Талантқа тағзым еткен жөн

4

0

Қай заманда, қай кезде болмасын, гүлденген мәдениеті бар, дамыған әдебиеті бар, өскен, өркендеген өнері бар елдің еңсесі әрқашанда биік, жоғары тұрады. Бұл бір жағынан осындай елдің адамдарының рухани жан дүниесі бай болса, екінші жағынан ел мен елді жақындастырып, халық пен халықты бауырластырып жібереді. Алакөз ойдан құтқарып, халықтың қастерлі қасиетін танытып, елдің ертеңіне жол ашып, әдебиет әлемінің өміршеңдігін дәлелдейді.

Осындай қасиетті құбылыстарға жол ашатын әдебиет пен өнердің, проза мен ғылыми-ғұмырнамалық еңбектің үш бірдей тізгінін қолынан жібермей ұстаған талантты, танымал ақын-жерлесіміз, өмірден ерте өткен Сейсен Мұхтарұлы. Ол бүгін біздің ойымызда, жыры жүрегімізде.

Жасыратыны жоқ, қарт Қа­ратаудың етегін алып жатқан Жаңақорған ауданы ел мерейін көтеріп жүрген таланттылар мен танымал азаматтардан кен­де емес. Әріден алсақ Сыр сү­лейлерінің бірі Құлан ақын мен Әлшекей сынды күй­ші­ден бастап, кешегі дү­ние­ден өт­кен ақындар айты­сы­ның туын тіккен, биікке көтерген, Қа­­зақстанның Халық ақыны Ма­нап Көкенов пен белгілі ән­ші-сазгер Бек­сұлтан Бай­кен­жеев, танымал қаламгерлер мем­лекеттік сыйлықтың иегері Д.Досжан, Т.Нұрмағанбетов, Б.Сарбалаұлы, Б.Исаев, Б.Се­рікбаев, Ж.Қыдыров, респуб­ликамыздың Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібекұлы, т.б. талантты өнер иелері осы Жа­ңақорған топырағында туып, осында түлеген, осыдан үлкен өнерге қадам басып, ел игілігіне айналар талай әдеби, мәдени дү­ниелердің авторларына ай­налған.

Солардың қатарында туған елдің тынысы мен тіршілігін әдебиет атты үлкен арнаның кемерінде танытып, келе жат­қан осы Сейсен болатын. Шы­­нын­да да өзінің аз-кем шы­ғар­­машылық жолында ла­бо­ра­­то­­риясының кілтін ашып, оқушы­сымен етене сырлас­қы­сы келіп, соны мұрат, мақсат еткен сүйікті ақынымыз, талай дүниелер мен тарихи ғұмыр­намалық эсселердің авторы, үш бірдей шығармашылық Одақ­тың мүшесі Сейсен жайлы ке­зінде айнымас дос, бауыр, іні болған менде аз-кем сөз қозғап, көпшілікпен ой бөліскенді өзі­ме парыз санадым.

Қазіргі қазақ ақын-жазушы­лары мен өнер зерттеушілерінің талантты өкілдерінің бірі – Сей­сен Мұхтарұлы Кейден ауы­лында (26 бекет) теміржол­шы отбасында 80 жыл бұрын дү­ниеге келген. Туған жердің сұлу табиғаты, Сырдың боя­масыз тіршілік-тынысы балаң жүректі мазалап, өлең болып өрілсе, қылқаламның ізінде та­­биғаттың көрінісі белгі тас­тап қалып жатты. Ол да тобық­тан топырақ кешіп Жеті­төбеде ба­лалық шағын өткер­ді. Мек­­теп­тен соң қиял жетегіне еріп, Алматыға жол тартты. Қазақ­­тың қарашаңы­рағы Мем­­ле­­кет­тік уни­вер­ситеттің журна­­­лис­­тика фа­куль­тетін бітіріп, сонда еңбек жолын бастады. Шен­ді офицер ретінде екі жыл Бурят-Моң­ғо­лияда әскери қыз­метін өтеді. Одан соң Алма­тыдағы «Жалын» баспа­сында, он үш жылдай Қазақ Совет эн­­циклопе­диясында, оның «Өнер» бөлімінде аға редактор бо­лып қызмет атқарды.

