Сырбойылық өрендердің 98% лагерьмен қамтылады

437

0

Сырбойылық өрендердің 98% лагерьмен қамтылады Сыр бойының өрендері өз өңірінде ғана емес, өзге Ақмола, Алматы және Түркістан облыстарының демалыс орындарына да демалады, деп хабарлады «24 хабар».
Ал Қызылорда өңірінде Ақтөбе облысының оқушылары тынығады. Олардың алды Арал ауданындағы «Қамбаш» олимпиадалық және қосымша білім беру орталығына жайғасқан. Лагері жоқ Қармақшы ауданының оқушылары да демалыс осы «Қамбашта» өткізеді.
Аймақтың салқын сабатты айдыны Қамбаш көлінің жағасында орналасқан лагерьде 2 жүзге жуық бала алаңсыз демалып жатыр. Орталықта ән-би, танымдық үйірмелерден бөлек роботехника секциясы жұмыс істейді. Қосымша білім берумен қатар сауықтыру шаралары жүргізіледі.
Рахан Қалиев, «Қамбаш» олимпиадалық және қосымша білім беру орталығының директоры:
– Көлдің емдік қасиеті бар, балаларды суға түсіреміз. Жыл бойына ұлттық бірыңғай тестілеу мен қосымша білім беру жұмыстарына мыңнан аса бала, жазғы демалысты ұйымдастыру 3 ай ішінде мыңнан аса бала демалдырып өткіземіз.
Аружан Медеубаева, тынығушы:
– Лагерь өте керемет, қызық, келе бергің келеді. Бұл лагерьде дене шынықтыру залы, бассейн бар. Мен топбасшы болғаныма өте қуаныштымын.
Тынығу маусымының екінші ауысымы қорытындысымен өңірлік санитарылқ эпидемиологиялық қадағалау мекемелеріне демалушылар тарапынан арыз-шағым түспеген. Тек техникалық керек-жарақ тұрғысынан кемшіліктер анықталған.
Мәди Бекмағамбетов, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:
– «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобасы аясында бүкіл лагерьлерге мониторинг жүргізіп, жергілікті әкімдіктерге ұсыныстар берілді. Қазіргі таңда барлық лагерьлер ұсынысқа сәйкес кемшіліктерді қалпына келтіріп, лагерьлер өз деңгейінде толық жұмыс жасауда.
Жыл бойына жұмыс істейтін лагерь Қармақшыда да салынып жатыр. Әзірге аталған ауданның оқушылары аймақтағы 9 балалар сауықтыру орталығына бөліп жіберілуде.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<