2005 жылы облыс әкімдігінің «Су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу туралы» қаулы қабылданды. Республикалық бюджеттен 2005 жылы бөлінген 410 млн теңге қаржыға «Қараөзек» су тоспасының құрылысы басталып, 2006 жылы аяқталды. 2004-2005 жылдары күз-қыс айларында орын алған су тасқыны кезінде облыстық және оның еншілес кәсіпорындарының тарапынан Сырдария өзені бойындағы қорғаныс бөгеттеріне тәулік бойы бақылау ұйымдастыру, қауіпті учаскелерді анықтап хабарлау, каналдармен тасқын суларды қабылдап, қауіпсіз жерлерге бұру жұмыстары жүргізілсе де, қосымша жұмсалған көлік, байланыс және еңбек шығындары өтелмеді. Су шаруашылығында 2000 жылға дейін қордаланып қалған қаржылық мәселелер еншілес кәсіпорындардың жұмыс істеуіне кедергі болды. Оның үстіне су жеткізіп беру қызметі тарифінің төмендігі мен су тұтынушылардың төлем қабілетінің жоқтығынан кәсіпорындардың шығындары жабылмады.
2008 жылдың шілде айында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Ө.Шөкеев облысымызға іссапармен келіп, облыс әкімі Б.Қуандықовпен бірге су шаруашылығы нысандарын аралады. Іссапар қорытындысымен Оңтүстік, Солтүстік аудан аралық қашыртқыларды коммуналдық меншіктен республикалық меншікке алуды, су тасқынына байланысты атқарылған және қосымша атқарылатын жұмыстарды орындауға Үкімет қорынан 970 млн теңге қаржы қарастыру мәселесі протоколға енгізілген болатын.
Осы жылдың шілде айында облыстық мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын директоры қызметіне Болат Арыстанбаев тағайындалды. Берілген тапсырмаға сай Оңтүстік, Солтүстік қашыртқылар республикалық меншікке алынып, аудан, қала тұстарындағы қорғаныс дамбылары салынды, гидротехникалық құрылыстар жөнделді. Сонымен қатар Қараөзек, Нәнсай, Көксу, Жаңадария, Қуаңдария, Ақсай арналары бойындағы нысандар жөнделді. Жаңадан су өткізетін түрлі құрылыстар салынды.
Су жеткізіп беру тарифіндегі және экологиялық суды реттеуде қаралған гидротехникалық құрылыстарды ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын өз күшімізбен орындау мақсатында 2010 жылы жаңадан «Ремводпроект» мекемесі құрылды.
2010 жылға дейін пайдаланылып келген 225,94 мың гектар егістік жердің 24% жақсы, 43,5% орташа, ал 32,5% жерасты суларының жоғарылап, тұздануына байланысты қанағаттанғысыз жағдайда болса, облыстағы күріш егісінің 70%-ке жуығы тұзданды. Осы егіс көлемін сумен қамтамасыз ететін барлық магистральды және шаруашылықаралық суару және қашыртқы жүйелеріне күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізілмеуіне байланысты жерасты су деңгейлері көтерілді.
Осы жылдан бастап облыстағы ірі Оңтүстік және Солтүстік, К-2, К-2-1, К-2-2, К-2 қашыртқыларына республикалық бюджеттен қаржы бөлінді. Бөлінген қаражат арқасында жүргізілген жұмыстар оң нәтижесін берді. Атап айтар болсақ, тазартылған 423,5 км қашыртқының арқасында ауданы 125909 гектар суармалы жердің мелиоративтік жағдайы жақсарды, облыс бойынша күріштің әр гектарынан 47 центнерден өнім алынды, жерасты суларының деңгейі төмендеді, қоршаған ортаның экологиялық жағдайы жақсарды. ҚР АШМ Су ресурстары комитеті 2011 жылы «Ирригация және дренаж жүйелерін жетілдіру» жобасы 2-ші кезеңінің (ИДЖЖ-2) түпкі мақсаты Сырдария, Талас, Шу және Іле трансшекаралық өзендері бассейндеріндегі суармалы жерлерді, тозығы жеткен ирригацияны (су тасымалдаушы және суды нормалап таратуға арналған гидроқұрылымдар) жақсарта отырып, ауыл тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту.
Су ресурстары комитеті мен облыс әкімі келісіміне сәйкес 2011 жылы Жалағаш ауданында 15123 га жерді «Ирригация және дренаж жүйелерін жетілдіру» жобасы 2-ші кезеңіне (ИДЖЖ-2) сәйкес жерге орналастыру, түгендеу және паспортын дайындау жұмыстары жүргізіліп, республикалық меншікке өткізу жүзеге асырылды.