Расын айту керек, Сейсен­нің өлеңге құлаш ұрып, әде­биетке ұмтылысы ерте бас­тал­ды. Табиғат берген таланты оның көңілін мазалап, жүрегін тын­шытпады. Содан бері ол ақын, өнер зерттеуші, әрі де­рек­ті жазушы ретінде өнімді еңбек етіп, оқушы талға­мына лайық шығармалар беріп келді. Студент шақтан баста­лып, ең алғаш 1967 жылы «Бүл­дір­шін» деген атпен жарық көр­ген тұңғыш кітап, «Құм кешкен керуен» (1971 ж), «Қара ша­ңы­рақ» (1971 ж), «Сап­та­ғы сар­баз» (1974 ж), «Нұр­лы жү­рек» (1975 ж), «Тағы бір көк­тем» (1978 ж), «Күн жел­кен» (1990 ж), «Нұр-тоғыс» (1982 ж), «Су­рет­­шінің балалық шағы» (1996 ж), «Қорқыт ата» (1998 ж), «Кәм­­песке» (1997 ж) деп ата­ла­тын өлеңдер мен поэмалар жи­нағына ұласып, бірінен соң бірі «Жалын», «Жазушы» бас­паларынан жарық көріп жатты.

Сейсен поэзиясына тән жа­ңалық өлең құрылысы мен ой тереңдігінде жатыр. Мәселен:

Келін сүйген тамағыңа,

ерініңе тиіспейін,

Елден келген баласың ғой,

маңдайыңнан иіскейін.

Татып келдің туған жердің

дәм-тұзын,

Құшып келдің қызғалдағын,

қыздарын.

Көріп келдің аруақтай

шалдарын,

Көріп келдің періштедей

балдарын.

Жақындашы маңдайыңнан

иіскейін, –

«Туған жерді сағыну» ата­латын өлеңінде ақын образды ой айтып, көркем сурет салады. Тағы бір өлеңінде:

Сөкпегін мені сөкпегін,

Серідей көрген серігім.

Жетісіп жүр ғой деп пе едің,

Мен саған жаным,

Өмірімнің өлі арасында

жеткенмін.

Тасып бір жүр ғой

деп пе едің,

Шығармай жүрген

жанымды.

Төзімім ғой тек менің.

Ақын ойы, көңіл толға­ны­сы осындай. Кеш келген ма­­хаб­баттың қадірін өмірімен өлең­ге өрнек еткен. Өлең құры­лы­сында, үндестік гармония, жа­ңалық, елең еткізерлік тебі­реніс байқалады.

Тағы бір өлеңінде:

Қаратаудың етегінен

ағып жатыр ақ сағым,

Сылдырындай ақшаның,

Иісіндей бақшаның.

Ақ сағымға шомылғанда

ақша қыз,

Гүл жарады біздің сезім

бақшамыз.

Иә, Сейсен өлеңінде ой қозғар, терең тебіреністер же­­тіп-артылады. «Замана», «Қа­ра­құм», «Күн батып, таң ат­қан­ша», «Бекзат» поэмалары да ақын­ның алғашқы қалам сіл­­­теген кезінен бастап эпика­лық жанрларға төселіп, ши­ры­ға түскенін дәлелдейді. Мә­­­селен «Замана» аталатын поэ­­­ма­сында Алатаудың ақ­иы­ғы атан­ған әнші-жыршы Ке­нен Әзір­баевтың өмірі, өнері өзек болады.

Сейсен поэмаларының не­гіз­гі арқаулы өнер адамдары, замана тұлғасы атанған сұң­ғыла суреткерлер, суретші, та­ғы бас­қалар. Оған оның «Рем­брант», «Махаббат аполо­гиясы», «Вин­сент вангог» поэ­ма­лары мен «Қорқыт ата» дастаны. Оның бұл шығар­малары қазақ поэ­зиясына қосылған елеулі дүниелер ретінде танылған. Бұл турасында белгілі әдебиет зерттеушісі Қ.Салғарин кезінде орынды баға айтып, Сейсеннің «Қорқыт ата» дастанын поэ­зия­ның биік шыңы деп баға береді.

Сейсен бүгінгі көзі ашық оқырманға тек ақын ретінде емес, тарихи ғұмырнамалық та­­­маша туындылар жазған жа­зушы-шежіреші ретінде та­ныл­­ған. Атап айтар болсақ оның қазақтың ұлы суретшісі Қа­­напия Телжановтың өмірін арқау еткен «Атамекен» (1985 ж) аталатын зерттеу ғұмыр­на­малық-тарихи хикаяты.

