Тәрбиедегі  түйткілдерді қалай шешеміз?

665

0

Өзім куә болған мынадай оқиғаны мысалға келтірейін. Үйге берілген тапсырманы орындамай келген оқушыға мұғалім ауызша түрде ескертіп, «екі» дегені үшін баланың ата-анасынан естімеген сөзді естіп, тіпті ол сыныпқа сабақ беру құқынан айырыла жаздады. Сонда бар айыбы – тапсырманы баладан талап еткені. Ауызша «екілік» алған бала үйіне барған соң, ата-анасына шағымданған. Мәселе біраз дау тудырып, соңы екі жақтың бір-бірінен кешірім сұрауымен аяқталған еді.

Бұл жерде нені аңғарамыз? Біріншіден, ата-ана ең бірінші тапсырманы орындамаған баласын кінәлаудың орнына, мұғалімнің абыройына нұқсан келтірді. Былайынша айтқанда, «балам, сенікі дұрыс болмады, апайың жай ескертті емес пе?» деп перзентіне жағдайды түсіндірудің орнына өзімбілемге салынды. Ал ата-ана өзінің іс-әрекеті арқылы болашақта баласының арызқой, ешкім бетіне қарсы келмейтін бірбеткей адам етіп шығаратынын әсте білді ме екен? Әлде…

Мұндай өмірден алынған жайттар көп-ақ. Сабаққа оқушы келмесе, мектептен тыс уақытта тәртіпсіздік жасағаны үшін ең бірінші ата-ана емес, сынып жетекшіден бастап директорға дейін жауап береді. Бүгінгі бала тәрбиесіндегі жауапкершілік жүгі ата-анадан гөрі мектептегі ұстазға көбірек артылып кеткендей көрінеді. Анығында ата-ана  – баланың өмірлік  ұстазы  және тәрбиешісі. Болашақта өмірден  татар  несібесі  мен  еншісінің  үлес  салмағы  ата-ананың  сіңірген еңбегіне, тәлім-тәрбиесіне байланысты  екенін білсе ғой.

Жаңа көзқарас керек

Рас, қазіргі кездегі экономикалық  жағдайдың  тұрақсыздығы, тұрмыстағы күйзеліс, адамгершілік құндылықтардың  құлдырауы, білімге, адал еңбекке деген  ынтасының  азаюы, отбасын құруға жауапкершілікпен    қарамау, зорлық-зомбылық  пен  қатыгездіктің бел  алуы  секілді мәселелер ұрпақ тәрбиесіне жаңаша   қарауды  талап етіп отыр. Себебі, бұл дәл қазір пайда болған түйін емес.

Сонау ауыспалы кезеңге аяқ басқанда күнделікті нан табуды ғана ойлаған ата-ана тәрбиені екінші орынға ысырып қойды. Ысырып қойды деуге де келмес, солай етуге мәжбүр болды. Қиындыққа қарсы тұра алмай, ащы суға салынғандар қаншама? Енді сол заманда дүниеге келген ұрпақ қазір өздері де отбасын құрған, балаларының алды мектепте оқитын жасқа келді. Міне, кезінде ата-анасынан дұрыс тәрбие ала алмаған сол буын бүгінде баласына дұрыс бағыт бере алмай отыр. Бұл шымбайға батар шындық, мойындамасқа лажың жоқ.

Инновациялық дәуірде дүниеге келген, тез дамып, жетіліп келе жатқан ұрпақты дер кезінде тыйып-жиып отырмасақ, ертең қолымызды кеш сермеп қалуымыз мүмкін. Соған орай облыста ата-аналар қауымдастығы құрылды. Біз облыстық ата-аналар қауымдастығының төрайымы, білім саласының ардагері Күміскүл Серекееваға хабарласқан едік. Оның айтуынша, жаңадан құрылған қауымдастық барлық білім беру ұйымдарында жұмыс істейді.

– Біздің басты міндетіміз – ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарға бағдарланған, зияткерлігі мен зиялылығы қатар дамыған оқушы тұлғасының қалыптасуы үшін қолайлы білім беру ортасын құруға өз үлесімізді қосу. Ата-аналар комитеті қамқоршылық кеңестермен, білім беру ұйымының әкімшілігімен, жергілікті атқарушы, мүдделі мемлекеттік органдармен және өзге де жеке немесе заңды тұлғалармен өзара бірлесіп әрекет етеді. Облыстық ата-аналар комитетінің құрамы бекітіліп, жыл сайын жаңа оқу жылы басында жаңартылып отырады. Қауымдастық аясында мектептерде Әкелер кеңесі, Аналар академиясы, Аталар мектебі, Әкелер мектебі жұмыс жасайды. Бұл жұмыстар білім беру ұйымдарының тәрбие жоспарына енгізілген, рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасының элементтері барлық оқу пәндері бойынша сабақтардың мазмұнына міндетті тәрбиелік компонент ретінде кіріктірілген. Айталық, мен биологпын, өз пәнімді өту барысында балаларға тақырыпты түсіндіріп қана қоймай, қоршаған ортаны бүлдірмеу, табиғатқа жанашырлықпен қарауды үйретеміз. Сол секілді тарих пәнінің мұғалімі сабақ барысында ұлттық құндылықтарымызды, ата-баба салтын айтып оларға кеңінен насихаттап отырады. Бұл күнделікті сабақта жүйелі жүргізілсе, жақсы нәтиже береді, – дейді Күміскүл Дүйсенқызы.

ҚР Оқу-ағарту министрлігі 2022-2023 оқу жылына арналған тәрбие жұмысы жоспарында орта білім беру ұйымдарында мектеп пен ата-аналардың өзара байланысын ұйымдастырудың жаңа форматын анықтаған. Ата-аналар қауымдастығы мектеппен бірлесіп, жұмыстар жүргізіледі. Расын айту керек, бізде тәрбие меселесі ақсап жатыр, олқылық та жетеді. Сол олқылықтың орын толтыру үшін құрылған қауымдастықтың алдында үлкен жауапкершілік бар.

Ұлт құндылығынан асқан тәрбие көзі жоқ екені даусыз. Үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету, ата-ананы құрметтеу сияқты қарапайым қағиданы бойына сіңіріп өскен баладан жаман адам шықпайды. Барлық тәрбиенің түпқазығы ұлттық салт-ғұрпымызда, өсиет-өнегеге толы жырларымызда, төл әдебиетімізде жатыр. Ұлын ұлықты, қызын қылықты етіп тәрбиелеген халқымыздың көрегенділігіне, даналығына, ойшылдығына таңғалмасқа шараң жоқ. Ал бүгінде осы құндылықтардың аяқасты болып, ұлдарымыздың бойындағы қайсарлық, батырлық ұшқынын көре алмай, қыздарымыздың биязы, ибалығына сүйсіне алмай келеміз? Неліктен? Себеп те көп, айтар сылтау да табылады. Бұрынғыдай еңбекке баулу азайды. Бұл қазіргі буынды жалқаулыққа, еріншектікке итермелеуде. Телефондағы түрлі қатыгез ойынға телмірген ұрпақтан ертең мейірімді адам күтпеңіз. Ата-анасының махаббатына, жылы сөзіне, ерекше мейіріміне бөленіп өспеген ұл мен қыз ертеңгі күні өзгеге қиянат жасайтын қатыгез болып шығарына күмән болмасын. Осыдан бірер ай бұрын әлеуметтік желіде тараған қыздардың бірін-бірі аямай ұрғаны, бір қызға бірнеше қыздың жабылғаны сөзімізге дәлел. Келешек ұрпақ өрбітер аналардың бүгінгі кейпі осы. Әлбетте, көпке кінә арта алмаймыз, бірақ қыз бала тәрбиесінде бізге жетіспей жатқан не нәрсе? Ана мен қызының арасындағы байланыс әлсіреп кетпеді ме?

–       Мәселенің бәрі ана мен қыз арасындағы қарым-қатынастың жеткіліксіздігінен туындап отыр. Сол төбелес шығарып жүрген қыздың достарымен байланысына, ортадағы өзін ұстауына мән беретін болсақ дөрекілік басым. Әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз жалаңаштанып, бейәдеп қылық көрсеткен қаракөздерден көз сүрінеді. Бұл нені көрсетеді? Осы арқылы бүгінгі қоғамның рухани тоқырауын көруге болады. Қазақта «Есті қыз етегін қымтап өседі» деген бар. Қыз тәрбиелеп отырған соң «бір қарын майды шірітіп жүрген бір құмалақтарды» сөз етуге аузың бармайды, – дейді Күміс алқа иегері, облыстық Аналар кеңесінің мүшесі Балауса Сыздықова.

Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды

Тағы да халық даналығына жүгінеміз де. Біз де – қас-қабағымен жөн сілтеп, мысымен тентектікті тезге салған әкелердің ұрпағымыз. Қазіргі қоғамда әке беделі қандай? Ұлын намысты, қызын ибалы етіп тәрбиелеген өткеннің құндылығы қай деңгейге түсті? Отбасының тірегі – әке жауапкершілігін кімнен сұраймыз? Әлгінде айтқандай, жалпыға бірдей күйе жағуға болмайды. Бірақ сұрақ көп. Себебі қоғамның бет-бейнесі ашық. Біз осы тұрғыда облыстық Әкелер кеңесінің төрағасы Еркебұлан Есенбаевпен пікір алмасқан едік. 

