Су мамандарының отбасы

148

0

«Қатарың болмаса тойға барма» депті бабалар. Сондай қадірлі қатар азаматтар жөнінде әңгіме қаузамақпын. Алпыс үшінші жылы Жамбыл гидромелиорация-құрылыс институтына оқуға түстім. Осы іргелі білім ошағы Алатау мен Қаратау ортасындағы қалада бір жыл бұрын есігін айқара ашқан еді. Алматыдан қоныс аударған Қазақ ауыл шаруашылығы институты гидромелиорация факультеті негізінде. Ректоры – әйгілі гидротехник-ғалым Рақмет Жанғазыұлы Жолаев. Қазақ ССР Ғылым Академиясы мүше-корреспонденті.

Дәуірлеп тұрған Кеңес заманы, өт­кен ғасырдың 50-60 жылдары. Сыр өңірінде бұрын-соңды болма­ған мелиорация жұмыстары бас­талып та кетті. Дария суын қыруар көлемде те­гістеліп игерілетін суар­малы ай­мақтарға бөліп беруге даяр, елу ал­тыншы жылы іске қосылған, ең­сесін биік көтеріп «Қызылорда» су торабы тұрды маңдайын тік көтеріп. Суармалы жердің негізгі иесінің бі­рі – су мамандары. Осы­ны сезген сыр­бойылық жастар Жам­былға ұмты­лып аттанды.

Бірінші курстағы дәрісіміз Сү­лей­менов көшесі басында орналас­қан оқу ғимаратында өтетін. Бі­тір­­гесін де, дипломымызды сол ғи­­ма­раттың акт залында алға­ны­мыз есім­де. Буфет бірінші қа­батта. Сту­дент­тің жиі, құлшына ба­ратын ор­ны. Сәскелік үзілісте дәм­ді кофе жұтып, тәтті коржик жеп оты­рамыз. Сол кофе ішіп оты­рып жер­лесім Мейрамбекпен таныс­тым. Ол екінші курстың студенті. ДГМСИ ашылған жылы оқуға түсіпті. Жолымыздың ұқсастығы да бар екен. Бұл аза­мат та мен оқы­ған Қызылорда гидро­тех­нику­мын бітіріпті екі жыл бұрын. Маман­дығымыз онда да, мұнда да бірдей. Екі-үш күннен соң тағы кез болдық. Жанында  Атыраудың аруы Оңдаш. Бір топта оқиды екен.

Мейрамбек Махаев 1941 жылы Қызылорда қаласы маңында «Коо­ператор» атты шағын шаруашылық­та дүние есігін ашыпты. Қазір ол «Коммунизм» деп атала­ды. Оңдаш Қаражанова 1943 жылы Гурьев об­лысында туыпты. Екі жас 1967 жы­лы Жамбыл гидро­ме­лио­рация-құрылыс институты гидро­ме­лио­рация факультетін бітіреді. Бас қо­сып Қызылордаға келеді. Содан бері осы отбасы Сыр өңірі әйгілі күріш өндіру орталығына айналу үшін қы­руар еңбегін аяған емес.

Мейрамбек Махаев ірі күріш ша­руашылығы бас гидротехнигі, сосын «Главриссовхозстрой» бас бас­қармасының жаңа суармалы ал­қап­тарды игеру басқармасы ме­лио­рация бөлімінің бас инженері, одан кейін Шымкент гидрогеология-ме­лиоративтік экспедициясы Қызыл­орда солжағалау бөлімі­нің бастығы, соңында Қызылорда политех­ни­кумында жоғары санаттағы оқы­ту­шы, гидромелио­рация бөлімі әдіс­темелік секциясы меңгерушісі қыз­меттерін абыроймен атқарған.

Мәкеңнің алғашқы қызмет ор­ны «Шіркейлі» ауылында баста­лып­ты. Өмірдің мәні мен сәті ал­ғаш­қы қа­дамға да байланысты бол­са керек. Бұл азамат қазір өмір жолын бас­таған ұжымның бола­шақ болмыс сапарының сәтті бо­луына мол ықпал бергенін жыр қып айтып отырады. 1968 жыл. Шар­уашылық мол өнім өсірді. Сов­хоз директоры әйгілі Жа­ңабай Аза­матов. Мейрамбек Ма­хаев шар­уа­шылықтың бас су ма­ма­ны. Содан не керек, қыркүйек айының басында жас маман Ма­хаев­ты қыр­манға бастық қояды. Жауапкер­ші­лік жоғары. Күндіз-түні көп жұ­мыс­шылармен сан салалы іс атқару керек. Аудан қамбасына кестеге сай кү­рішті дайындап жіберу биік те өте жауапты міндет.

