Қыз баланы сұлулықтың, нәзіктіктің символы деп санаған. Сол себепті де Айсұлу, Әсем, Айгерім және тағы да басқа көркем есімдермен атаған.
Сұлулық – өлшенбейтін құбылыс. Десе де, табиғат берер тартымдылық барлық нәзік жандыда бірдей емес, сол себепті де күнделікті косметикалық бояуға немесе сұлулық салондарының қызметтеріне жүгініп жатады.
«Сұлулық құрбандықты талап етеді!» Иә, бұл барлық нәзік жандыға таныс, тіпті сұлулық сыйлайтын салондардың ұранына айналған сөз. XV-XVI ғасырда Еуропаның Италия, Франция, Испания секілді бірқатар елдерінде беттің әріне аса мән беретін қыздар жиналып топтар, сән үйлерін құра бастаған. Ең қызығы, қыздар сұлу болып көріну үшін кірпіктері мен қастарын құрбан еткен көрінеді. Бұны сол уақыттарда өмір сүрген әйгілі суретші Леонардо да Винчидің «Моно Лиза» портретінен де аңғаруымызға болады. Бірақ, қазір сұлулықтың мұндай өлшемі бұл елдерде толығымен жойылған. Дәл осы кезеңде көршілес Аспан асты елі де сұлулық үшін күресті бастап кеткен болатын. Табиғи өнімдерден бетке колданатын түрлі косметикалық өнімдер ойлап тауып жатты, бірақ бұл қауіпсіз емес еді. Дәл осылай сұлулықтың сырлары мен құпиялары ашыла бастады.
XX ғасырдың ортасында күнделікті қолданатын, сапалы косметикалық бояуды іздеушілер саны күн санап арта бастаған, нәтижесінде Еуропа елдерінен шыққан түрлі компаниялар әлемдік нарықта мол сұранысқа ие болды. Бақытымызға орай, қазіргі кезде сұлулық саласы айтарлықтай жақсы дамыған әрі қауіпсіз. «Co co Chanel», «Versace» сынды танымал косметика брендтері бүгінгі таңға дейін сұлулық әлемінде өз деңгейін жоғалтқан жоқ.
Қыз баласының сұлу болуға немесе сұлулығын айшықтауға деген талпынысы көптеген еңбекті талап етіп келеді. Жыл мезгілдеріне, уақыт талабына сай сұлулыққа деген күтім де өзгеріп отырады.
Ертеден қазақтар бұл сұлулықты табиғилықпен өлшеген. Бір қуанарлы, соңғы жылдары табиғилық пен тазалық әлемдік трендке айналып келеді. Сұлулық салондарында визажист мен косметолог мамандардың кеңесін алушылар да, табиғи сұлулықты сақтауға арналған қызметтер көлемі де артқан. Тіпті «табиғи макияж» секілді жаңа қызмет те қосылған. Ең сапалы макияж — көрінбейтін макияж. Айналаңдағы адамдар сенің макияжыңа емес, жарқыраған теріңе және табиғилығыңа тамсануы тиіс.
Қазіргідей қолжетімді заманда сұлулыққа шекара жок. Сізге сұлулық салондарының қызметтері ұнамаса, онда үй жағдайында-ақ өзіңізге күтім жасасаңыз болады. Бірақ ескеретін жайт: өз сұлулығыңыздың қауіпсіздігін ойлаған да абзал. Сұлулығын одан әрі сәндеп, әдемілігін айшықтаймын деп жапа шеккендер де аз емес. Сондықтан әдемі болудың қауіпсіз жолын іздеген жөн.
Табиғат – ұлы сәнгер. Біз тек табиғат берген сұлулық пен нәзіктікке өз үлесімізді қоса аламыз.
Рәпіш ТӨЛЕП,
Қорқыт ата атындағы
ҚМУ-дың 3-курс студенті.
Қорқыт ата атындағы
ҚМУ-дың 3-курс студенті.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<