– Расында да, әрбір отбасының басты тірегі, табыскері ол – әке.  Сондықтан да болар, қайтсем отбасымды асыраймын, қалай нан табамын деп бала тәрбиесіне көңіл бөле алмай қалуы мүмкін. Алайда әр бала өз отбасында көргенін, байқағанын, естігенін түйсігіне құйып өседі. Бұл ретте қоғамымызда өнегелі, үлгі алар әкелер бар. Оларды мектепке тартса өнегелі істерін насихаттаса нәтижесін берер еді. Мысалы, Сейіткамал Сұлтанов екі сыныптың балаларын автобусқа салып, өзі басқаратын шаруашылыққа апарып, егістің жайын, еңбектің нәтижесі қандай болатынын таныстырды. Қаланың асфальтында өскен балаларды атқа мінгізіп, ауыл өмірін  сезінуіне ықпал етті. Одан оқушылар керемет әсер алды. Жақында   Арыстан  есімді азамат «Ақшабұлақ» кенішінде орналасқан «Кристалл Менеджмент» электрстанциясымен таныстырып, өндірістік экскурсияға апарды. Әділ Сайлыбаев  оқушыларды музейге апарып, ардагерлермен кездесу ұйымдастырды. Абайбек Жүнісов балалардың сұрауы бойынша өңіріміздегі жас ғалымдарды лицейге шақырып, олардың ғылымға деген құштарлығы пайда болды. Міне, осындай қарапайым қадамдар оң нәтижеге жеткізіп келеді, – дейді ол.

Е.Есенбаевтың пікірінше, әке өзінің дұрыс тәрбиелі іс-әрекетімен  тұлғалы. Әке  мен бала арасында терең түсінік, ашықтық, достық керек. Қандай жағдай болмасын бала әкесінен қысылмай ақыл сұраудан, сырын айтып, арманын іске асыруда бірлесіп әңгімелесуден қашпағаны абзал. Мәселен, үйге берілген тапсырманы екеуара орындау әке мен бала арасында жақсы қарым-қатынасты арттырады. Айталық, «балам  химия пәні бойынша менің мынадай көмегім бар, қабыл алсаң бірге уақыт бөлейік, мына тәжірибені бірге жасап көрейік» деген қарапайым амалдар өз нәтижесін беріп жүргенін байқаймыз. Сонымен қатар қоғамдық жұмыстарға да, отбасылық жұмыстарға да кеңінен тартып, пікірін үнемі біліп отыру, баланы өзіндік тұлға ретінде қалыптастырады. Үйдегі рөлі белгіленген соң жауапкершілікті сезініп ержетеді.

Осындай әдіс арқылы бала жастайынан әкелік рөлге дайындалып жүргенін байқамай қалуы да мүмкін. Өйткені, қазіргі балаларда физикалық қозғалыс өте аз, тұрмыстық процестер автоматтандырылған. Физикалық және интеллектуалдық дамуда алшақтық бар. Көп ақпарат мобильді телефонда болғасын, адам өз табиғатында комфорттық жағдайға бейімделетіні сөзсіз. Телефон экранына назарымыз ауып, уақыт қалай өтіп кеткенін байқамай қаламыз. Үлкенімізде де, кішімізде  де осы проблема басым. Оны шешудің жолы – жалпы отбасылық ережелер ендіру қажет. Мәселен, Жапония тәжірбиесінде кешкі уақытта отбасымен телефондағы пайдасыз ақпаратқа  шектеу қояды.  Олар пікір алмасып, жұмысты бірлесе атқарады. Ұйқыға жатар алдында телефонды жатын бөлмеге қоймайды екен.

Бізде Әкелер кеңесі тарапынан балаларға  спортты насихаттау кең ауқымда жүргізілуде. Әділ Сайлыбаев тұрақты түрде аптасына 1-2 рет 70-ке жуық әкені жинап, лицей залында волейбол ұйымдастырды. Бұл – салауатты өмір салтын нақты мысалмен дәріптеу. Жалпы Әкелер кеңесінің миссиясы – әке, бала, ұстаз интеграциясы негізінде ұлттық құндылықтарымызды бала бойына сіңіру, – дейді Е.Есенбаев.

