Тамыр бүлкіліндегі сарын

355

0

Тамыр бүлкіліндегі сарын Домбыраның сазды әуені құлағына жеткен адамның жүрегі жылитыны, бойына шуақ құйылатыны нендей құдірет екен? Қос ішектен күмбірлеген қоңыр үн қазақтың қанына сіңгені туралы талай әңгіме естігеніммен, атақты жырау Алмас Алматов жазған мына оқиға таңғалдырмай қоймады.

– 2002 жылы АҚШ-тың Вашингтон штатындағы Смитсони университетінде  өткен  дүниежүзілік музыкалық-этнографиялық көрмеге бардық. Америкалықтар асырап алған қазақ баласы Ерик (Ерік) Сорано біздің шақырғанымызға келмеді. Сосын қолыма домбырамды алып шертіп-шертіп жібергенде табалдырықтың алдына барған бала құстай ұшып келіп, мойнымнан тастай қылып құшақтады. Жүрегі жүрегімнің үстінен дүрсілдеп соққанда көзімнен еріксіз жас кете берді. Домбыраны қолына ұстатқанда біреу үйретіп қойғандай шерте бастады. ­Ата-анасы еріксіз басын шайқап, таңданысын жасырмады. Елшіліктің азаматтарымен келісе отырып, америкалықтар асырап алған балаларды қонаққа шақырып, тұсаукесер той жасадық. Шебер Балтабай Ыбырайұлы әр балаға қамшы сыйлады. Қимай қоштастық, – деді ол.

Қаны қазақ болғанымен, тілі басқаша шыққан, мұхиттың ар жағындағы жат елде өсіп келе жатқан балдырған домбыра даусын бірінші рет естіп тұр. Дегенмен, түп негізінде, тамыр бүлкілінде үзілмеген сарын қалғаны ғой. Американдық Ерик Сорано да есейіп, ержеткенде атамекенін, домбыра үнін іздейтін шығар.

Осындай оқиғалар қазақпен бірге жасасып, ұлттың қайғы-мұңын да, шаттық-қуанышын да жырлап  келе жатқан киелі домбыраның қасиетіне бас игізе береді.

Елбасы – Тұңғыш Президент Жарлығымен былтырдан бері атап өтіле бастаған Ұлттық домбыра күні қазақпен біте қайнасқан ұлы аспаптың ұрпақ үшін ұлы мұра екенінің айғағы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<