Тапсырма тиянақты орындалуы тиіс

427

0

Тапсырма тиянақты орындалуы тиіс  Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен кезекті аппарат мәжілісі өтіп, күн тәртібіне сәйкес бірқатар мәселелер талқыланды. Оның алғашқысы облыс әкімінің 2018 жылға арналған іс-қимыл жоспарының орындалу барысына арналып, ол туралы облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Сәуле Құлымбетова хабарлама жасады.

Хабарламашы атап өткеніндей, Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүм­кіндіктері» атты Жолдауынан, мемлекеттік және үкіметтік бағдар­ламалардан туындайтын міндеттерді өңірде жүйелі жүзеге асыру үшін 2018 жылдың 12 ақпанында «Қызылорда облысы әкімінің 2018 жылға арналған бірінші кезектегі іс-қимыл жоспары» қабылданды. Барлығы 310 іс-шарадан тұратын жоспардың орындалуына мониторинг жүргізілген. Оның нәтижесі облыстық мекемелер тарапынан жоспарды орындау жүйелі түрде атқарылып келе жатқанын көрсетті. Талдау көрсеткендей,  310 тармақтың бүгінде 37 тармағы орындалған (12%), 3 тармағы орындалмаған (1%), ал қалған 270 тармақ (87%) бойынша жұмыс жүруде. Ал, 270 тармақтың 56-сы ұзақ мерзімдегі іс-шаралар екенін ескеретін болсақ, жыл аяғына дейін нақты 214-і орындалуы тиіс.

Басқарма басшысы іс-қимыл жос­пар­ындағы орындалмай жатқан тар­мақтарға тоқталып өтті. Соның бірі – облыстық аймақтық туристік брендін әзір­леу об­лыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасына тапсырылған. Алайда, ҚР Премьер-Министрі Б.Сағынтаевтың 2018 жылғы 19 қаңтардағы өкімі бойынша «Қазақстанның елдік туристік брендін» әзірлеу тапсырмасы қойылған. Осы себептерге байланысты аймақтық туристік брендін әзірлеу мәселесі өзектілігін жоғалтқан.

Басқарма басшысы Жаңақорған ауданының Аққұм елді мекенінде салынған 100 орындық мектептің құрылысын аяқтау мәселесіне орай түсіндірме беріп өтті. Жоспарға сәйкес нысан ағымдағы жылдың 2-ші тоқсанында пайдалануға берілуі тиіс болатын. Мектеп құрылысы аяқталғанымен, нысан су және электрмен жабдықталмаған. Оның басты себебі – мектепке су және электр көздері тартылатын ауылдағы басты су ғимаратында жөндеу жұмыстарының жүргізілуі. Яғни, мектептің толық пайдаланылуы осы су ғимаратындағы жөндеу жұмыстарының аяқталуына байланыс­ты болып отыр.

Қызылорда қаласының сол жағалауында емхана құрылысына қажетті құжаттарды әзірлеу де жүзеге аспаған. Үшінші тоқсанда орындалуы тиіс жоба облыстық денсаулық сақтау басқармасының ұсынысы бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде жүзеге асатын жобалар тізімінен алынып тасталынған.

Аймақ басшысы орындалмай жатқан іс-шаралар бойынша жауапты тұлғаларға, сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Ол іс-қимыл жос­пары бойынша жауапты тұлғалардан қатаң сұраныс болатынын ескертті және жоспарға өзгерту енгізу тек бір ғана мезгілде, яғни 1 тамызда ғана болатынын айтты.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе Мемлекет басшысының 2018 жылғы 30 мамырдағы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында берген тапсырмаларының өңірімізде орындалу барысы туралы болды. Ол туралы облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы С.Құлымбетова кеңінен ақпарат беріп өтті.

Облысымызда жекешелендірудің кешенді жоспары жүзеге асырылуда. Жекешелендіруге жататын 15 нысанның тізімі жасалып, оның 8-і 2016-2017 жылдары жекешелендірілсе, 2 нысан жойылған, қалған 5 нысан бойынша жекешелендіру жұмыстары жүруде. Жалпы өңірлік өнім көлеміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 2017 жылы 13,3 %-ті құраса, 2018 жылға болжам 14%. Бүгінде, жаппай кәсіпкерлікті дамытудың Жол картасы тиімді жүзеге асырылуда. Аталған құжат төңірегінде кәсіпкерлерді қаржылай қолдауға аса мән берілуде, әсіресе ауылдық елді мекендерге шағын несие беруді арттыруға баса назар аударылған.

