Шиелілік Тамара Ақмағамбетова – басына түскен қиын тағдырына қарамастан, өмірге деген құлшынысын жоғалтпай, он екі мүшесі сау адамдармен тең еңбек етіп, күнделікті нәпақасын тауып жүрген қайсар жан. Тіпті, оның бойындағы қабілеті, еңбексүйгіштігі мен ертеңгі күнге деген зор сенімділігі көпке үлгі боларлықтай.
Ол 2000 жылы Өзбекстаннан Шиеліге қоныс аударады. Ол жақта Тамара газбен жабдықтау саласында жұмыс істейді. Ал тарихи Отанына келген соң түрлі салаларда еңбек етті. 2012 жылы қатты ауырып, бірнеше рет ота жасатуға мәжбүр болды. Ақырында мүгедек арбасына таңылды. Алайда, Тамара бір ғана жәрдемақыға қарап отырғысы келмей, қосымша табыс табуды ойлады. Бірде облыстық мүгедектерді оңалту орталығында кезекті емін алып жүргенде «Даму» қорының семинарына қатысады. Менеджер шағын кәсіпкерлікпен айналысудың жолдарын түсіндіріп, ол үшін бірқатар мемлекеттік бағдарламалардың бар екенін және жақсы бизнес жобасын ұсынғандарға арнайы грант берілетінін айтады. Осыдан соң Тамараның «кәсіппен айналыссам» деген ойы нақтылана түсіп, тәуекелге бел буады.
– Осы кезде мен «кәсіппен айналысамын» деген ойыма нақты бекідім. «Бизнес-Кеңесші» курсына жазылдым. Кәсіп ашу туралы біраз дәріс алдым, іздендім. Ең әуелі адамға ниет керек екен. Ниет болса, қолдан келмейтін шаруа болмайды,– дейді ол.
Алғашқыда Тамара матрастар мен көрпе тыстар тігуді ойлайды. Бірақ арбада отырған жанға қиынға соғарын білді. Сонан бірде үйіндегі жастықтарға көзі түсті. Сөгіп тастап тазалауға кірісті. Бірақ, қанша тырысса да ойлағанындай болмады. Тамара интернет ақтарып, тозығы жеткен жастықтарды қалай тазартудың, жаңалаудың әдіс-тәсілдерін іздестірді. Ақыры іздегенін тапты. Ресейдің арнайы жастықтардың түгін тазалайтын құрылғысы бар екен. Осылайша бинзес-жоспар да дүниеге келді. Қажетті құжаттарды жинап, «Бинзестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 1 млн теңгенің грантын ұтып алды. Ол қаржыға тозған жастықтарды өңдейтін цех ашты. Тамараның цехы бүгінде аудан ғана емес, облыс көлемінде жастық өңдеумен айналысатын бір ғана цех болып тұр.
– Жастық тазалау процесі ұзақ уақыт алмайды, небәрі 15-20 минуттық шаруа. Тапсырыс берушілер жұмыс барысын бақылап тұра алады. Біткен соң клиентке шыққан қоқысты көрсетеміз. Сонда біздің жұмысымыздың қаншалықты шынайы екенін байқайды,– дейді ол. Тазалап болған соң жастықтың тысын тігіп, тап-тұйнақтай етіп иесіне тапсырады.
Тынымсыз Тамара мұнымен шектелген жоқ. Алғашқы цехының жұмысы жолға қойылған соң ол көрпе, көрпеше секілді тұрмысқа қажетті бұйымдар тігетін «Мамық» деген атпен тігін цехын ашты. Сөйтіп ауылдастарын жұмысқа тартты. Бұған қоса белсенді өмір салтын ұстануды әдетке айналдырған ол «Айрықша би» жобасына да қатысады. Жуырда ғана «Қазақстанның Бизнес-ледиі-2018» республикалық конкурсының аймақтық кезеңіне қатысып, екінші орын иеленді. Сондай-ақ, ол облыста алғаш рет өткізілген «Өзіңе сене баста!» атты мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлер өнімдерінің көрме-конкурсының қатысушысы.
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<