Талайды таңырқатқан Тұрымбет жырау

3945

0

Халықтың басылмаған делебесі,

Керілген жыр тербеген керегесі.

Тұрымбет жырау өткен бұл далада,

Өрілген бүгінгі мен өнегесі.

Үніне тұнған бүгін дала мынау,

Сырдағы сыры бөлек дара жырау.

Талайды таңырқатқан жауһар жырмен,

Атанған жас күнінде «бала жырау».

Бүгін Қармақшы ауданы әкімдігінің қолдауымен, аудандық мәдениет және спорт бөлімінің Көшеней Рүстембеков атындағы Жыраулар үйінің ұйымдастыруымен «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасы асяында Қармақшы ауданының құрылғанына 95 жыл, Сыр сүлейі, шарықтау дауысты дарабоз жырау Тұрымбет Салқынбайұлының 155 жылдығына арналған «ТАЛАЙДЫ ТАҢЫРҚАТҚАН ТҰРЫМБЕТ ЖЫРАУ» атты облыстық жыршы-жыраулар фестивалі жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өткізілді.

Жыр фестивалі Сыр сүлейі, ақын- жырау Тұрымбет Салқынбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған қойылыммен басталып, аудандық Тұрымбет Салқынбайұлы атындағы балалар әуез мектебінің «Жыр күмбезі» фольклорлық аспаптар ансамблінің орындауындағы ақын, сазгер Жарқынбек Тұрымбетовтің төл шығармасы «Тұрымбет жыраудың жыр – күйі» шығармасымен ұласты.

Жыр фестивалін Қармақшы ауданының құрметті азаматы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков Ермағамбетұлы және аудандық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Ержанов Дәурен Дауылбекұлы ашып, барша қатысушыларға ақжолтай сәттілік тілеп, елдің қазыналы тойымен құттықтады.

Жыраулар шеруіне ҚР Мәдениет қайраткері, өнер зерттеуші-жырау Берік Саймағамбетов бастаған республикаға танымал жыраулар, айдынды Аралдан ақын, жырау Айбек Тәңірбергенов, Қызылорда қаласынан ақын, жырау Айдос Рахметов, Көшеней жыраудың ұрпағы Байбол Көшеней, Тұрымбет жыраудың ұрпағы, ақын сазгер Жарқынбек Тұрымбетов, қармақшылық жыршы Әділбек Сүлейменов, республикалық байқаулардың жүлдегерлері, жырау Айгерім Ешбаева және жыршы Руслан Өтегеновтер Тұрымбет жыраудың төл шығармаларын Сыр мақамдарымен нақышына келтіре орындап, жыр сүйер қауымның көзайымына айналды. Сырдың сазын өзіндік ерекше мақаммен орындап, дарынды жырау атанған, талайды таңырқатқан Сыр сүлейіне арналған жыр шеруін Қазақстанға танымал жыршы, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, жырау Саймағамбетов Берік Рахманұлы қолына алып, тағылымды, құнды жыр кешінің мағынасы мен мәнін аша түсті.

Жыр шеруіне қатысқан барша жыршы-жыраулар Қармақшы ауданы әкімінің арнайы Алғыс хатымен марапатталды.

Жыр шеруіне Сыр сүлейі Тұрымбет Салқынбайұлының ұрпағы, «Тұрымбет Салқынбайұлы» атындағы қоғамдық қордың төрайымы, немересі Салқынбаева Роза Бекмаханқызы барша қатысушы жыршы-жырауларға қордың арнайы алғыс хатын және осындай мәдени рухани іс шараның ұйымдастырып өтуіне белсене атсалысқан Көшеней Рүстембеков атындағы Жыраулар үйіне де арнайы Алғыс хаты мен сыйлықтарын табыс етіп, ризашылық лебіздерін білдірді.

Тұрымбет Салқынбайұлының жыр мұрасы – біздің ұлттық рухани қазынамыз. Елдің дамуындағы тарих парақтарындағы жаңа тарихында ақынның асыл мұрасы болашақта да ұмытылмайды. Талайды таңырқатқан жыраудың жұлдызды жыр-ғұмыры ұзағынан болғай!

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<