Академик Ә.Марғұлан өз еңбектерінде қазақ эпостарын бес кезеңге бөліп қарастырған екен. Соның ішінде күй аңыздарының тарихи дәуірлері XIII-XIV ғасырлар деп айтылады. Сыр өңірінде өмір сүрген күйші, композиторлардың ішінде Мырза (Шалмырза) Тоқтаболатұлы, Әлшекей Бектібайұлы және Досжан Құрақұлы (Құрақтың Досжаны) есімдері ерекше аталады. Биыл Сыр бойы күй өнерінде өзіндік қолтаңбасы бар Исламбек Ысқақовтың туғанына 95 жыл.
Ұстазы, дәулескер күйші Құрақтың Досжанының қалдырған мұрасын халыққа кеңінен насихаттап, таспаға түсіп, тарихта қалуына елеулі үлес қосқан Исламбек күйшінің шығармашылық еңбегін ел жақсы біледі. Оның бір дәлелі, 1970 жылы тұңғыш рет «Құрақтың Досжаны мен Исламбек Ысқақовтың күйлері» атты күйтабағы жарық көрген.
Сырдария ауданы «Қызылөзек» ауылында дүниеге келген Исламбек бала күнінен домбыраға әуес, күйге құмар болыпты. Мұны білген әкесі Ысқақ 5-6 жасар баласын өзінің досы Досжан күйшіге шәкірттікке береді. Бұл туралы белгілі жазушы Несібелі Рахметтің «Исламбек» атты кітабында айтылған. Кітапта «Күй-ғұмыр», «Күйші қаламынан», «Жырға қосты, ақындар» тақырыбы аясында күйшінің адами болмысы, шығармашылығы кеңінен қамтылған.
Күй өнеріне жан-тәнімен құштар жас домбырашы Исламбек ұстазының әр сабағын ұғымталдықпен қабылдап, барынша зейінділігін байқатады. Есейе келе өзінің төл туындыларымен көпке таныла бастады. Сол алғашқы шығармашылық дүниелері қатарында «Паровоз», «Борыш», «Керек бізге, бейбітшілік» сияқты күйлерін айтуға болады.
Күйші, композитордың «Түркімен сазы», «Қаражорға», «Дутар сазы», «Тарту», «Күрішшілер биі» сияқты күйлері өңірде ғана емес, ел аумағында таралған. Тіпті «Күрішшілер биі» туындысы әлемдік сахнада орындалған. Иә, тура солай, қазақ күйлерін дэкко стилі бойынша орындайтын әйгілі «Ұлытау» тобының репертуарында Құрманғазының «Адай» күйімен қатар И.Ысқақовтың «Күрішшілер биі» 2001 жылдың қараша айында Американың Голливудында орындалып, Гран-приді жеңіп алған.
Күйші Исламбек Ысқақов қамшының сабындай қысқа ғұмырында ерекше сәттерді басынан өткерді. Соның бірі, аңыз адам, дәулескер күйші Дина Нұрпейісованың күйін орындап, ықыласына бөленіп, батасын алған. Ақиық ақын Әбділда Тәжібаев ағалық ақыл-кеңесін беріп, шығармашылығына әрдайым қолдау танытып отырған. Тағы бір дерек, кезекті бір өнер сайысынан сүрінбей өтіп, талантымен танылған жас дарынға академик Ахмет Жұбановтың өзі консерваторияда білім алуға кеңес берген екен. Бірақ оның сәті түспепті. Оған талай мәрте өкінгені де рас. Әйтсе де арада жылдар жылжып өткенде өкініштің орны толды.
Әке жолын қуып, өнер жолын таңдаған қызы Гүлнар Ысқақова осы іргелі өнер ордасында білім алды. Бір қызық сәйкестік, бұл уақытта Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры Ғазиза Ахметқызы Жұбанова еді. Әкенің үміті мен сенімін ақтап, Сыр бойы өнерінің дамуына барынша қызмет етіп келеді. Бүгінде өнертану кандидаты, талантты шәкірттердің ұстазы.
Ұзақ жылдар бойы ауыл мектебінде мұғалімдік етіп, шәкірт тәрбиелеген Исламбек Ысқақовтың тағы бір қасиеті ел аузында жүрген аңыз әңгімелерді жинақтау болатын. Осындай әңгімелерінің қатарында «Қырық қыздың күйі» туралы аңыз, «Сүлеймен палуан», «Адасқан әйел» атты әңгімелерінің мазмұны тартымды, оқырманға ой салады.
Күйшілік өнердің көрнекті өкілдерінің бірі Исламбек Ысқақовтың туғанына 95 жыл толуына орай Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында «Сырдың саңлақ күйшісі» атты кеш өтті.
Мәдени-танымдық мәні зор іс-шараға ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, композитор Рамазан Тайманов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегерлері Қатира Жәленова, Қаршыға Есімсейітова, ардагер журналист Қазыбек Әшірбекұлы, Білім беру ісінің үздігі, ақын, сазгер Ділдахан Торғаева, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, «Исламбек» кітабының авторы Несібелі Рахмет қатысты.
Естелік айтушылар күйшінің бекзат болмысты азамат, бірегей талант иесі екенін, ғұмырында қазақ өнеріне өшпес із қалдырғанына тоқталды. Алдағы уақытта Сырдария ауданындағы «Руханият орталығынан» күйші И.Ысқақов атындағы арнайы кабинет ашып, өмірі мен шығармашылығын жастарға кеңінен таныту жұмыстары қолға алынса деген ұсыныстарын да ортаға салды.
Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің оқытушылары Әлімжан Әбсадықов композитордың «Түркімен сазы», Көшербай Мұхамеддин «Дутар сазы» күйлерін орындаса, оқу орнының шәкірттері «Паровоз», «Арман» күйлерін тартып, тыңдаушыларды тәнті етті.
Күйшінің қызы, өнертану кандидаты Гүлнар Ысқақованың әке рухына арнаған «Сағыныш» күйі орындалды. Сондай-ақ Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы, республикалық конкурстардың лауреаты Гүлмира Байболова жергілікті ақындар Д.Торғаева, Ғ.Әбілданың сөздеріне жазылған әндерін орындады.
Іс-шара аясында «Дәулескер күйші» атты кітап көрмесі таныстырылды.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»