Бір күні таңғы төртте Терең­өзек аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Қазантаев Қоныс­бек аға­мыз келіпті қырманға. Сол сәтте қыр­ман бастығы, жоғары оқу орнын кеше ғана бітірген Ма­хаевтың екі топ ЖенПИ сту­дент­терін басқарып қызу жұмыс атқа­рып жатқанын кө­ріп риза болады. Сол сәтте совхоз директоры, басқа да жауапты азаматтар қырманға жи­нала қалады. «Сол жиын мен үшін талап пен тәртіп жөнінде өмірлік мектеп болды» дейді М.Махаев.

Бұл азамат Шымкент гидрогео­логия-мелиоративтік экспедициясы Қызылорда солжағалау бөлімінің бастығы ретінде суды мол талап ететін күріш дақылын өндіруде жер­асты суының топырақ беті­нен қауіпсіз деңгейде жатуын қада­ға­лап, шаруашылықтарға дер кезін­де кә­сіби нұсқаулар беріп, топырақ сор­таң­дануына қарсы айтарлықтай іс­тер атқарып мол еңбек сіңірді. Жиыр­ма жылға жуық Қызылорда по­ли­тех­никумында жоғары санат­ты оқытушылық қызмет атқарды. Мыңдаған жас одан тәлім-тәрбие көрді, жер мен суды ұтым­ды пайда­лану сырлары мен қырла­рын терең ұғынып, мамандық құпияларын бой­ларына сіңірді. Бүгін олар ұстаз жолы мен өнегесін осы өңірде, елі­мізде жалғастырып келеді.

Оңдаш Қаражанова ұзақ жылдар «Казюжгипроводхоз» институты Қы­зылорда бөлімшесінде аймақта салынатын су шаруашылығы құ­ры­лыстары жобасын дайындау топ басшысы ретінде үлгілі істерді ат­қарып келген. Келелі білімі мен қа­ламынан күріш және өзге де ма­ңызды дақылдар өсетін жобалар туын­дады, соның негізінде Сыр өңі­рі ауыл тұрғындарының әлеу­мет­тік-экономикалық жағдайы ай­тар­лықтай жақсарғаны да анық. Со­нау 1967 жылы сулы, жайлы, ба­лығы көп Атырауын шөлді, ыс­тық, шаңы мол Сыр бойына ой­лан­бастан айыр­бастап, болымды аза­мат Мейрам­бектің отбасын гүл­дендіріп, көгерт­кен Оңдаш ха­нымға әулеті разы, бүкіл Сыр бойы рақметін айтуда.

Сол кезде гидрофакта оқитын студенттердің тең жарымы сыр­бо­­йылықтар еді. Өйткені, біз­дің аймақ­та суармалы жерді тегіс­теу, оларда суару жүйесі мен гидро­тех­никалық құрылымдар салу ісі мол қарқын ала бастаған. Осы жағдай сырбойылық білім алушылардың жауапкершілігін барынша арт­тыр­ды, ынталандырды, туған өлке алдындағы парызын ұш­тап есе­лен­дірді. Осының айқын дә­лелі Мейрамбек Махаевпен бірге оқы­ған Сыр бойының азаматтары кейін су шаруашылығын өркендету бағытында аймақта атқарылған ма­ңызды істердің басында жүріп мол еңбек сіңірді. Олардың қата­рын­да Әбдіманап Құтжанов, Нұра­бай Құдабеков, Ақжігіт Абдул­лаев, Жақсылық Байділдаев бар. Әб­ді­ма­нап Құтжанов ұзақ уақыт облыс­тық мелиорация және су шар­уа­шылығы басқармасы басшы­сы қызметін атқарды. Облыс әкімі ке­ңесшісі қызметінде болды. Нұра­бай Құдабеков кезінде облыстық жа­йылымдарды суару басқармасы бастығы болды. Жақсылық Бәйділ­даев облмелио­водхоз бас­шысының орынбасарлық қызметін атқарып көптеген су маманын тәрбиеледі. Ақжігіт Абдуллаев басында ПМК-29-да ұзақ жылдар учаске бастығы қызметінде, соңынан жылжымалы механикаландырылған ұжымында басшылық қызметте болды. Кезінде осы азаматтар өңір жұртшылығына танымал болды, әрқайсы биік бас­шылық қызметтерді абыройлы ат­қарды, соңына ұмытылмас өнеге қал­дырды.