Биылғы жылдың өзінде «Өңірлік Инвестициялық орталыққа» облыстық бюджеттен 1 млрд теңге бөлініп, бүгінде микробизнес субъектілерінің 280 жобасы қаржыландырылды. Оған қоса, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы шеңберінде 2,3 млрд теңге бөлініп, бүгінде оның 634 млн теңге құрайтын 162 жобасына қолдау көрсетілді. Ал, «Бизнестің Жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде 1,3 млрд теңге бөлініп 300 жоба қолдау тапты.

      Өңдеу өнеркәсібін дамыту және инвестициялар тарту бойынша Индустрияландыру картасы шеңберінде мақсатты жұмыстар жүргізілуде. Бағдарламаның бірінші бесжылдығында 22 жоба жүзеге асырылып, бүгінде оның 16-сы өнім өндіруде. 1700 адам жұмыспен қамтылған. Ағымдағы жылдың 6 айында осы жобалар аясында құны 11 млрд теңгеден асатын өнім өндіріліп, өсім 30 пайыздан асып түсті. Ал, бағдарламаның екінші бесжылдығында құны 620 млрд теңге тұратын 26 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында «Инвестициялар тарту Кеңесі» жұмыс атқаруда. Агроөнеркәсіп кешеніне қарқынды даму үстінде. Мәселен, жалпы өңірлік өнімдегі саланың үлесі 2013-2017 жылдар аралығында  2,5 проценттен 3,7 процентке дейін артып отыр. Ағымдағы жылдың 6 айында салаға тартылған инвестиция көлемі 85 процентке, өндірілген ауылшаруашылығы өнімінің көлемі 2,7 процентке, ал тамақ өнімдерінің өндірісі 15 проценттен астамға артқан.

      Саланың экспорттық әлеуетін арттыру және тұтыну нарығын кеңейту мақсатында «2018-2022 жылдарға арналған облыстың агрокартасын» жүзеге асыру бойынша егжей-тегжейлі іс-шаралар жоспары бекітілген. Аталған іс-шара жоспары аясында биылғы жылы құны 7 млрд теңгеден асатын 10 жоба бастау алмақшы. Бюджет қаржыларының жүктемесін азайту мақсатында бүгінде мемлекеттік-жекешелік механизмі кең көлемде пайдаланылуда. Қазіргі таңда, өңірде экономиканың әр түрлі салаларында құны 30 млрд тенгеден асатын 73 МЖӘ жобалары жүзеге асырылу сатысында.  Бүгінгі күнге 2,5 млрд теңгені құрайтын 10 жоба бойынша МЖӘ шартына қол қойылды. Әлеуметтік қамсыздандыру мәселесінде «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы» аясында еңбекпен қамтудың белсенді шараларымен 3 998 жас қамтылды.

      Елбасы тапсырмаларын орындау мақсатында «Өңірлік іс-шаралар жоспары» бекітілді және оның төңірегінде жұмыстар жыл бойы жалғасатын болады. Осы ретте облыс әкім барлық бюджеттік бағдарлама әкімшіліктеріне мемлекет басшысының қатысуымен өткен Қауіпсіздік кеңесінде берілген тапсырмаларды іске асыру бойынша бекітілген іс-шаралар жоспарын мүлтіксіз және мезімінде орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

      Елбасының «Ұлт жоспары – 100 нақты қадамының» 42-қадамына сәйкес Салық кодексінің 71-тарауымен жалпыға бірдей декларациялауды ендіру қабылданды және 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап заң талабы қолданысқа енгізіледі. Осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы облыс бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Серік Мұстафаев айтып өтті

      Декларация тапсырған кезде жеке тұлғалар өз аттарындағы тіркелген барлық жылжымайтын немесе жылжитын мүліктердің тиісті тіркеу деректерін  көрсетеді. Оған жердің кадастрлық нөмірі, орналасқан мекен-жайы, автоколіктің маркасы, vin-коды, қозғалтқыш көлемі, мемлекеттік нөмірі, банктегі қаражат сомасы немесе қолдағы қаражаты, иелігіндегі жеке мүлкі мен шетелдегі мүлкі, заңды тұлғаларға қатысты құрылтайшы болуы немесе қатысу үлесі сияқты деректер толтыруға жатады. Декларацияны Қазақстан Республикасының кәмелетке толған азаматтарының барлығы тапсырады. Ал, Қызылорда облысында шамамен 400 мың адамнан астам тапсырады деп күтілуде.

