Сыныбы түгелдей грант иеленген мұғалім: Оқушыларым – менің достарым

2943

0

Фото: Жансейіт Исағалиевтің жеке мұрағаты

Ақтөбе қаласындағы Қ.Сәтбаев атындағы мектеп-лицейдің физика пәні мұғалімі Жансейіт Исағалиев алдына келген әр баланың өз бағыт-бағдары, қызығушылығы болатынын біледі. Соған қарай мамандық таңдауға икемдеп жүр. Ал сынып жетекшісі болған кезде оқушыларын досындай сыйлап, қадірлеп, еркін қарым-қатынас құра білді. ҚазАқпарат тілшісі әр шәкірті мемлекеттік грант алған мұғаліммен сұхбаттасты.

Жансейіт Аманжолұлы, сіз ұстазсыз, ал сіздің ұстазыңыз кім?

– Мен Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Саралжың ауылында туып-өстім. Сол ауылдағы орта мектепте 11 жыл білім алдым. Одан кейін 2013-2017 жылдары Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің физика-математика факультеті, физика мамандығында төрт жыл оқыдым. 2017 жылы оқу орнын үздік дипломмен аяқтадым. Жоғары оқу орнын бітіргеннен бері алғашында Новый орта мектебі болған, қазіргі Қ. Сәтбаев атындағы мектеп-лицейінде жұмыс істеп келемін.

Өзім мұғалімдер отбасында тәрбие алдым. Анам қазақ тілі мен әдебиеті, әкем технология пәнінің мұғалімі. Үлкен ағам математика пәнінен сабақ береді. Жеңгем де, келіншегім де ұстаз. Өз тумам да, нағашы жұртым да педагогтер. Айналамның бәрі ұстаз.

Сыныбы түгелдей грант иеленген мұғалім: Оқушыларым – менің достарым

Физика пәнінен маған Гүлайша Айтукина сабақ берді. Әрдайым қосымша сабаққа шақыратын. Мектепте зертханалық жұмыстар аз болды. Кейбір құралдар сынып жатты. «Осы құралдар жасап тұрса, қызықты болар» деп ойлайтынбыз. Қазір соған жеткендей болдық. Қ.Сәтбаев атындағы мектеп-лицейінде бұрын физика кабинеті болды. Былтыр тағы біреуі жасақталды. Бірақ, физиканы жақсы көргеннен гөрі, грантын ұнататындар көбейген. Осы дұрыс емес.

Ал диплом жетекшім – Нұргүл Жантурина. Өзі жас, бірақ құрметі жоғары. Методикасы әрі адамды қабылдауы ерекше. «Жарық құбылыстары» тақырыбында диплом жазған кезде түнде электронды поштасына жіберіп, тексеруін сұрайтынбыз. Уақыт оздырмай, ертеңіне қателері мен түзетулерін айтатын. Сәл өкінішім бар, магистратураға түспей, мұғалім болып кеттім. Содан бері әлі реті келмей жүр.

Тағы бір мативация – әріптесім әрі аға ұстаз Миуа Тұрғанбаева. Қазір 1500 оқушы болса мектепте, екі ғана физик бар. Ол кісі зейнеткерлікке шығуға дайындалып жүр. Алғаш кезде еріншектік танытып, шаршап жүрсем, апай том-том қағаз жинап, көтеріп жүретін. Тәлімгеріме қарап ұялдым, алға ұмтылдым. Әрдайым көмек берді, жол көрсетіп отырады.

Сыныбы түгелдей грант иеленген мұғалім: Оқушыларым – менің достарым

Жас маман үшін сынып жетекшісі болу қиын болмады ма?

– Маған бірден 6-сыныптың оқушыларын берді. Арада 6 жыл өткенде алғашқы түлектерді ұшырдым. 17 түлектің бәрі Алматы, Астана, Ақтөбе қалаларындағы жоғары оқу орындарына мемлекеттік грант арқылы түсті. Сала бойынша айтар болсам, 9 оқушы физика, 4 оқушы химия-биология, 2 оқушы информатика-математика, тағы 2 оқушы география-математика пәнін таңдады. Физика пәні мұғалімі ретінде 17 оқушының 9-ын өзім дайындадым. Ал жалпы жетекшілік еткен сыныптағы балалардың бәрі өзі қалаған мамандығына түсті.

Әр оқушының өз саласы, өзі жақсы көретін бағыты бар деп есептеймін. Ата-аналар соны түсінуі тиіс. Кейде мамандық маңызды емес, мемлекеттік грант қажет деп айтылды. Оның төрт жылдық қана көмегі бар. Егер мамандық таңдауда қателессе, табыс таппайды, өмірде өз орнын жоғалтып алады.

Сыныбы түгелдей грант иеленген мұғалім: Оқушыларым – менің достарым

Шәкірттеріңізді физика пәніне қалай қызықтырдыңыз?

