Сындарлы шақта сыр бермеген Сағатбек

670

0

Сындарлы шақта сыр бермеген Сағатбек Жомарттық – рух байлығы. Мұндай рухқа ие болған кісі ешкімнің мәжбүрінсіз жақсылық жасауды көңілі қалап, көпшілікке қол үшін бергісі келіп тұрады. Ондай жандар » Ризық беруші – Алла » түсінігі бойынша амал ететіндіктен, жүректері пәк, көңілдері кең болып келеді. Қайырымдылық жасау үшін қалтаның қалындығы маңызды емес, пейілдің, жүректің кең болуы жеткілікті деп түсінемін. Қазіргі кезде еңбек етіп, тапқанымен бөлісіп, жомарттық танытып жүрген жерлестеріміз баршылық. Соның бірі жастарға үлгі болып жүрген – Сағатбек Сиюов.

Сағатбек Қуанышбайұлы 1991 жылы Арал ауданы, Тоқабай ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. 1996 жылы отбасымен Қызылорда қаласына көшіп келген. Балалық шағында биік-биік, зәулім ғимараттарды салатын құрылысшы болуды армандаған. Бірақ адам баласы арманының барлығы орындала бермейді. 2007 жылы «Болашақ» колледжіне «ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша оқуға түседі. Колледжді жақсы тәмамдап, жоғары білім алу мақсатымен Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетіне 2010 жылы қабылданады.

«Қайғы айтып келмейді». 2013 жылы оқуын бітірер шағында жол апатына түсіп, жүру қабілетінен айрылады. Бірақ, басына қиындық түссе де еш мойымай, айналасына көмек қолын созуға дайын Сағатбек батылдығымен басқаларға үлгі бола білді. Оның осы уақытқа дейін жасаған жақсылықтарын, атқарған істерін нағыз жомарттық деп білемін. «Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» деген дана халқымыз. Ол 2013 жылдан бастап қайырымдылықпен айналысып, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетіп келе жатыр. Өзі құрған «Жылы жүрек жастар» атты қоғамдық қоры бар. Бұл қорда ерікті  40-қа жуық адам болса, соның 30-ға жуығы жастар, студенттер мен мектеп оқушылары. Қоғамдық ұйым мүмкіндігі шектеулі, түрлі ауруға шалдыққан балаларға, мұқтаж жандарға мереке сайын барып құттықтайды. 2017 жылы желтоқсанда көптеген қаражат жұмсайтын жаңа жылдық отырыстардан бас тартып оның орнына жанына еріктілер жинап, А.Тоқмағамбетов мәдениет үйі басшыларының қолдауымен мерекелік бағдарлама, түрлі ертегі, қойылымдар қойып, сыйлықтар табыстаған. Сағатбек ағамен әңгімелесіп отырып өте қарапайымдылығын байқауға болады. 

– Адам баласы өмірге келгеннен кейін біреуге жақсылық жасау, қолындағы барымен бөлісу, мұқтаж жанға көмек көрсету әрбір жанның – парызы, міндеті болып табылады. Мен де жасап жатқан ісімді міндетім деп білемін. Жақсылықты жарысып жасау керек. Мен өзімнен кейінгі жастар үлгі алсын, көрсін деген оймен жасаған ісімді жария етіп жүремін. Әлеуметтік желілерге де жариялап отырамын. Соның арқасында ерікті, жақсылыққа жаны құштар жастар көптеп келіп жатады. Бұл қуантарлық жағдай. Бір өзім емес, көппен бірге жақсылық жасағанды жақсы көремін , – дейді ол.

Осы кезге дейін  «Самғау» жастар сыйлығы, «Жомарт жүрек – 2019» сыйлығы, «Ерен еріктілік» номинациясын иеленген қайсар жан мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы түрлі спорттық, өнер жарыстарының да ұйымдастырушысы.

Сағатбек ағамыз қайырымдылық жасаумен қатар, спорт түрлерімен, паралық бимен айналысады. Бұл салада бағындырған белестері де аз емес. 

Мен Сағатбек сынды замандасымыздың еңбегіне қарап үлкен ой түйемін. Тек біздің қаламызда емес, мемлекетте де осындай қайырымдылыққа жаны құштар адамдар көп болса, Әл-Фараби бабамыз айтқандай нағыз қайырымды қаланың ізгі адамдары атанамыз. Үлгі тұтар Сағатбек ағамыздай жомарт жандар көп болсын!

Шаһизада ИСА,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың 1-курс студенті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<