      Қаржы министрі бұйрығымен «Жеке тұлғалардың кірістері мен мүліктерін жалпыға бірдей декларациялау және уәкілетті органдарының мәліметтер базасын өзектендіру жол картасы» бекітілді. Онда жергілікті атқарушы органның Әділет министрлігімен, Ішкі істер министрлігімен, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес АҚ-мен, Ауылшаруашылығы министрлігімен, басқа да құзырлы органдармен интеграциялау жөнінде бірлесіп атқаратын іс-шаралары нақтыланған. Жол картасына сәйкес  ағымдағы жылдың 10-шы қарашасына дейін уәкілетті мемлекеттік органдардың деректер базасын жаңарту бойынша іс-шараларды аяқтау тапсырылды. Осы жылдың 1 шілдесіне дейін Депаратмент басшысы уәкілетті органдардың тіркеу деректерінде орын алған қателіктер үлесі 22,9 пайызды құрап отырғанын атап өтті. Қателіктер  жеке тұлғалардың үй іргелік жер учаскелеріне, жеке тұлғалардың мүлкіне, жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскелері мен қосалқы үй шаруашылығын жүргізуге берілген жер учаскелеріне қатысты орын алған. Қазіргі таңда Мемлекеттік кірістер депатаменті  әділет департаменті, ішкі істер департаменті, көліктік бақылау инспекциясы, ауыл шаруашылық басқармасы секілді уәкілетті органдармен  қайтадан салыстыру жасап, қателіктерді дұрыстау жұмыстарын жүргізілуде. Облыс басшысы бұл іс-шараны Елбасы Ұлт Жоспарында бекіткенін атап өтіп, сапалы және мерзімінде орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Мәжілістегі соңғы талқыланған мәселе жолаушы тасымалындағы заңсыздықтарға арналды. Ол туралы баяндаған облыстық көлік бақылау инспекциясының басшысы Ержан Жолдасов тұрақты жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалардың жұмысына тұрақты емес тасымалдаушылар кесірін тигізіп жатқанын жеткізді. Мәселен, облыс орталығынан оңтүстік бағытта заңдастырылған тұрақты маршрут бойынша 30 орта және үлкен сиымдылықтағы автобустармен бірге 170-тен астам тұрақты емес такси қызметін атқаратын шағын автобустар мен жеңіл автокөлік қатынауда. Ал батыс бағытына заңдастырылған 80-нен астам автобустармен қатар 500-ден астам тұрақты емес такси қызметін атқаратын жеңіл автокөліктер жүреді. Сондай-ақ қаладағы 48 өздігінен шоғырланған такси тұрақтарын қоспағанда тапсырыспен жұмыс атқаратын «Yandex»,» Жұлдыз»,  «Deluxe» диспетчерлік пунктері мен «Indraiver» бағдарламасы қызмет атқаруда. Бұл диспетчерлік пункт, индрайвер бағдарламы арқылы жұмыс атқаратын жеке тасымалдаушылар такси қызметі ретінде  мемлекеттік кірістер органдарына тіркелмеген, жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге кері әсерін тигізді.

Аймақ басшысы облыстағы жол коммуникациялық желілері бұрынғы кезеңмен салыстырғанда анағұрлым жақсарғанына назар аударды. Халықаралық автодәліз жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта оның Арал мен Қызылорда аралығындағы бөлігін төрт жолақты етіп жасау жүзеге асатын болады. Сондықтан жолаушы тасымалында халықтың қауіпсіздігі мен  денсаулығы бірінші орында болуы керек. Осыған байланысты Көлік бақылау инспекциясы басқа құзырлы органдармен бірлесіп жолаушы тасымалында жаңа жылға дейін тәртіп орнатуы керек. Осы салада жұмыс істеп жатқандар толығымен тіркеуге алынуы тиіс. Олар заңды түрде жұмыс істеп, тиісті салығын төлеп, сонымен бірге қауіпсіздік үшін жауап беретін болады. Соған орай техникалық және медициналық бақылау бекеттерінің ашылуын қамтамасыз ету қажет.

Мәжілісті қорытқан аймақ басшысы жоспарланған жұмыстардың дер кезінде орындалуы қажеттігін еске салып, тиісті сала өкілдеріне тапсырма жүктеді.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<