Тәртіпке бағынған құл болмайды

973

0

Бүгінде өрімдей жастардың қылмыс жасауы үйреншікті әдетке айналып барады.

Тәртібі қиын бала есейген сайын оның ауыр түрін жасауға бейім келеді. Жастар тәртіпсіздікке неге үйір? Күнделікті жаңалықтардан жасөспірімдер жасаған қылмыс туралы жиі естіп жүрміз. Жақынына, тіпті, ата-анасына жәбір көрсеткен жастар жайлы да ашық айтылуда. Жасөспірім оқушылардың қылмысқа бой ұруына жауапты сала мамандары да алаңдаушылық білдіріп отыр.


Жаз маусымы басталғанда балалар оқудан босайды. Қолы бос, уақыты көп жасөспірімдердің тәртібін қадағалайтын құқық қорғау органдарының жұмысы еселене түседі. Жастар арасындағы топтық төбелес, бір-біріне суық қару жұмсау, денсаулығына түрлі деңгейде зиян келтіру, ұрлық жасау, түнгі уақытта ойын-сауық мекемелеріне бару, кісі тонау дерегі азаяр емес.


Елімізде заң бойынша кәме­летке толмаған жасөс­пірімдерге түнгі сағат 22.00-ден кейін компью­­терлік клубтарда отыруға және түнгі сағат 23.00-ден кейін кө­ше­­де ата-анасыз жүруге тыйым са­лынған. Алайда, бұл тәр­­тіпке бағынған жастар аз. Беймезгіл уақытта компьютерлік ор­талық­тарда ойын ойнаған жас­өс­пі­рімдер тәртіп сақшысының назарына ілігуде. Кәсіпкерге де шара көрілуде. Бірақ мәселе шешілер емес. Жасырынып кіріп, таң бозарғанша уақытын сонда өткізетіндер көп.


Биылғы жылдың 6 айында облыстық кәмелетке тол­маған­дардың істері жөніндегі маман­дандырылған ауданаралық соттың өндірісіне 22 қылмыстық іс түскен. Ал, өткен жылдың 6 айында соттың өндірісіне 16 қылмыстық іс түсіп, қаралған. Байқап қарасаңыз, биылғы істер саны 27,3 процентке көбейген. Сот өндірісіне түскен 22 қылмыстық іс 26 адамға қатысты жүргізілген. Биыл 10 іс бойынша 17 адамға үкім шығарылса, оның ішінде 12 кә­ме­летке толмағандарға қа­тыс­ты үкім бар. Былтыр 14 іс бо­йынша 19 адамға үкім шыққан, оның 9-ы – кәме­лекетке толмағандар. Кәме­лет­ке толмағандарға қатысты шы­ға­рылған үкімдердің саны был­тыр­ғы жылмен салыстырғанда 3 адамға көбейгенін аңғаруға болады.


Азаматтық істердің қаралуына келер болсақ, жыл басынан бері сот өндірісінде өткен жылдан қалған 62 азаматтық іс болған. Ал, былтыр 6 айда қалдықта 50 азаматтық іс қалған. 2020 жылы сот өндірісіне 2 азаматтық іс және 246 талап арыз түскен, ал биыл 5 азаматтық іс және 305 талап арыз қабылданған. Бұл жерде де цифрдың өскенін аңғару қиын емес.
Жастар арасындағы қылмыс санын азайту үшін жауапты сала мамандары бірігіп, түрлі іс-шаралар ұйымдастыруда. Мәселен, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың, оның ішінде топтық төбелес, бопсалау, түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз көшеге шығу, тұрғын үй-жайлардан тыс аумаққа бару деректерінің алдын алу үшін жедел-профилактикалық шаралар ұдайы өткізіліп келеді. Мектептерде оқушылардың, мектеп инспекторларының, құқық қорғау са­ла­­­сы­ның мамандарының бірі­гуі­мен, жасөспірімдер арасын­дағы қыл­мыстың алдын алуға ба­­­­ғыт­­талған шаралар тұрақты жүргізілуде.


Облыстық кәмелетке тол­маған­дардың ісі жөніндегі маман­дандырылған ауданаралық соты­ның төрағасы Қанатбек Абдуллаев биылғы сот өндірісінде қаралған істер жайында кеңінен айтып берді.


– Әкімшілік істердің қаралуы бойынша биылғы жылдың 6 айында сот өндірісіне 56 әкімшілік іс түскен болатын. Аталған мерзімде 56 адамға қатысты әкімшілік іс қаралып, тиісті шешімдер қабылданды. Әсіресе, жастар арасында топтық төбелес пен ұрлық көптеп тіркелуде. Мәселен, биылғы жылдың 5 қаңтар күні қала аумағындағы Титов шағын ауданында көпқабатты тұрғын үйдің алаңында Шанхай шағын ауданының балалары арасында топтық төбелес болған. Салдарынан кәмелетке толмаған балалар жарақат алып, кінәлілер жауапқа тартылды. Мұндай іс Қазалы ауданында да тіркелді. Кәмелетке толмаған балалардың тәртібі ең алдымен ата-ананың бақылауына байланыс­ты. Отбасындағы тәлім-тәрбие, ортасының ықпалы да зор, – дейді ол.


Балалық шағын бұлыңғыр етіп, шалыс қадам басқан балалар ертеңі қалай болмақ? Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу үшін не істеу керек? Қалай десек те, қателігін қайталамас үшін қоғам болып, қолдау білдірген жөн-ау. Барлық жауапкершілікті ата-анаға ысырып тастауға болмайды. Себебі ел ертеңі жастар екені белгілі. Олай болса жастардың отбасы тәрбиесінен өзге, ортасынан да дұрыс тәлім алғаны абзал. Олардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, спортқа, үйірмелерге тарту керек.


Сара АДАЙБАЕВА,


«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<