Осыдан екі жыл бұрын болар, интернетті ақтарып отырып, Батыстағы фактчекинг деп аталатын мамандық туралы мәліметті көзіміз шалды. Ағылшын тілінен енген бұл терминнің мәні баспасөз мәтініндегі, баяндамалардағы деректерді тексеру екен.
Батыс жұртында бұрыннан бар кәсіп орыс журналистикасына да еніпті. Ең қызығы, Ресей баспасөзіндегі мәлімет тексеруші мықты мамандардың бірі қазақ. Қазақ болғанда да осы өзіміздің Сырда туған Сырлыбай Айбосынов.
Бірден Фейсбук желісі арқылы Сырлыбайды тауып, хабарлама тастадық. БАҚ-тағы бықыған деректі салыстырып жүрген бауырымыздың уақыты болмады білем, жауап бере қоймады. Әйтеуір, сол жолы сыртта жүрген Сырлыбаймен тілдеспек болған талабымыз оңғарылмады.
Тіршіліктің ауанымен жүріп ұмытыла бастаған бұл оқиғаны жуырда Ресейдің белгілі саяси сарапшысы, журналист Леонид Бершидскийдің «Ремесло» атты интернет-кітабы еске салды. «ЭКСМО» баспа үйінің редакциялық алқасын басқарған, Slon.ru (қазір Republic.ru) сайтына жетекшілік еткен, «Ведомости» газетінің алғашқы бас редакторы, ресейлік «Forbes», «Огонек» журналдарының баспагері Леонид Бершидский кітабында біздің жерлес туралы арнайы тоқталып, оның айрықша зердесіне таңғалысын білдіреді.
«Сырлыбай Айбосынов атты ғаламат адам бар. Біз онымен «SmartMoney» журналында жүргенде таныстық. Басылым жариялаған конкурс шартына сай жарыққа шыққан нөмірінен барынша көп қате тапқан адамға апта сайын берілетін 300 еуроны бірнеше мәрте Айбосынов ұтып алды. Тапсырманы қиындатып та көрдік. Бірақ, Сырлыбай бәрін де жаңғақша шағып тастады. Өзі Қазақстандағы Арал қаласының тумасы екен. Осылайша шағын мекемелердің бірінде IT директор болып істейтін Сырлыбайға әр нөмірді баспаханаға дейін тексертіп, жалақы төлей бастадық. Бұл менің ең сәтті шешімім болды. Сырлыбайдың бізге көмегін айтып жеткізе алмаспын. Ол біраз уақыт украиналық Forbеs-те фактчекинг қызметін атқарды» деп жазады ол.
Жалпы, фактчекинг – өте мұқият, барынша дәлдікті қалайтындардың хоббиі.Осы жолды таңдаған Сырлыбай кейіннен Мәскеудегі «SmartMoney», «Русский Newseek», «Финанс», «Известия», Киевтегі «Форбс» басылымдарында жұмыс істеді. Тіпті, Slon.ru сайтының тапсырысы бойынша біраз жарияланымдар мен кітаптарды тексереді.
Солардың қатарында Альфред Кох пен Петр Авеннің тоқсаныншы жылдар басындағы Ресейдегі экономикалық реформалар мен оның басында тұрған Егор Гайдар жайлы «Революция Гайдара», Михаил Зыгарьдің соңғы жылдар бедеріндегі қоғамдық-саяси ахуал туралы «Вся кремлевская рать» және Владимир Федориннің «Беседы с Кахой Бендукидзе» атты туындылары бар.
Осылайша көрші елде үлкен резонанс тудырған туындылардың жарыққа шығуына біздің жерлес те үлкен үлес қосты.
Сырлыбай Айбосынов – Арал қаласының тумасы. Сондағы №14 мектептің түлегі. Облысқа белгілі азамат, қазір Арал ауданындағы ардагерлер ұйымын басқаратын Кішкене Айбосыновтың ұлы.
Орта мектептен кейін Мәскеуге аттанған. Н.Бауман атындағы Мәскеу жоғары техникалық университетінің түлегі. Қазір Ресей астанасындағы бір мекемеде IT директор қызметін атқарады.
Телефонға жер алыс емес қой, Аралдағы Кішкене ақсақал арқылы нөмірін тауып, Сырлыбайдың өзімен хабарластық. Алып қаладағы қарбаласынан қолы тимейтін болуы керек, жексенбі күні сөйлесуге келістік.
Уәделі күні тағы қоңыраулаттық. Телефонның ар жағынан Сырлыбайдың даусы естілді. Мәскеудің тұрғыны атанғанына 30 жылдан асты дейтіндей емес, қазақша мүдіріп тұрған жоқ. Осы сәт санамызда «Шіркін, шетелде тұратын осындай бауырларын біздегі тілін ұмытқандарға үлгі етсе, шіркін» деген ой жүгіріп өтті. Ең алдымен, әрине оның хоббиі туралы сұрадық.
«Қазір фактчекингпен түбегейлі айналыспаймын. Леонид Бершидскийдің жазып жүргені осыдан 5-6 жыл бұрынғы жағдай» дейді Сырлыбай. Оның айтуынша, қазір Ресейдегі бұқаралық ақпарат құралдары тым науқаншыл болып кеткен, ақпарат тарату бағытынан ауытқып, бірыңғай насихаттау жолымен кетіп барады. Бұл жолда, әрине, фактчекингті ешкімнің керек етпесі белгілі. Жырақтағы жерлесіміз қазіргі журналистикада жалған ақпарат таратудың жиілегенін де айтып өтті. Бір сөзбен айтқанда, байсалды баспасөз аз, оның есесіне БАҚ арқылы біреуді қорқытып-үркітіп, ұпай жинайтындардың күні туып тұр. Ресейде де дәстүрлі БАҚ кейіндеп, керісінше блогерлер күннен-күнге бел алып барады екен.
Сырлыбай әр жаз сайын елге келіп тұратынын айтты. Бұрынғы мен бүгінгі жайлы біраз әңгіме өрбітті. Жырақта жүрген жерлестің лебізінен елге деген ерекше құрмет пен сағыныш ерекше сезіліп тұрды.
Айтпақшы, фактчекинг Қазақстанға да жетіпті. Тіпті арнайы оқу құралы да жарық көрген екен. Интернетте еліміздегі түрлі саладағы мәліметтерге талдау жасаған жарияланымдары да бар. Бұл көп ұзамай Сырлыбай секілді білгір мамандар бізде де шыға бастайтынын білдірсе керек.
М.АҚЫНҰЛЫ.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<