Сондай-ақ қазақтың ұлы тұлғаларының бірі Шоқан Уә­лихановтың туғанына 150 жыл толуына байланысты зерттеп, жазған көлемді еңбегі «Шоқан және өнер» (1985 ж) кітабы. Еңбек Ері, Қазақтың белгілі қаламгері Ғабит Мүсіреповтің беташар тілегімен «Өнер» бас­пасынан 1985 жылы жарық көр­ген бұл кітаптың оқыр­манға берер тағылымы, тәр­биесі әрине өз алдына. Уақы­тын­да жоғарыдағы екі кітапта шы­ғармашылық одақтар мен ғылыми мекемелер тарапы­нан оң бағасын алып, хал­қы­мыздың асыл қазына­лары­ның біріне айналғаны мәлім. Қа­зақ тарихындағы тұңғыш 12 томдық Қазақ Совет энцик­лопедиясындағы өнерге, қазақ­тың ою-өрнегіне, көне мұра­ларға қатысты дүние­лердің бар­­лығына да редак­торлық жа­сап, көпшілігін өзі жазып, ел­дің игілігіне лайықты үлес қос­қаны тағы да белгілі.

Сейсен бойына біткен қа­сиет соны ізге түсу, қиынға мо­­йынсынып, содан нәтиже шы­ғару еді. Шығармашылық жо­лында да ол осы қасиеттен айныған емес. Соның бірі соңғы жылдары тұтас ұлтымыздың азапты да азалы өткен ғасырын алдымызға жайып салатын «Кәм­песке» атты көптомдық та­рихи-анықтамалық басылым. Ол осы еңбекті дайындау үстін­де архив құжаттарын ақтарып, көз майын тауысып еңбек жа­сап бірінші томын шығарып үл­герді.

«Жалын» баспасының тап­сыруымен жазылған көптом­дық кітаптың Сейсеннің көзі тірісінде І ші томы ғана шы­ғып, оқырманға тиді. Екіншісі жа­зылып, үшіншісінің мате­риал­дары сұрыпталып жазы­лып бітпеді. Атынан кө­рініп тұр­ғандай, бұл кітапта қазақ халқын отаршыл Ресей тара­пы­нан жер-суға, мал-мүлікке, қала берді, рухани кәм­пескеге душар еткен сол бір аласа­пыран уақыттың көмескі келбетінің пердесі ашылған.

Сейсеннің жан-жақты­лығы­ның тағы бір дәлелі ол 1970 жылдан бастап бірыңғай баспагерлік іспен шұғыл­данып, қазақ өнерінің тарихына қа­тысты иллюстра­циялы өте күр­­делі басылымдарға сарап­шы­лық жасап, бұл бағытта да керемет шаруалар тындырды. Өнер, өнердің мәні, ұлттық өнердің құдірет күші турасында мерзімді басылымдарда үзбей материалдар жазып жүрді.

Жалпы ақын Сейсен, аза­мат Сейсен жайлы, оның шы­ғармалары туралы ұзақ айтуға болады. Әрбір поэзия­лық шы­ғармаларына, ғұмырна­малық хикаяттарына талдау жасап, пікір бөлісудің өзі ұзақ сонар әңгіме желісіне жететіні аян. Бірақ біздің міндетіміз ол емес. Талантқа тағзым ете оты­рып, ақын-азаматтың туған жер перзенті болғандығынан шы­ғар­машылық жолына аздап барлау жасап, көпке таныс­ты­ру ғана. Көзі қарақты, кө­ңілі ояу оқырман қауымның осы әң­гімеден соң Сейсен өлең­де­ріне творчествосына те­рең­дей назар аударатынына, баға­сын өздері беретініне мен де толық сенімдемін.

Сөз соңында айтарым үш бірдей Одақтың (Жазушылар, Журналистер, Суретшілер) мү­шесі, тұнба таланттың иесі, тың тақырыптың түренін сал­ған ақын Сейсеннің атын қастер­леп, туған ауылындағы №208 (Кей­ден) мектепке есімін беру жөніндегі аудан зиялыларының ұсынысын жоғары жақ қолдап нәтиже шығарып жатса онда оны әдебиет пен өнерді қастер­лейтін зиялы қауымның оң қа­дамы әрі Сейсен ақынға жа­салған зор құрмет деп түсінер едім. Ақынын қастерлеген ел қашанда биікте тұрары хақ.

Файзулла САХИЕВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы