Сыйластық жарасымы

1166

0

Қоғамда көпке үлгілі, ортасына сыйлы, ынтымағы мен бірлігі жарасқан отбасылар жетерлік. Солардың бірі Жалағаш ауданы, Аққұм елді мекенінде тұрады. Бұл – Шуақбаевтар әулеті. Жақында олар «Мерейлі отбасы – 2021» ұлттық конкурсына қатысып, жеңіс биігінен көрінді.

Отағасы Науқанбай Шуақбаев кезінде Қазақстан колхозы, Аққұм совхозы партия комитеттерінде абыройлы қызмет атқарды. 1973 жылдан бастап №38 мектепте ұстаздық етті. Талай шәкіртті білім нәрімен сусындатып, үлкен өмірге қадам басуға ықпал жасады. Жаны шығармашылыққа құмар азамат еді. «Тарих тағылымы», «Ұлы отан соғысы шежіресі» атты кітаптарын жарыққа шығарды.

Науқанбай 1956 жылы Іңкәр Сырбаевамен отау құрып, 10 перзентті жетілдірді. Отанасы еңбек жолын аудандық кітапханадан бастап, мектепте іс жүргізуші, совхоздың сиыр фермасында жұмысшы, бақташының көмекшісі болып бірқатар жұмыс істеді. Қазір батыр ана «Алтын алқа» иегері. Өніп-өскен әулеттің ақылшысы әрі қамқоршысы. Биыл 84-ке келгенмен, әлі де тың. Келіндеріне болысып, үй шаруасына қолғабыс етеді. Немере-шөберелеріне тағылымды әңгімелерін айтудан жалыққан емес. Отбасының ұйытқысына айналған ана  жас отбасыға  білген-түйгенін үйретіп келеді. 

– Еліміздегі әр шаңырақ мықты болып, үлкен әулетке айналғанын қалаймын. Біз отбасының жауапкершілігін алдыңғы орынға қойдық. Ер мен әйелдің міндетін білдік. Қиын кезеңде мойымай, балаларымыздың болашағы үшін күрестік. Отбасы құндылығын, тәрбиесін берік ұстандық. Балаларымызды ертеден еңбекке баулып өсірдік. Шамамыз келгенше білім алуына жағдай жасап, жылы-жұмсақты ауыздарына тостық. Адалдық, адамгершілік, үлкенді сыйлау, құрмет көрсету сынды қасиеттерді бойларына сіңіруге тырыстық. Шүкір, балаларым білім алды. Бір-бір шаңырақтың иесіне айналып, әрқайсысы түрлі мамандық иелері атанды. Әкесінің жолын қуып, ұстаздық еткендері де бар.

Қазақ «ұрпағыңмен мың жаса!» деп тілек білдіреді. Осы перзенттеріміздің арқасында кезіндегі бейнеттің қазір зейнетін көріп отырмыз. Олар бізден алған тәлім-тәрбиесін енді өз балаларына азық етуде, – дейді әжеміз.

Бүгінде тамырын тереңге жайған Шуақбаевтар әулетінен 24 немере мен 14 шөбере өрген.  Ұл-қызының қызығына кенелген ананың бір ғана тілегі бар. Ол еліміздің тірегіне айналған әрбір отбасының керегесі кең, іргесі бекем болғанын қалайды.

Иә, қай кезде болмасын, отбасының адамзат ұрпағына ықпалын өмірдегі басқа еш нәрсенің күшімен теңестіруге келмейді. «Отан – қуат, отбасы – шуақ» деп білетін ұлтымыз отбасының тыныштығы мен құндылықтарын бірінші орынға қойған.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<