“Қазақ баласы ең алдымен патриот болуы тиіс. Отанын, туған үйін, тіпті, көшедегі көгершінге дейін мейірім мен сүйіспеншілікті сезіне білген жақсы. Тағы бір маңызды дүние – білім. Оның ішінде тарихты жақсы білу қажет. Туған халқының тарихын білген адам ғана патриот болып, туған елін ерекше қастерлейтін болады. Қазіргі заманда бесаспап болу керек. Тарихты да, әдебиетті де, техниканы да, әлем тілдерін де үйренгендерің абзал. Әсіресе, ағылшын тілін. Өзім кезінде ағылшын тілін білмегенім үшін талай жерде бармақ тістегенмін. Қазір мүмкіншілік көп. Сендер бақытты баласыңдар! Ойлы болыңдар, шешен болыңдар!” (“Ұлан” газетінен)
“Бала күнімде әкей үлкен кісілермен әңгімелесіп отырғанда кісі ақысын жеуге болмайтыны жайында үнемі айтып отыратын. Ата-анамның бойындағы ізгі қасиеттерін көріп өскендіктен болар өмір бойы болмасам да, ұқсап бағуға тырыстым. Қалауым – адал өмір сүру, кісі ақысын жемеу, қандай табысқа жетсем де, көкірек көтермеу, әрдайым қарапайым болу, жалқаулыққа бой алдырмау, еңбекті сүю. Шындық жолындағы ата-анамның осы өсиеттері өскенде менің де кейіпкерлерімнің тура жолынан таймай жүруіне ықпалы аз болған жоқ. Титтейімнен “жалған сөйлеу, өтірік айту күнә болады” деп үйретіп, құлағыма құйып отырғандықтан ба, күнәдан аулақ болуға күш салдым. Қатар-құрбыларымды да, ересек кісілерді де, мұғалімдерімді де алдаған емеспін. Қазір ата ретінде ата-анамның тәрбиесін немерелерімнің бойына сіңіріп, қорқақ, сужүрек адамдар ғана өтірік айтады деп түсіндіремін…” (“Айқын” газетінен)
“Ерте тұрып, ұйқыға ерте жатам. Кешкі тоғыз, ондар шамасында. Таңертең төрт кезінде ұйқым шайдай ашылады. Ұйқыдан тұрған соң міндетті түрде дене жаттығуларын жасаймын. Сонда сергек жүремін. Ерте тұрған соң таңертең біраз жұмысты атқарып үлгеруге болады. Бұрын кино көруге құмар едім. Әралуан киноларды тамашалайтынмын. Ал қазір ары кетсе күніне бір-екі кино көремін. Көп кино көріп отырайын десең, басқа жұмыстарым жайына қалады. Үйге көптеген газетті жаздырып аламыз. Соның бәріне күнделікті шолу жасап отырам. Мектептермен байланысымыз жақсы. Шақырса, оқушылармен кездесулерге барып тұрамыз. Оқитын кітаптар және бар. Таңертең уақыт болса, бір шығарма жазам. Дәл осы кезеңде жазуым біраз сиреп тұр. Өтебай Тұрманжанов ағамыз “Жас кездеріңде оқитын оқуларыңды оқып, жазатын жұмыстарыңды жазып тастаңдар. Кейін уақыт болмайды”, – дейтін. Шынымен жас ұлғайған сайын уақыт та тапшы болады екен. Сол үшін жас күндеріңде спортпен шұғылданып, өнер үйреніңдер”. (“Ұлан” газетінен)
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<