Тарифтің төмен болғаны кімге тиімді?

75

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Turkistan» газетінің бас редакторы, белгілі ақын, публицист Бауыржан Бабажанұлына берген кең көлемді сұхбатын оқып шықтым. 

Президент өткен жылды қорытындылап, эко­номикадағы өсімді жоғары бағалап, бірақ тоқ­мейілсуге болмайтынын атап өтті.  «Тегіс жолдың өзінде тосқауыл бар» деген шығыс даналығын мысалға келтіріп, тынымсыз еңбек­тенудің, алға ұмтылудың маңызын айтты. Түйіні тарқатылмаған түйткілдерге де тоқталды.

Сұхбатта көп мәселе қамтылған. Соның ішінде айталық бір ғана энергетикалық және коммуналдық секторда жасалған реформа, әбден тозығы жеткен инфрақұрылымды қалпына келтіру жеткіліксіз, жұмыс тәсілін өзгерту, нағыз нарықтық тетіктер қа­лыптастыру қажет екені жан-жақты түсіндіріл­ген.

– Электр қуатының арзандығы кімге тиімді болды? Табысы шамалы көп балалы отбасыларға емес, ірі кәсіпорындарға өте тиімді болды. Арзан жанар-жағармайдың қызығын кім көрді? Әдетте қоғамдық көлікпен жүретін студенттер мен зейнеткерлер емес, билікке жақын жүретін, қазір жұрт олигархтар немесе олигополия деп атайтын кәсіпкерлер көрді. Коммуналдық қызметтердің тарифін төмен ұстап тұру кімге ыңғайлы болды? Әр түбіртектегі соманы уақытылы төлеп отырған адал азаматтарға емес, «коммуналдық былық-шы­лықты» пайдаланып, қалтасын қалыңдатқан дел­дал-кәсіпкерлерге қолайлы болды.  Посткеңес­тік кеңістіктегі ең төмен бағалар мен тарифтер Қазақ­станға тиесілі. Соның салдарынан, біз амал­сыздан арзан жанар-жағармайды көрші мемле­кет­терге астыртын тасымалдайтын, сол арқылы олар­дың экономикасына демеу көрсететін елге айналдық.

Сол себепті, тарифтің төмен болуы қарапайым тірлік кешіп жатқан адамдарға пайдалы деген жалған сенімнен арылатын уақыт жетті. Іс жүзінде бұл – ауқатты азаматтарға жасырын түрде берілетін субсидия, – деді Мемлекет басшысы.

Тарифтердің көтерілуі кім-кімге де оңай тимейді. Бірақ тұтынған қызметіңе сай ақысын төлеу – тиімді және әділ экономиканың алғышарты. Төлем жүйесіне енгізілген сараланған тәсілдің алғашқы нәтижелері де көзге көріне бастады. Қуат көзі мен суды барынша үнемдеп пайдаланатын тұрғындар тұтынудың әлеуметтік нормасына сәйкес ең төменгі тарифпен ақы төлейді.

Бұл – сұхбаттағы өзекті мәселенің бірі. Өзге де қоғамды алаңдатқан жайттар ашық әрі дәйекті түрде айтылған. Сондықтан Президент ұстанымына үн қосу маңызды деп білемін.

Серік ДҮЙСЕНБАЕВ,

облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы