Сыр бойында жыңғыл, жиде, тораңғыл, сексеуіл, қарабарақ бұта тектес өсімдіктермен қатар, жанға шипа, дертке дауа шөп тектес өсімдіктердің де көптеген түрлері кездеседі. Ботаника ғылымында «Миялар» жүйесіне, «ASTRAGAL» сыныбына енген бірнеше түрлері біздің өңірде бар. Олар жабайы шөп тектес өсімдік болғанымен, Сыр бойының тұзды, сортаң, шөлді, ыстық аймағында өсіп-өнеді.
Сырдарияның жоғарғы және орта ағысы бойында атам заманнан бері қарай жерсінген бұл шөптің қоры өңірде баршылық. Жергілікті халықтың тілімен айтқанда, «Есек мия», «Қара мия», «Қызыл мия», т.б түрлері кездеседі.
Бұл миялар аттарының аталуы, өсімдіктің биологиялық, физиологиялық ерекшеліктеріне байланысты.
Әңгіме болғалы отырған қызыл мияны ықылым заманнан жергілікті халық дәрі-шипалы қасиетін біліп, ем-домға пайдаланып келген. Бірақ өндіріске мәдени өсімдік ретінде кірмегендіктен кейін күтімсіз, қараусыз қалып, суға бастырылып, өртеніп, жойылып кету жағдайына келген. Соңғы жылдары Дүниежүзілік фауна, флора қорғау қауымдастығы қызыл мияны «Қызыл кітапқа» енгізілуге жатады деп шешкен.
Қызыл мия – көпжылдық, шөп тектес өсімдік. Оның өсу деңгейі топырақтың құнарлығына қарай 30 сантиметрден бір метрге дейін көтеріледі. Бүкіл сабағы жұмсақ түкті келеді. Тамыры көген тәрізді. Жұмыр әрі жуан, сыртқы қабығы қызыл қоңыр болып, тереңге созылып өседі. Дәмі тәтті, сабағы тік, түп жағы бұта тектес, жоғарғы жағы көп бұталы. Жапырақтары қарама-қарсы кезектесіп орналасқан, формасы жұмыртқа тәрізді, бүтін түкті. Гүлшоғыры сабақ, қолтығында көбелек сияқты көгілдір түсті келеді. Ұрығы имек қынаптың ішінде тұрады. Қынаптың сырты жұмсақ, түкшелер басып тұрады. Жылтыр қызыл мияның тамыры терең кеткендіктен шөл далада, таулардың құмшауытты бөктерлерінде, жарқабақтарда ал біздің жерде дария, көл жағалауларында, ылғалы мол жиде, шеңгел өскен алқаптарда көптеп кездеседі.
Қызыл мияның тамыры дәрі, оны көктем мен күзде қазып алады. Ұсақ шашақ тамырларын қиып тастап, жуып тазалап кептіреді. Шикілей немесе дәрілердің құрамына қосады. Қолқа демікпесін емдеуде бұл тамырдың алатын орны ерекше. Пісіп жетілген дәні, тәтті дәмі жағымды келеді. Дененің ыстығын басады. Ағзадағы зат алмасу процесін ретке келтіріп, бойды сергітіп, ойды жетілдіреді. Көк бауырды күшейтіп, ағзаны әлдендіреді. Қызыл мия тамырының тұнбасы өкпені қышқылдандырып, жөтелді басады. Ентікпе ауруына бірден-бір ем. Кеудені босатып, қаырықты түсіреді. Өкпенің сырылын басады.
Қызыл мияның емдік қасиетін жергілікті халық бұрыннан пайдаланған. Шығыс, Орта Азия, Тибет, Қытай елдері қызыл мияны дәрі-дәрмекке пайдалануды өндірістік негізде қолға алып келеді. Бізбен табиғаты қарайлас қарақалпақтар да бұл өсімдікті мәдени түрге айналдырып, өндірістік жолға қойған. Ол елде қызыл мияның тамырымен шикізат есебінде зауытты қамтамасыз ететін бірнеше арнаулы шаруашылықтар жұмыс жасайды. Ал бізде енді қолға алынуда. Сондықтан жаңадан Жалағашта салынған қызыл мия зауыты толыққанды жұмыс жасау үшін бірнеше шаруашылық мамандандырылып, қызыл мияның тамырын өндіріп, зауытты қамтамасыз етіп отыру керек. Мия зауыты қазіргідей қолдан қазып алған немесе сырттан тасымалданған шикізатпен толық жұмыс атқара алмайды. Оны қазіргі жағдай көрсетуде.