Осы кезеңдері Үкімет қаулысына сәйкес облыстық «Қызылордасушаруашылығы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны республикалық мемлекеттік кәсіпорын болып қайта құрылды.
ҚР Үкіметі 28 ақпан 2011 жылғы №196 қаулысымен ҚР АШМ-ның Су ресурстары комитетінің «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы Қызылорда филиалы болып қайта құрылды. Қызылорда филиалына – Жаңақорған, Шиелі, Қызылорда, Сырдария, Жалағаш, Қармақшы, Қазалы ауданаралық каналдар жүйесі, Ремводпроект, «Қызылорда» су торабы, «Әйтек» су торабы, «Қазалы» су торабы және Солтүстік Арал теңізіндегі су көтеру бөгеті, гидротехникалық құрылыс және «Ақлақ» су торабы секілді барлығы 13 учаске кірді.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жыл сайын Сырдария өзенінен Қызылорда облысындағы суармалы егіске 3,8-4 млрд текше метр және табиғатты сақтауға 1,2 млрд текше метр су лимитін бөліп келеді. Осы су көлемін каналдар мен оның бойындағы гидротехникалық құрылыстар арқылы реттеп бөліп беру, қызметін филиал атқарады.
2012 жылдың 3-наурызында облыс әкімдігінде Су ресурстар комитетінің төрағасы И.Әбішевтің қатысуымен «Қызылорда облысының су шаруашылығындағы кейбір мәселелер туралы» өткізілген мәжілісте Жаңақорған және Шиелі аудандарында Сырдария өзені ағысын реттеу жолдарын қарастырып ұсыныс беру және ауыл шаруашылығы дақылдарын сумен қамтамасыз ету жұмыстарын түбегейлі шешу мақсатында су тораптарын салу жөнінде жоба-сметалық құжаттарын дайындап, су ресурстары комитетіне өткізу «Қызылордасушаруашылығы» филиалына тапсырылған болатын. Аталған мәселе бойынша мамандар полимер негізінде синтетикалық материалдар мен бөгет конструкцияларын салу тәжірибесіне тоқталды. Олардың негізгі элементі синтетикалық материалдардан жасалған үрлемелі бөгет. Ол қажетті беріктікті, иілгіштік және бүтіндікті сақтай отыра, судың деңгейін көтеретін конструкцияны ұсынды. Жобалау-іздестіру жұмыстарын облыстық филиалға қарасты «Ремводпроект» жобалау тобы дайындап, 2012 жылдың желтоқсан айында мемлекеттік сараптамадан өтті. Жобаның сметалық құны 997,5 млн теңге болды.
2013 жылы Жаңақорған ауданында құрылыс жұмысы басталды. Құрылыс жұмысын бас мердігер Қызылорда филиалы мен оған қарасты «Ремводпроект» өндірістік учаскесі шаруашылық әдіспен жүргізді. Барлық аудандар мен Қызылорда қаласындағы учаскелерде жұмыс істейтін 700-ден астам қызметкерлер, мамандар мен жұмысшылар вахталық әдіспен жұмыс жасады. 2015 жылы наурызда Жаңа Шиелі магистральды каналына қажетті су деңгейін көтеру үшін Сырдария өзенінде екінші су тіреуіш плотина құрылысын салу басталып, осы жылдың қыркүйек айында аяқталды. Оны пайдалануға беру салтанатына облыс әкімі Қ.Көшербаев, Су ресурстары комитетінің төрағасы И.Әбішев, су шаруашылығы саласының ардагерлері мен мамандар және Шиелі ауданының еңбеккерлері қатысты.
«Ремводпроект» өндірістік учаскесі су шаруашылығы нысандарында ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарымен қатар «Бесарық» және «Жиделі» су қоймаларына күрделі жөндеу жұмыстарын, Қазалы ауданындағы оң жаға магистральды каналының бойындағы ПК 195 Р-2 гидротехникалық су деңгейін көтеру тоспа құрылысын, басқа да көптеген нысандарды салу жұмыстарын жүргізді.
Ауыл шаруашылығын дамыту облыста кешенді, жүйелі жүргізіле бастады. «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалының басты міндеті – «Қазақстанның Су ресурстарын басқару мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2014-2020 жылдарға арналған іс-шара жоспарын» басшылыққа ала отырып, ел ырысын молайтуға жағдай жасай беретін болады.
Жорабек ЕРНАЗАРОВ,
«Қазсушар» РМК Қызылорда
филиалы директорының
«Қазсушар» РМК Қызылорда
филиалы директорының
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<