Кеше VII шақырылған облыстық мәслихаттың кезекті 2 сессиясы өтті. Нұриддин Әмитов төрағалық еткен сессияда алдымен облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов мәслихаттың биылға арналған жұмыс жоспарын айтты. Онан кейін облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бауыржан Шәменовтың есебі тыңдалды.
Басқарма басшысының баяндауынша, облыстық коммуналдық меншікке 221 су шаруашылығы нысаны алынған. Оларды тазалау, жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылуда. Былтыр 12 канал тазаланып, жөндеу жұмыстары жүргізілген. Соның 4-уі «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында атқарылған.
– Ұзындығы 95,4 шақырым канал тазаланып, олардың бойындағы 9 гидротехникалық құрылғы жөнделді. Нәтижесінде елді мекендерде 800 гектар бау-бақша және көкөніс дақылдарын егуге, 2200 гектар жайылымдық, шабындық жерлерді суландыруға жағдай жасалды. Сонымен бірге, елді мекендерді сумен қамтамасыз ету мақсатында 6 насос қондырғысы облыстық бюджеттен сатып алынды,– деді ол.
Жалпы, елді мекендерді аяқсумен қамтамасыз етуде былтыр маусым айында қабылданған облыстың 2023 жылға дейінгі экономикалық даму жоспарына сәйкес биыл 6 нысанға су шаруашылығы жұмыстары жүргізілетін болса, барлығы 43 насос қондырғыларын алу жоспарланған. Оған облыстық бюджеттен 842 млн теңге қаралған.
Суармалы жерлерді қалпына келтіру мақсатында да тиісті жұмыстар атқарылуда.
– Атап айтқанда, 2019 жылдан бастап жалпы құны 9,3 млрд теңге болатын «Ирригациялық-дренаждық жүйелерді жетілдіру» жобасының ІІ фазасы (ПУИД-2 жобасы) іске асырылуда. Жобаға сәйкес былтыр 2,2 млрд теңгеге Жалағаш ауданында 15,1 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіру жұмыстары атқарылды. Бұл жұмыстар биыл да жалғасатын болады. Сонымен қатар, апаттық жағдайда тұрған «Қызылорда» және «Әйтек» су тораптарын қайта жаңғырту жұмыстары былтыр басталды. Оған қоса, былтыр Жаңақорған ауданында «Жиделі» су қоймасына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілсе, «Қараөзек», «Күміскеткен» су қоймаларын салудың және «Көкарал» бөгетінің беріктігін қамтамасыз етудің жоба-сметалық құжаттамасы әзірленуде, – деді басқарма басшысы.
Осы орайда Бауыржан Шәменов балық шаруашылығының даму барысына да тоқталды.
– Облыс бойынша балық шаруашылығында маңызы бар Кіші Арал теңізі мен 207 көл тізімге алынған. Бүгінде аймағымызда 18 түрлі балық аулануда. Жылдық қуаттылығы 12,5 мың тонна болатын 9 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. 4 зауытта еуропалық сапа стандартына сәйкестігін растайтын «Еврокод» бар. Былтыр облыста 8760,2 тонна балық ауланды. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8 процентке көбейген. Сондай-ақ, былтыр 4302,9 тонна балық өнімдері 9 шет мемлекетке экспортталды, – деп атап өтті ол.
Облыс аумағында мемлекеттік орман қоры жерлерінің жалпы көлемі 6,5 млн гектарды құрайтын болса, оның 3,1 млн гектары – орманды алқап. Оның 89 процентін негізгі орман құраушы сексеуіл ағашы алып жатыр екен.
– Былтыр мемлекеттік орман қоры жерлерінде 11,3 мың гектар орман отырғызу жұмысы жүргізілсе, соның 6,3 мың гектары – Арал теңізінің құрғаған ұлтаны, – деді басқарма басшысы.
Ал облыс аумағында түрлі қалдықтарды тасымалдау, жинақтау, қайта өңдеу және жою саласында 40-тан астам кәсіпкерлік субъекті жұмыс істейді екен. Былтыр жинақталған 117 мың тонна қалдықтың 21 мың тоннасы немесе 18 проценті қайта өңделген.
Облыс тұрғындарының 70,8 проценті қалдықтарды тасымалдау қызметімен қамтылған. Былтыр Қызылорда және Арал қалаларында жаңа полигондар іске қосылды. Алдағы уақытта Жалағаш, Сырдария, Шиелі және Жаңақорған аудандарында жаңа полигондар салу жоспарда бар.
Басқарма басшысының баяндамасынан соң депутаттар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Атап айтқанда, депутат Аманжол Оңғарбаев Қамбаш көлінің кейінгі кездегі жай-күйіне алаңдаушылық білдіріп, тартылып бара жатқан көлді құтқарудың маңыздылығын жеткізді.
– Біз қолымыздағы құдай берген байлығымыздан айырылғалы отырмыз. Екі жылдан бері су тамбаған «Қамбашқа» көзқарасымыз әлі дұрыс қалыптасқан жоқ. Үкіметке ұсынған хаттан басқа қолдан келер не амал бар? Бұлай кете берсе, көлден айырыламыз. Қазірдің өзінде 250-300 метрге шегінді. Ал біз кеше партиямыздың бағдарламасында ішкі туризмді дамытамыз, «Бәйгеқұм» мен «Қамбаштан» көптеген демалыс орындарын саламыз деп халыққа уәде бердік. Осы орайда халыққа не айтамыз? «Қамбашты» құтқару үшін не істей аламыз, әлде осылай қарап отыра береміз бе? – деп алаңдаушылық білдірді.
Әріптесінің бұл ойын депутат Сәрсенкүл Бихожа да құптады.
– Қазір технология дамып, жасанды көлдер, жасанды бақтар пайда болып жатқанда, біз қолда барды ұқсата алмай отырғанымыз шынында да ойланарлық жағдай. «Қамбаш» көлінің жағдайы облыс халқының жанайқайы деуге болады. Туризмді дамытамыз десек, осы көлді сақтап қалуды ойлануымыз керек. Осыған жауапкершілікпен қарауымыз қажет, – деді ол.
Ал Қылышбай Бисенов Арал табанына тек сексеуіл егумен шектелмей, жан-жақты ізденіп, басқа да өсіруге болатын өсімдік түрін қарастырса деген ұсынысын жеткізді.
Сессияда сонымен бірге «Облыс әкімдігінің дербес құрамын келісу туралы», «Облыста іске асырылуы жоспарланатын жергілікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының тізбесін бекіту», «Шиелі ауданы бойынша білім бөлімінің №142 орта мектебіне Базарбек Қашқынбаевтың есімін беру жөніндегі ұсынысты енгізу туралы» мәселелер қаралып, талқыланды. Ұсыныс-пікірлер ескеріле отырып, тиісті шешімдер қабылданды.
Айнұр Батталова,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<