Байқап қарасақ, Жамбыл гидро­­ме­лиорация-құрылыс институ­тын­да (ДГМСИ) республиканың сол уақыт­тағы беткеұстар су маман­дары, ға­лымдары шоғырла­ныпты. Бір-ақ қа­на дәлел. Біздің басты пә­німіздің бірі «Ауыл шаруа­шылығы мелиора­циясы» болатын. Ендеше, төрт се­местр бойы жүретін сол пәннен жал­қы емес, үш әйгілі ғалым сабақ өткізді. Дақылдардың суару тәртібі бөлімінен Қазақ су шар­уашылығы ғылыми-зерттеу инс­титуты бөлім меңгерушісі доцент Данильченко, дақылдардың суару әдістері тарауын сол институт бөлім бастығы доцент Носенко, егісте сортаңдануды бол­дырмау шаралары жөнінде дәрісті кафедра меңгерушісі, профессор Го­рюнов оқыды. Кейін осы ғалымдар Ре­сей­ге қоныс аударды, белді ғылы­ми мекемелерді басқарды.

«Гидротехникалық құрылым­дар» пәнінен лекцияны профессор Жо­лаевтың өзі оқиды. Орталық алаңда орныққан 2-оқу ғимараты. Бірінші қабаттағы 300 орындық үлкен ау­дитория. Үшінші қатардан бастап соңғы қатарға дейін отырған алты топ студенттері. Бірінші, екін­ші қа­тар бос тұрады. Оларда ша­мамен 30-40 орын. Мұнда сәл­ден соң жас оқытушылар мен ас­пи­ранттар жай­ғасады. Қоңырау шалы­нып, ауди­торияға жай басып профессор Жо­лаев кіреді. Дәріс басталады. Шы­­бын ызыңы естіледі. Ғажап емес пе? Құдды ғылым әле­мінде, білім те­ңі­зінде жүзгендей болатын едік! Ер­тегі емес пе?!

«Су шаруашылығы экономи­ка­сы» пәнінен доцент Воропаев са­­бақ береді. Сөйлеу мәні мен ыр­ға­ғы, жылдам да емес, жай да емес, қоңыр дауыс жаулап алады ғой барша­мызды. Дәріс емес, су шаруа­шылығы жөнінде ән есті­гендей елітіп оты­ра­тын едік, шір­кін! Сол кезде Во­ропаев көп болса қырықта. Кейін ол Мәскеуде СССР Су пробле­ма­лары ғылыми-зерттеу институты ди­ректоры болды. СССР Ғылым Ака­демиясы кор­рес­пондент-мүшелігіне сайланды. Мұн­дай жоғары ғылыми дәрежені бұрын су мамандарынан тек Кос­тяков қана иеленген еді.

Осы тұста алпыс жыл өткен сол студенттік шақтан қызық, тіпті анекдоттық жайды қалай айтпай ке­тейін. Жоғарыда көрсеттім, орталық алаңдағы 2-ші оқу ғимаратында оқы­дық деп үшінші курс басынан. Сол корпустан терістікте үш-төрт квар­талдан соң жатақханамыз ор­талық алаңның шетімен өтіп жалғасып жатқан көше бойында. Ара он бес минуттық жол. Жолдың орта ше­нінде үлкен гастроном. Ішінде ма­ңызды қондырғы бар. Кәдуілгі авто­мат. Газдалған су бе­ретіндей. Бірақ ол тиын төлесең вино ағызады. Ал­дымен кассадан 22 тиындық жетон аламыз. Кәдімгі үлкен, қырлы ста­кан қоямыз бе­рекелі шүмек­тің астына. Тесікке жетонды салып жібе­реміз. Стакан жартылай толады. Тағы біреуін ытқытамыз. Стакан шүм­пілдеп тұ­рады. Сабақтан шаршап шыққан студенттер соған үйір. Әсі­ресе, стипендия алған күндері. Бір күні кешке сол кезекте тұрмыз ғой. Артыма көз салсам, екі-үш кісіден соң ұстазымыз Воропаев тұр! Міне қызық, міне масқара! Сасқаннан ұс­тазымызға кезегімізді бере салуды ұмытып, қашыппыз! Қандай өмір?! Ұстаздың да, студенттің де ойлары бір жерде түйісіп жатқаны ғой! Бірақ, кейін сол автомат жабылып қалды.