Балаға құйған инвестиция – болашақ үшін

Балаға отбасынан кейін тәлім-тәрбие беретін алтын ұя мектебі. Ал қазір мектеп пен бала, ата-ана арасындағы байланыс қандай? Ата-аналар жиналысына шақырғанда белгілі, санаулы адамдардың қатысатынын көріп те жүрміз. Байқасаңыз, сондай жиналыста тәртібі мен үлгерімі нашар оқушылардың ата-анасы төбе көрсетпейді. Бұрындары қайта осындай балалардың ата-анасы мектепке өздері бірінші болып келетін. Ал қазір мүлдем басқа. Оның өзіндік себептері де бар шығар. Бірақ ата-ананы мектепке шақырудың түрлі тәсілін енгізу керек пе деп ойлаймыз. Айталық, ата-аналар арасында жарыстар, өзара пікір алмасу түріндегі тренингтер сияқты әдістер де нәтиже берері сөзсіз. С.Толыбеков атындағы №3 IT мектеп-лицейі ата-аналар комитетінің төрайымы Айкүміс Қосанова өзінің ойын бөліскен еді.

– Бала тәрбиесі – баршамызға ортақ мәселе. Мектеп пен ата-ананың байланысын нығайту арқылы көптеген жетістікке жетуге болады. Бұл отбасындағы ұйымшылдықты арттырып, салауаттылыққа үндейді. Сынып сағаты, ата-аналар жиналысына қатысуды міндетім деп білемін. Өйткені, мұның барлығы – баланың білім сапасын арттырып, тәрбиесін дамытуға бағытталған шаралар. Бала – ең алдымен мектепке, қоғамға емес, бізге, ата-анаға керек. Тәрбиеге қатысты әрбір мәселені мектеппен ақылдасып шешеміз. Жасыратыны жоқ, қазір балалардың барлығы смартфонға тәуелді. Бұл – барлық ата-ананың ортақ уайымы. Баланың өзін-өзі дамытатын уақыты зая кетуде. Біз, жолдасым екеуміз, ақылдаса келе, мәселені өзімізден бастауды жөн көрдік. Үйде  өзімізден бастап смартфон қарау уақытын шектедік. Кешкілік 1 сағат  телефон қарап, қалған уақытты балалармен әңгімелесуге, пікірлесуге, олардың сабағын қарауға арнадық. Қазір балаларымыз да осыған дағдыланды. Қай кезде де баланың бос уақытын тиімді пайдалануына ең алдымен біздер, ата-аналар жауаптымыз. Қазір музыка, спорт мектептері мен Оқушылар үйінде түрлі тегін үйірмелер көп. Бұрындары тек қала орталығында болса, қазір әр шағын ауданда секциялар, ағылшын тілі, математика курстары бар. Ниет болса, мүмкіндік көп. Осы тұста айта кететінім, мектепте болсын, мектептен тыс уақытта болсын, уақытты тиімді өткізуге баса мән беру керек. Мұның барлығы – айналып келгенде, уақыт бөліп, қолдау көрсетудің нәтижесі. Балаларды бос уақытында шығармашылық немесе спорттық үйірмелерге берсе, одан қоғам да, ата-ананың  да ұтар тұсы көп.  Себебі, бос уақыт тиімді пайдаланылмаса, түрлі келеңсіздіктерге ұрындыруы мүмкін. Халқымыз «Балаңды аясаң, аяма!» деп бекер айтпаған.  Бұл баланы азаннан кешке дейін жұмса, мейірімділік танытпа деген сөз емес. Балаңыздың болашағына құйған инвестицияңыз  ертең өзіңізге еселеніп қайтады. Ұрпақ тәрбиесіндегі бүкіл жауапкершілікті мектепке артып қоюға болмайды. Бұл жерде балаларымыздың мектепте бар-жоғы 5-6 сағат қана болатынын ұмытпаған абзал. Ал қалған уақытта отбасында, ата-анасының қасында болады. Сол үшін салмақтың жүгі, жауапкершіліктің зоры ата-ананың мойнында, – дейді.

Расында, бүгінгінің буыны «тәйтпен» емес, «Тик-токпен» тәрбиеленіп келеді. Санғасырлық салт-дәстүріміз, ұлттық құндылықтарымыз бен ата-әже мектебіне теңесетін ешнәрсе жоқ. «Ұят болады, жаман болады, обал болады» деген үш ауыз сөз  астарында қандай терең иірім жатқанын сезініп өскен ұрпақ кімнен кем болды? Бәсекеге қабілетті, зерделі, интеллектісі жоғары ұл-қыз өсіргенімен, оған ар мен намысты, обал мен сауапты, жақсы мен жаманды сіңіре алмасақ, онда берілген білімнің пайдасы шамалы. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы. Ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі»  деп ойшылдар айтып кеткен тәмсіл әлі де ескірген жоқ.

Тәрбиедегі түйткілдің түйінін бір мақала шеңберінде талдап-таразылап бере алмасымыз анық. Бұл мәселе өзекті екенін, оған сіз бен біз жауапты екенімізді естен шығармасақ болғаны.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<