Тағдыр тезіне тосқауыл

392

0

Тағдыр тезіне тосқауыл «Қазалы арнаулы әлеуметтік қызметтер орталығы» мемлекеттік мекемесінің есігінен аттағаннан-ақ самал желмен тербелген әсем гүлдер, жайқалған саялы талдар, жеміс ағаштары, сүйкімді иісі танауды қытықтаған балғын жоңышқа, жүйектерді қуалап, сылдырай аққан су мұнда шаруасына мығым иесі барын білдіреді. Тал көлеңкесіне құрылған ыңғайлы баспаналарда тыныстап отырған қызмет алушылар өзара әңгіме-дүкен құруда.

Орталық басшысы Жаңабай Жәкеновпен тілдесу барысында біраз жайтқа қанықтық. Кезінде ірі шаруашылықтың тізгінін ұстап, ауылдық округ әкімі, кент әкімінің орынбасары қызметін абы­роймен атқарған Жаңабай Бек­мағанбетұлы шын мәнісінде, өз жұмысына тия­нақты, өмір жолында мол тә­жірибе жинақтаған басшы.

Мұнан тура үш жыл бұрын ме­­кемені көркейту және жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін об­лыс­­тық бюджеттен 26567,0 мың теңге қаржы бөлініп, аулаға тас жолдар төселіп, бордюрлер орнатылып, қоршаулар, шартақтар жа­ңартылып, демалуға арналған алаңдар жасалынды. Өткен жыл да табысты болды. Оны емдік шынықтыру құралдарының барлығы жаңартылғаннан байқау қиын емес.

Орталықта 18 жастан асқан қамқорлықты қажет ететін I және II топтағы психикалық ауытқуы бар мүгедек жандарға үй жағдайына жақындатылған жағдай жасалған. Қазалының жаз айында тәніңді шоқтай қаритын қапырық ауасы мұнда біліне бермейді. Қыз­мет алушылардың жақсы демалуына мүмкіндік бар.

– Мұндағы әрбір қызмет алу­шы­ның қоғамдағы жаңалықтар, өзге де хабарлардан құлағдар болуы, кино көруі назарға алынып, әр бөлмеге «Отау ТВ» қосыл­ған қабырға теледидары, желдет­кіш қойылған. Бекітілген ас мәзіріне сай тәулігіне 5 мезгіл тамақ бері­леді. Дәрігердің тағайындауымен қыз­мет алушылар ем-шараларын уақытылы алып, ата-анасы, туыс­тарымен кездесіп тұрады. Бұл үшін арнайы даярланған бөлме ұйымдастырылған. Мекен-жайы, телефон нөмірлері жазылған бай­ланыс журналы апта сайын қада­ға­ланады. Қызмет алушылардың туыс­тарымен байланыста болуы назарға алынған. Орталықта 4 үйірме жұмыс жасайды. Аудан орталығына, қала сыртына саяхаттап демалуға шығарылады. Мұндағы әрбір жұ­мысшы-қызметкерлер өз міндетіне жауапкершілікпен қарайды. Мү­­­гедек жандарға қалтқысыз қыз­мет ету қажеттілігін біз жақсы сезінеміз, – дейді мекеме директоры Жаңабай Жәкенов.

Директордың сөзінен жыл басында қызмет алушылардың аудандық емхана дәрігерлерінің қатысуымен түгелдей медициналық байқаудан,  барлық сараптамалық тексеруден өткізілетінін, тексеру нәтижесінде анықталған науқастар дис­пансерлік есепке алынып, емдеу-сауықтыру шаралары жа­салатынын білдік. Қызмет алу­шылардың қатысуымен түр­лі мәдени іс-шаралар да жиі өткізіліп тұрады екен. Өткен жылы «Әлеуметтік қорғау жү­йесі қызметкерлерінің күні» мерекесіне орай медициналық-әлеуметтік мекемелер арасында ұйымдастырылған спартакиадада шахмат пен арқан тартудан, жеңіл атлетикадан жеңімпаз атанса, волейбол мен үстел теннисінен жүлдегерлер қатарынан табылыпты.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<