Биыл қай сала болмасын оңай тиіп тұрған жоқ. Оның ішінде күріш еккен Сыр диқандары да бар.
Дегенде басқалар үшін қиындықтардың басты себебі пандемияға байланысты десек, күрішшілердің басты проблемасы су жетіспеушілігі болды. Әйтпесе, Үкімет көктемде қажет еткендерге субсидия беру жайын, сонымен қатар арзандатылған жанар-жағармай мґселесін шешкен болатын.
Шаруашылықтар техникаларын сайлап, тыңайтқышты жеткілікті етіп қамданды. Төтенше жағдай кезеңі болса да техникалардың қосалқы бөлшектер саудасына рұқсат етілді.
Егінге судың аз болатыны жайлы жылда дабыл қағылып келеді.
Ескертулер жасалады, күріш көлемін арттырмау жөнінде тапсырма беріледі. Биыл да солай болды. Алғашқысында облыста күріш егістігі көлемі 88,2 мың гектар болып бекітілді. Мұнан соң суға қатысты нақты ақпарат жетті.
Өткен жылмен салыстырғанда, «Нарын-Сырдария» каскадының су қоймаларында судың көлемі 4,4 млрд текше метр болса, «Шардарадағы» жиналған су 2,3 млрд текше метрді құрап, өткен жылмен салыстырғанда 1,1 млрд текше метрге кеміді. Ал Сырдария арқылы төменге тасталатын көлем секундына 180 текше метрге дейін азайды. Бұл, өз кезегінде, сумен қамтамасыз ету барысына кері әсерін тигізетіні белгілі.
Осыдан кейін бекітілген күріш егістігі көлемі қайта қысқартуға түсті. 7,1 мың гектардан артық қысқартылып, 81 мың гектар шамасында бекітілді. Барлық аудандарға тиісті хаттамалар жөнелтілді, тапсырмалар берілді. Осы көлемнен аспауы тиіс болды.
Мынаны қараңыз, нәтижесінде күріш егістіктерінің көлемі алғаш бекітілген көрсеткіштен де асып кетіпті. Қызылорда қаласы мен барлық аудандар бойынша егілген күріш көлемі 89,5 мың гектарды құрап, қысқартуға ұсынылған көлемнен 8,4 мың гектарға артық орналастырылды. Атап айтқанда, Жаңақорған ауданы 1,3 мың, Шиелі ауданы 2,9 мың, Сырдария ауданы 859, Жалағаш ауданы 1,2 мың, Қармақшы ауданы 326, Қазалы ауданы 515 және Қызылорда қаласы 1,3 мың гектарғa артық еккен (өткен жылмен салыстырғанда 1,5 мың гектарға артық).
Судың да сұрауы бар демекші, мамандар айтуынша тіршілік нәрінің биылғы тапшылығы жағдайында 90 мың гектарға жуық күріш алқаптарын үш ай бойы сумен қамтамасыз етіп тұру тіпті мүмкін емес.
Иә, шынында да, дәл сондай жағдай орын алып, шаруашылықтарға су жетпеуі салдарынан дабыл қағылды. Облыс бойынша 1853 гектар күріш егісіне су жетіспей отырса, 405 гектар егіс мүлдем сусыз қалғандығы анықталды. Шиелі ауданында да судан қалған егіс алқаптары болды. Жалағаш, Қармақшы, Қазалы аудандарындағы егіс алқаптарына су жетпеу тапшылықтары қатты сезілді.
Дегенмен, облыс басшылығы бұл жағдайға «құдай салды, біз көндік» деп қарап қалмады. Қалай болған да облысқа келіп жатқан су деңгейін тамыз айының алғашқы онкүндігіне дейін секундына 480-520 текше метрден түсірмеу үшін барлық инстанцияларға шықты. «Шардарадан» төмен түсіп жатқан ондай көлем жоқ. Ақыр соңында «Көксарай» су реттегішінің түбінде қалған көлшіктердің суын каналдар арқылы бір-біріне қосып, төмен қарай ағызу басталды. Бұл облыс басшылығының жедел қимылдары нәтижесінде Су шаруашылығы комитеті пәрменімен іске асырылған шара болды. Соның арқасында жоспардағы егілген күрішті суландыруға қол жеткізілді.
Жалпы жоғарыдағы келеңсіздіктерге қалай жол берілген? Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қайратбек Сәрсенбаев оның бірқатар себептеріне тоқталды.
– Шаруашылықтарда күріш егуге деген ұмтылыс жоғары. Шектеулі көлемді бекітіп бергеннің өзінде артығымен 8 мың гектардай күріш егілді. Май алып қойдық, тыңайтқыш алып қойдық, енді су жетпесе насос қойып, тартамыз деп шаруашылық жетекшілері алған беттерінен қайтпады. Содан қиындықтар туындады, – деген басқарма басшысының орынбасары одан кейін су жүйелеріне қатысты проблеманы атап өтті.
Бұрынғы кезеңде су жүйелері шаруашылықаралық канал және ішкі каналдар болып бөлінді. Соңғысы бір совхоздың каналы болса, шаруашылықаралық канал бірнеше совхозға су жеткізіп тұрды. Алғашқысы су шаруашылығы балансында, екіншісі совхоздың өз балансында болды. Ал енді бұрынғы бір совхоздың өзінде қазір бірнеше шаруашылық пайда болды да бір каналдың бойынан ондаған шаруашылық су алуға кірісті. Сонда ол баяғы шаруашылықаралық каналдың ролін атқарып кетті, бірақ Су шаруашылығының балансында жоқ. Содан «ана бөлігін сен, мына бөлігін мен тазалайын» деген келіспеушіліктер пайда болады.
Су жүйелерін ретке келтіруде проблемалар бар екені айқын. Мықты шаруашылықтар өз каналдарын тереңдетіп тазалап алып, оны суға толтыруға біраз уақыт кетеді.
Қ.Сәрсенбаев Сыр маржанын өсіруге ірі шаруашылықтар ғана бейімделгеніне назар аударды. Білікті мамандары бар, агротехниканы сақтайды, жаңа техниканы алған, мүмкіндіктері жеткілікті. Ал оның есесіне күрішті өздері екпейтін, жерін бөтен адамдарға уақытша пайдалануға беретін майда шаруашылықтар бар. «Саған ақшасын беремін, жеріңді бер» дейді. Ол жерде агротехника сақталмайды, жоғары өнім ала алмайды, қарыздарын өтеуге шамасы жетпей қалады. Егінді жинар кезде комбайны жоқ, әркімнен сұрап жүреді. Егер жаңбыр жауып кетсе, күріші төгілсе, далада қалады. Майда шаруашылықтар үшін күріш егу тиімсіз екені рас.
«Қазсушар» РМК Қызылорда филиалының директоры Жорабек Нұрымбетов өз кезегінде келесі мәселеге – егіс алқабынан қашыртқыға көп мөлшерде су тастау нәтижесінде ысырап жасалатынына назар аударды. Мұндай фактілер де анықталып отыр. Су жетіспеушілігі кезінде бұған тіпті жол беруге болмайды. Сонымен бірге ол артистен бастап мұғалімге дейін күріш егуге кірісетінін айтты. Ондай шағын шаруашылықтар не ішкі каналды не қашыртқыны тазалауға күші жетпейді.
Ал енді алдағы жылдар қалай болмақ? Өткен аптада су тапшылығына қатысты сала мамандары қатысқан мәжілісте облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова су тапшылығын қайта болдырмас үшін алдағы жылдың егісін жоспарлағанда күріштен басқа суды аз қажет ететін, тиімділігі жоғары дақылдарды егу жолдарын қарастыруды тапсырды.
Осы ретте Парламент Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы облысты аралау барысында күріш егістігіне қатысты проблемалармен жете танысқанын айта кету керек. Сенатор осындай жағдай келесі жылдары да қайталана бермес үшін Қызылорда облысында күрішті 70 мың гектардан артық егуге болмайтыны жөнінде Үкіметке мәселе қояйын деп отырғанын жеткізді.
«Көксарай» одан артық көлемді қамтамасыз ете алмайды. Түркістандықтар да жыл сайын аталған су реттегішінің түбін қырнап, бізге көмек бере бермейтіні белгілі. Сонымен бірге Сыр маржанын өсірумен жер тегістейтін және басқа да техникалары жеткілікті, әбден мамандандырылған, каналдарды тазалап тұруға күш қуаты жететін мықты шарауашылықтар ғана айналасуы қажет деген пікірін алға тартты. Солар ғана барлық агротехникалық талаптарды мүлтіксіз сақтап, егіс алқаптарын инженерлік жүйеге келтіріп, үнемі жоғары өнім алады. Мүмкін, күріш егумен айналысатын шаруашылықтарға арнайы лицензия беру жағын ойластыру керек болар.
Ал майда шаруашылықтар немен айналыспақ? Олар егін шаруашылығын әртараптандыруға үлес қосып, суды аз пайдаланатын мал азығы дақылдарын, бау бақша, жеміс-жидек өнімдерін өсіруге бағытталуы тиіс. Осы мақсатта қызықтыру үшін субсидия беру жайын қайта қарастырған жөн. Бұл дақылдардың бәріне сұраныс жоғары, оларды еккен диқандардың пайдасы мол болары анық.
Міне, осы проблеманың бәріне Үкіметтің назарын аударып, нақты және тиімді шешімдер шығарылуына күш салынатын болады.
Парламент өкілі сонымен қатар, су тарифінің өте төмен екенін атап өтті.
– Мынаны қараңыз, бір текше метр судың бағасы 28 тиын ғана. Мысалы, 1 гектар жерге егілген күріш піскенге дейін 24 мың куб суды кажет етеді екен. Оны қаржыға шақсақ – 6720 теңге, оның жартысын мемлекет субсидия ретінде төлеп береді. Жыл сайын күрішті суландыруға үш млрд текше метрге жуық су пайдаланамыз, сол судың құны бар болғаны 700 млн теңге шамасында. Бір келі қара күріштің өзіндік құны 80 теңге болса, соның ішінде судың құны 2 теңгені құрайды. Бұл – пародокс. Су – стратегиялық тауар. Сондықтан Үкімет су тарифіне қатысты ұстанымын өзгерту керек, – деген Парламент өкілі жалпы су негізінен кіші Арал теңізі үшін, аймақ экологиясы үшін барынша қажет деп ойын түйіндеді.
Сонымен, биыл облыстың күріш алқаптарында су жағдайы күрделі сипатта болды. Егістік көлеміне дұрыс бақылау жүргізбеген әкімдер сөгіс алды. Енді бұл проблемалар қайталана бермес үшін жоғарыда айтылған мәселелердің Үкіметтің деңгейінде шешілуі бағытында облыс басшылығы да, халық қалаулылары да нақты жұмыстар жүргізеді деп сенеміз.
Тіршілігі Сырдария өзенінің суына тәуелді Қызылорда облысы үшін ендігі жерде әбден сараланған есеп, әрбір мүдделі тарап үшін асқан жауапкершілік қажеттігін мықтап сезінетін уақыт келген секілді.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<