Еліміздің бірқатар өңірінде тамыздың алғашқы күнінен сұйытылған мұнай газы көтерілген бағамен сатылуда. Осыған орай облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған баспасөз мәслихатын өткізді.
Қазақстанда сұйытылған мұнай газын тұтыну 2022 жылы 1,8 млн тонна болса, былтыр ол 2,4 млн тоннаға жетті. Үш жылдай бұрын өңірде аталған газды тұтынатын 7290 автокөлік тіркелсе, биыл мұндай автокөлік саны 35690-ға жетті, яғни 5 есеге артқан.
– Айта кетсек, сұйытылған газ өндірісінің өзіндік құны тоннасына 70-80 мың теңге, ал өндіруші зауыттар үшін шекті көтерме баға тоннасына 59722 теңге. Біздің облыста өзге өңірлермен салыстырғанда ең төменгі баға белгіленген. Бұл жөнінен алғашқы бестікте тұрмыз. Еліміздің 12 облысында газ бағасы 117 теңгеге дейін көтерілген. Шілде айында операторлармен бірнеше рет мәжіліс өткізілді. Сол арқылы ортақ келісімге қол жетті. Біріншіден, шілде айында алынған газ қалдығы ескі бағамен сатылуда. Ол 85-90 теңге. Қазір газ құю бекеттерінде осы бағамен 586 тонна газ қоры сақталған. Одан басқа Атырау зауытынан 648 тонна газ жақын күндері облысқа жетеді. Екіншіден, шекті бағадан 5 теңгеге төмендетіп, облыс орталығында газды 1 литр үшін 97 теңгеден (бекітілген 102 теңге), ал аудандарда 102 теңгеден (бекітілген 102 теңге) сатуға операторлар ұсыныс білдірді. Жалпы, тамыз айына министрлік тарапынан 7562 тоннаға жуық газ бөлінді, – дейді облыс әкімінің орынбасары.
А.Зебешевтің айтуынша, газ тапшылығының алдын алу үшін әкімдік бірнеше шараны атқаруда. Мемлекеттік мекемелерде автокөліктерге бензин пайдалануға ұсыныс жасалды. Оған қоса облыстық полиция департаменті шекаралық облыстар бағытында және «Қызылорда-Жезқазған» автожолында арнайы бекеттер қойды.
– Энергетика министрлігімен келіссөздер жүргізіліп, нәтижесінде тамыз айына қосымша 1044 тонна газ бөлінді. Өңірде газдың ресурстық базасын ұлғайту мақсатында тиісті министрлік және «ҚазГермұнай» компаниясымен үшжақты меморандум жасалды. Ол бойынша компания сұйытылған мұнай газдың көлемін 60 мың тоннадан 120 мың тоннаға дейін ұлғайтуды қарастырған. Ал «КазПетрол групп», «Галаз және Компания», «Тұзкөл мұнай газ оперейтинг» компаниялары алдағы қыркүйек айында өз кен орындарынан «ҚазГермұнай» зауытына газ жібере бастайды, – деп толықтырды Ардақ Темірханұлы.
Алдағы уақытта «Эко энерджи плюс» (Арал, Шиелі) және «Алаш метан» (Қызылорда қаласы, Арал, Жаңақорған, Қармақшы) серіктестіктері облыс аумағында 6 автокөлікке газ толтыру станциясын салуды жоспарлап отыр. Оның 2-еуі жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Келешекте қалалық, аудандық коммуналдық және жеке мекемелердің техникалары метан газына ауыстырылмақ. Қазір аймақ сұйытылған мұнай газымен толық қамтылған. Әкімдік күнделікті мониторинг жүргізуде.
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»