Осыған байланысты ой бөлісу мақсатында бұрынғы өндіріс жетекшісі, биолог, ғалым-агроном ретінде қолыма қалам алдым. Қызыл мия тамырын жергілікті азаматтарға қаздырып, ауыз жарымайтын пұлға сатып алу жұмыстары көптен бері етек алып келеді. Олар жабайы түрде трактордың соқасымен жыртып, күрек-кетпенмен қазып, жинап келеді. Ал енді арнайы зауыт ашылып, жер бөлініп қызыл мия өндірістік негізге қойылғаннан кейін, кешенді, мәдениетті, агротехникалық талаппен қызыл мияны егу, күтіп-баптау, ору, оның сабағы мен дәнін жұғымды мал азығына пайдалану, тамырын қазып алу, өңдеу жұмыстарының технологиясын жетілдіру бірінші кезекте болуы керек.
Бұрынғы жабайы дақылды, мәдени дақылдардың қатарына қосу ғылымда да, өндірісте де жаңалық болатыны сөзсіз.
Қызыл мия бұршақ тәрізді өсімдіктер санатына жатады. Өсу, гүлдену дәуірінде ауадан азотты бойына жинап, тамырына сіңіретін өсімдік. Сондықтан да қызыл мияны ауыспалы егіс жүйесіне енгізіп, жерді мелиорациялау, құнарлығын арттыру мақсатында пайдалануға болады. Қазір біздің облыста бұрынғы инженерлік жүйеге келтірілген бірнеше мыңдаған гектар жер айналымнан шығып қалды. Ол жерлерді арамшөп, жиде, шеңгел, жыңғыл басып жабайыланып барады. Күтімді көп тандамайтын ылғалы мол осы алқаптарға өндірістік мақсатта қызыл мия ексе болар еді. Ол үшін қызыл мияның дәнін, тұқымын өндіру қажет. Тамыз айының соңғы онкүндігінде қызыл мияның қынаптағы дәні пісіп жетіледі. Осы кезде жаткамен бөлектеп орылып, дестеге түсіріледі. Толық кепкен кезде комбайнмен бастырылып, қырманға түсіріліп, шарланып тазартылады. Келесі жылдың наурыз айының бірінші онкүндігінде зябь тырмаланып, жағдай көтерсе, алғашқы жылы азот тыңайтқышын беріп, кәдімгі дән сепкісімен сеуіп, ылғалын ұстап катокпен бастырып тастайды. Дақыл толық көктеп шыққаннан кейін маусым айында өсу дәуірі кезінде жақсылап бір суғарады. Үш жылдан кейін тамырды қазу күздің қара суығы түсер алдында жүргізілгені дұрыс.
Бұл кезде тамыр өз бойына органикалық, минералды заттарды жинап, зат алмасу процесі тоқтайды. Қынаптағы дән тамыз айының соңғы онкүндігінде пісіп жетіледі. Қызыл мия бұрын-соңды өндірістік негізге қойылмағандықтан, оны егудің агротехникасы іс үстінде жетілдіріле беретін болады. Оны өмір тәжірибесі көрсетеді.
Өткен ғасырдың елуінші жылдарының басында біздің өңірде кендір егу науқаны басталып, бір жүйеге келмей тоқтаған болатын. Сол жылдары күздік бидай егу жұмыстары да нәтижесіз аяқталған-ды. Облыстың оңтүстік өңірінде мақта, орталық аймағында қызылша егу қолға алынған еді. Олардың да өмірі ұзақ болмады. «Тәуекел деген жел қайық, өтесің де кетесің» дегендей, қызыл мия – жаңа бастама. Жабайы өсімдікті жаңа мәдени өсімдік дүниесіне енгізу – үлкен ғылыми өндірістік эволюциялық жаңалық.
Жоғарыда айтқандай, зауыт және мия өсіретін шаруашылықтар бірігіп, мемлекеттік бағдарлама негізінде қолға алатын болса, өндіріс өз шешімін табар еді.
Рысбай КӘРІМОВ,
биолог,
бұрынғы өндіріс жетекшісі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<