Орман – жер бетіндегі табиғи қорлардың, оның ішінде өсімдіктер жамылғысының басты бір типі. Құрамында бір-біріне жақын өскен ағаштардың бірнеше түрлері қатар өсіп, аймаққа әр беріп тұратын табиғи кешен. Адамдарға емдік әсер ететін, күші мен қайратын қалпына келтіретін, өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің әртүрлілігінен эстетикалық ләззат алуға мүмкіндік беретін денсаулық қоймасы. Жасыл желек арасында, қаланың қапырығы мен шаңы, мазаны алар шуы жоқ таза ауада, кеудені керіп дем алуға болады. Гүл мен шөптің жұпар иісін жұтып, құстардың сайраған дауысын тыңдап, табиғаттың сұлулығына тамсанамыз. Ал, осы кереметтің бәрі бір сәтте өртпен аяусыз жойылуы мүмкін.
Орман өрті – абайсызда жағылған от, сөнбей қалған шоқ, кейде найзағайдан, ауа температурасының өте жоғары болуынан пайда болады. Сондай-ақ, кейбір азаматтардың табиғат аясындағы демалыс кезінде жаққан бақылаусыз қалған от алауларының толық өшірілмеуі, сөнбеген темекі қалдықтары, құрғақ шөптің маңайында қалған шыны бөтелкелердің әсерінен де тұтанады. Көбінесе құрғақшылық кезеңдерде, ерте көктем мен күз мезгілінің аралығында пайда болатын апат.
Сондай-ақ, мемлекеттік орман қоры жерлерімен іргелес орналасқан ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын егістік алқаптардағы жанатын өрттердің бақылаусыз қалуынанда өрт пайда болады.
Бұл өсімдіктер мен жануарлар түрлерінің азаюына және жойылуына әсерін тигізеді. Ағаш қорын кемітумен қатар, оның өсуін нашарлатады. Жалын шарпыған ағаш қурайды, жел, дауылда сынғыш келеді. Өрт желдің күшіне, бағытына қарай өршиді.
Орманда пайда болған отты сөндіру үшін көбіне табиғи кедергілер – өзен, жыра, батпақ, жол және орманды, тоғайлы алқаптарда арнайы жүргізілген минералды жолақтар пайдаланылады. Өрт қаупі бар маусымдарда орман саласына қатысты мекемелерде арнайы кезекшіліктер ұйымдастырылып, өрттің алдын алу шаралары жүргізіледі.
Табиғат аясындағы демалыста және басқа да уақыттарда өрт қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау керек. Өрт оқиғасы байқалған жағдайларда құзырлы органдарға ертерек хабарлап, оның кең көлемде таралмауына ықпал жасауды әрбір азаматтың табиғат алдындағы міндеті екенін назарда ұстаған жөн.
Р. БУРАБАЕВ,
Қызылорда облыстық орман
шаруашылығы және жануарлар дүниесі
аумақтық инспекциясының бас маманы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<