– Мен мұғалім болғаныммен, оқушыларды достарым деп қабылдадым. Олармен қыста қар атысып ойнап, футболған барамыз. Директордан рұқсат сұрап, кешкілік спортзалда жүретінбіз. Сағат 20:30-21:00-ге дейін доп теуіп ойнаймыз. Ал мейрамдарда басқосулар жасаймыз. Мектеп асханасында шай-тамақ ішеміз. Сөйтіп оқушылар ағайдан гөрі, өздерінің жақын туысқан ағасы ретінде қабылдады. Өзімді ерекше мұғаліммін деп айта алмаймын. Бірақ физиканы кітап тілімен шектеп түсіндірер болсақ, ол ешкімге де қызықты емес. Сондықтан, әрдайым сабақты күнделікті өмірмен байланыстырып отырамын. Мәселен, электр шығынын есептеудің өзі – 8-сыныпта қарастырылатын тақырып. Кейде оқушылар түгіл ата-аналар түсінбейді. Түбіртек келеді, оны төлей салады. Балалар үшін сол мысал жеткілікті. «Ағай, есептейік» деп бастап кетеді.

Сабақтан тыс уақытта арнайы уақыт бөлесіз бе?

– Жоғары сынып оқушыларына арнайы уақыт бөлемін. Оларға мамандықтарды айтып, түсіндіремін. Біздің елімізде ірі зауыттарда кәнігі маман тапшы. Олардың кейбірін шетелден арнайы шақырамыз. Біздің балаларымыз осы олқылықтың орнын толтыруы керек. Кен орындарынан шикізат өндіріледі. Ал өңдеу саласын кім дамытады? Міне, осы туралы айтқанда олар жігерленіп, көзқарасын өзгертеді. Мұғалімнен басқа да мамандық бар екенін түсінеді. Тіпті қажетті құрал-жабдықты, құрылғыны шетелден әкеліп, оны басқа елдің мамандары түсіндіріп тұрады. Соның бәрін біз өзіміз жасауымыз керек.

Сіз жетекшілік еткен сыныпта ер балалар көп екен…

– Біздегі 17 оқушының 13-і ер бала. Ер адам болған соң ұлдарды ер мінезді етіп тәрбиелеу керек деп есептеймін. Олармен бірге жүгіремін, мектепте жаттығу жасаймыз. Сол 6 жылда қазіргі тілмен айтсам, жолдас баласы секілді жүрдім. Сабақ та оқиды, ал бос уақытта футбол ойнап, арасында күресеміз.

Сіз мұғалімсіз, тәжірибеңіз бар. Білім саласын одан әрі жетілдіру үшін қандай ұсыныс айтар едіңіз?

– Оқушыларға университеттегі профессорлар арнайы семинар, сабақ өткізіп тұрса деймін. Кейбір мектептер меморандумға қол қойған, байланыс бар. Ал кейбірінде мұндай келісім жоқ. Бәріне ортақ стандарт болса, аптасына бір рет тәжірибесін бөлісе алар еді. Оқушылардың өзі «сіз түсіндіріп тұрған тақырыпты профессорлар қалай жеткізер екен» деп сұрайды. Қарапайым сұрақ, бірақ мәні зор. Біз жарты сағат түсіндірсек, олар қысқа әдістемені ұсынуы мүмкін. Физика, химия сияқты зертханалық жұмыстары бар пәндер маңызды. Қай-қай мектепте зертхананың мүмкіндігі шектеулі. Ал университтетте дамуға, зерттеуге жағдай жасалған. Кураторым Берік Сәрсенбаевтың семинарына қатыстым. Қызығатын балаларды әкеліп, көрсетуге ұсыныс жасадым. Келісім үшін басшылардың рұқсаты керек екен. Миллиондар жұмсалған кабинеттегі мүмкіндікті пайдалануға шектеу болмаса, біз оқушыларды апарып, қызықтырар едік. Бір күн бұрын ескертіп, ертеңіне еркін кіре алса, жақсы емес пе? Кей тақырып бойынша виртуалды көрсетуге тура келеді. Ұстап, зерттеп көрмеген соң жете түсінбейді, ұқпайды. Қолымен ұстап көрсе, әсері жақсы болады. Бір ғана мысал, былтыр бір мектептің сынып жетекшісі Берік Сәрсенбаевтан ғылыми жобаға зертхана сұраған. Сол кезде кураторым 7-сынып оқушысына 8-сыныптың тақырыбында қарастырылған жобасын берген. Университеттегі құрал-жабдықты пайдаланған. Сол оқушы Бразилияда өткен халықаралық олимпиадада 2-орын алып келді. Таңқаларлық жайт. Ешкім ойламаған оны. Сондықтан, миллиондарға сатып алынған аппараттар, құрал-жабдық білім қуған балаларға қолжетімді болса дейміз.

Әңгімеңізге рахмет, сәттілік тілеймін!

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<