Сырға толы Сығанақ

264

0

Облыстық мәслихат депутаттары Жаңақорған ауданындағы ежелгі Сығанақ қалашығына барды. Сапардың мақсаты – археологиялық, ғылыми және қалпына келтіру жұмыстарының барысымен жан-жақты танысу.

Сығанақ қаласының атауы X ғасырдан бастап түркі, парсы-араб тарихшыларының жазба деректерінде кездеседі. Ортағасырлық деректерге сәйкес, бұл қала XI-XIII ғасырларда Дешті Қыпшақтың, XIII-XIV ғасырларда Ақ Орданың, XV-XVII ғасырларда Қазақ хандығының астанасы болған. Қала XVIII ғасырға дейін бірнеше тарихи кезеңді бастан өткерген.

«Қыпшақ даласының айлағы» атанғаны Ұлы Жібек жолы бойындағы әлеу­меттік-экономикалық деңгейінің жоғары болғанын көрсетеді.

Айта кету керек, 2014 жылдан бері Сығанақ қалашығында облыстық бюджет есебінен археологиялық қазба жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. ЮНЕСКО-ның алдын ала тізіміне және «Жалпыұлттық киелі нысандар» тізіміне енгізілген.

Мәдениет және ақпарат министрлігі бұл ескерткішті ЮНЕСКО-ның негізгі тізіміне «Жібек жолы: Ферғана-Сырдария дәлізі» номинациясы бойынша енгізу үшін жұмыс жүргізіп жатыр.

2018 жылы қалашық аумағы толық қоршалып, «SYGANAQ» жазуы бар стелла орнатылды. Ақпараты облыстың тарихи-мәдени мұраларының интерактивті 3D картасына енгізілді. Үш тілде QR-коды бар тақтайша мен ақпараттық тақта қойылды.

Бір жылдан кейін ЮНЕСКО жанындағы Орталық Азияны зерттеу халықаралық институтының (Самарқанд қаласы, Өзбекстан) қолдауымен қазақ-өзбек бірлескен экспедициясы ұйымдастырылды.

Археологиялық зерттеулер Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті тарапынан да Ғылым және жоғары білім ми­нистрлігінің гранттық қаржыландыруымен тұрақты жүргізіліп келеді. Қазба жұмыстары негізінде «Сығанақ ханшайымы» атты тарихи реконструкция жасалды.

Бір қуаныштысы, биыл да археологиялық және ғылыми қалпына келтіру жұмыстары республикалық, облыстық бюджет есебінен жалғасып жатыр.

Сапар барысында халық қалаулылары бірқатар мәселеге назар аударды. Мәселен, Жанкелді Ысқақ облыстық тарихи-өлкетану музейінде Сығанақта жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлердің өте аз екенін айтып өтті.
Облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеумбетов аймақтың рухани және тарихи мұрасын сақтау бағытында, соның ішінде Сығанақ қалашығын қорғау мақсатында көптеген жұмыс атқарылып жатқанын айтты.

Дегенмен, шешілмеген мәселелер де бар, оның барлығын облыстық мәслихат депутаттары арнайы келіп көрді.

Сығанақ қалашығы – халқымыздың баға жетпес мәдени мұрасы. Біз бұл жәдігерімізді болашақ ұрпаққа аманат ретінде жақсы қалпында табыстау үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз қажет.

Мақсұт ИБРАШЕВ.