Жоғары оқу орнында сол за­манда талап жоғары болатын. Оның мықты дәлелі студентті еш­кім мұрнынан сүй­ремейтін. Оқы­ғысы келгені, оқу­ға шамасы жет­кені оқуды аяқ­тай­тын. Оқи ал­май­тыны орынды боса­тып, еш қың­сыз шығып кете беретін. Ол кезде оқытушы жұмысын сту­дент­тің үлгерім көрсеткішімен ба­ға­ла­майтын. Басты талап ол – оқы­тушы сабағының сапасы. 1962-де Мейрамбектермен бірге оқуға 4 топқа 120 студент түссе, 1967-де соның 74-і ғана диплом алыпты. Ерек­­ше дипломды тек үш-төртеуі ғана иеленген. Міне, нағыз білім деген осы болар! Осындай атақты ұстаздар алдынан ұшқан түлектер қалай мықты су маманы болмасын?! Ендеше, Мейрамбек пен Оңдаш және бірге оқыған достары сол атақты ұстаздар мен ел сенімін солайымен ақтады.

Қазір екеуі де зейнетте. Екі ұл, екі қыз тәрбиелеген. Ерлі-за­йып­ты екі маман еліміз, Сыр өңірі су шаруашылығына айтарлықтай ең­бек­терін аямай сыйлады, бар күш-жігерін жер мен су мәселесіне ар­нады. Қызылорда облысында са­налы ғұмырын жер мен суды бап­тау жолына арнаған мұндай ай­рық­ша отбасы жоқ. Ендеше осы бере­келі отбасы иелерінің өңір су шаруа­шы­лығының өркендеуіне, еліміз жас­тарына туған жері алдында пер­­зенттік парызын лайықты өтке­ру­дің нағыз үлгісі десек, еш қателес­пейміз.

Жер мен судың маманына тағ­дыр ерекше сый бұйыртқан сияқты. Өйт­кені олар жерді мәпелеп, дақыл өсіру жолдарын зерттеп, соған жұм­­салатын суды жеткізіп, оны жөн-ретімен беріп, маңайды осы­ның кө­леңкелі әсерінен сақтап, ел ырзы­ғын өсіреді. Мұның аста­рында көп құнды жағдай жатқан жоқ па? Туған жерімізді мол түсініп, тиімді пайдаланып, оның тілін табу деген сөз сол жерде күнкөріс жасап жүрген азаматтар жағдайын жанашырлық жасап жақсартумен шектесіп жат­пайды деп кім айтар екен?

Саламыздың шарықтаған мез­гілін де көрдік. 1960-1990 жыл­дары өңірі­мізде жүзге жуық ірі шаруашылық болған. Әрқай­сы­сын­да орта есеп­пен 3-4 су ма­маны бар еді. Сонда аймақта 350-400 су маманы бола­тын. Қазір содан қалғаны небәрі 35-40 шама­сында. Күннен-күнге тап­шылыққа ұшы­рауға бейім тұра­тын су қорының жетіспеушілігі жағ­дайында су ма­мандары орны мен реті барған сайын жоғарылай түсетіні анық. Сондықтан тарих қойнауына ен­ген өткен ғасырдың екінші жар­ты­сында туған жер мен суы үшін аянбай еңбек еткен Мейрамбек Махаев, Оңдаш Қаражанова сынды су мамандарының биік өнегесі әсі­ресе өскелең жас өренге мықты үлгі болары сөзсіз.

Серікбай ҚОШҚАРОВ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, техника

ғылымдарының докторы, «Парасат» орденінің иегері