Кәсіпкерлерге бастаған ісін ілгерілету үшін мемлекет тарапынан мүмкіндіктер қарастырылған. Қайтарымсыз қаржы, жеңілдетілген несие береді. Осы жобалар көпбалалы аналарға да кәсіп бастауға негіз болды. Әсіресе, ауылды жерде тұратын қыз-келіншектер мен әйелдер наубайхана, шаштараз, тәтті пісіретін цех, тігін шеберханасын ашып, әжептәуір табыс көзін айналдырып отыр. Солардың бірі – Жалағаш ауданы Аққұм ауылының тұрғыны Айнұр Дәуіржанова.
Айнұр көпбалалы ана, бес ұл-қыз тәрбиелеп отыр. Балаларын қатарынан қалдырмай, аяққа тұрғызу үшін қосымша кәсіп бастауға ниет етіпті.
– Қазір еңбек еткеннің бағы жанады. Екі қолға бір күрек таба алмай жүргендер көп. Бар ауыртпашылық өзіме артылғаннан кейін қарап отыруды жөн санамадым. Жас кезімнен тәтті пісіруге құмар болдым. Әуестігім мені тағы бір қырымнан танылуға ықпал етті. Мемлекет те іс бастаймын дегеннің қолын қағып жатқан жоқ. Қайта мүмкіндік пен жеңілдік қарастырған. Берекелі ісім уақыт өткен сайын жанданды. Шаруаға балаларым да қолғабыс етеді,– дейді ол.
Кәсіпкер ауылдық ауруханада біраз жыл аспаз болып еңбек еткен. Тәттінің сан түрін пісіреді. Өткен жылы «Бастау» жобасына қатысып, кәсіпкерлік сертификатын иемденді. Кәсіп ашу үшін жоспар құрды. Табысты жобасы құпталып, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында қайтарымсыз грант жеңіп алды.
– Тәтті пісіретінімді ауыл-аймақ түгел білетін. Мерекелік кештер мен туған күндерде арнайы тапсырыс беретіндер көбейді. Содан ой туындады. Осы ісімді кәсіпке айналдырсам қалай болар екен деп. Алдымен кәсіпкерлік бағытта білім алдым. Сертификат қолға тигеннен кейін жобамды қорғадым. Шүкір, қазір шаруам дөңгеленіп келеді. Цехты дайын тұрған нысанға орналастырдым. Жеңіп алған қаражатқа нан пісіретін пеш, тәтті дайындайтын құралдар мен тоңазытқыш секілді қажетті құрал-жабдықтарды түгендедім, – дейді Айнұр.
«Меғдат» тәтті цехы екі адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Оқу кезінде мектеп балаларына арнап түрлі тоқаштар дайындайды. Ауыл, мектеп, балабақшасын, тұрғындарын нан өнімдерімен қамтиды. Ыстық жерде тұрып, ыстық пеште нан пісіру де оңай жұмыс емес. Бірақ Айнұр қиындыққа мойынсұнбайтын жан. Ісі алға жылжып, табысы еселенген сайын жігер, күш-қуат пайда болады. Тұтынушыларының алғысы оны шабыттандырып, алға жетелейді.
Ұнды жергілікті кәсіпкерлерден алады. Кондитерлік өнімдерге көп уақыт жұмсайды. Себебі, құрамы өзгеше, дәмі ерекше болуы керек. Аспаздың өзіндік құпиялары бар.
– Бір рет тапсырыс берген адам екінші қайта мүндетті түрде оралады. Бұрын той-томалақ, жиын-кештерде тапсырыс молынан түсетін. Дастарханды әрлеу жұмыстарын да қоса атқардым. Дегенмен, қазір әлем індетпен күресіп жатыр. Шаруамыз біраз тұралап тұр. Бірақ бұл – уақытша қиындық. Кеселді еңсергеннен кейін, жұмысымыз бұрынғыдай жүретін болады, – дейді аспаз.
Айнұрдың болашақта жоспары көп. Цех жұмысын дамытып, кондитер өнімдерінің түрлерін көбейтуді көздеп отыр. Сонымен қатар жас аспаздарға өзінің білген-түйгенін үйретпек. Жергілікті біршама қыз-келіншектерді тұрақты жұмыспен қамтып, мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, жеңілдетілген несие алуды да ойластыруда.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<